«Көне Тараздың» көрме залы

Бұрын Тараз тұрғындары мен қала қонақтары қыдырып, серуендейтін көрікті жерлер аз болғаны жасырын емес. Облыстың 80 жылдық мерейтойына орай бірқатар нысандар пайдалануға беріліп, қаланың ажары ашыла түсті. Көпшілік серуендейтін мәдени-тынығу орындары көбейді. Бір ғана «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің өзінен бірнеше жаңа нысан пайда болды. Олардың барлығы да тағылым алуға татитын ғажап ғимараттар. Солардың бірі – Көрме залы десек болады.Қос қабаттан тұратын көркем ғимарат шығыстық үлгіде салынып, іргетасы жаңа архитектуралық талаптарға сай көтерілген. Самарқанның сапалы кірпішімен қаланған ғимараттың көркіне көз тоймайды. Көк күмбезі алыстан менмұндалап тұр. Облыстық халық шығармашылығы орталығы техникалық бөлімінің басшысы Бекасыл Жетібаевты біз осы жерден кездестірдік. Ол бізге жолбасшы болып, ғимаратты аралатты. 

Бірінші қабаттың кіре берісіндегі фойеге жайлы, жұмсақ дивандар қойылған. Одан ары өтсеңіз, үлкен көпшілік залы бар. Мұндағы залға 800 адам сияды. Бүгінде үш жүздей орындық қойылып, іс-шараларды өткізу басталып кетіпті. Жыл соңында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің облыс журналистерімен жүздесуі осы залда өткенін айта кеткен жөн. Жуырда бір апта бойы облыстық халық шығармашылығы мен облыстық «Кино орталығы» бірлесіп, балаларға арнап фильмдер көрсеткен. Зал толы болыпты. Балалар осындай заманауи стильдегі кең залда кино көргендеріне қуанып қайтқандары анық. Алдағы уақыттарда мұнда республикалық, облыстық деңгейдегі көптеген іс-шаралар өткізілмек. Кең зал жабдықталуымен де ерекше. Жаңа жиһаздар көз қуантады.
Ал екінші қабатта кіші мәжіліс залы орналасқан. Мұнда да үлкен үстелдер, жайлы орындықтар қойылған. Түрлі іс-шаралар өткізуге толық жабдықталған.
– Көрме залы – өңірміздің мәдени саласындағы көрікті ғимараттың бірі және түрлі іс-шаралар өткізетін еңселі нысан ретінде бағаланып отыр, – дейді облыстық халық шығармашылығы орталығы техникалық бөлімінің басшысы Бекасыл Нұрланұлы.

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Суреттерді түсіруге Ақәділ рысмахан.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/