- Advertisement -

«Көне Таразға» көрік берген қолөнершілер орталығы

256

- Advertisement -

«Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніне көрік берген жаңа ғимараттың бірі – облыс әкімдігі туризм басқармасына қарасты қолөнершілер және туризм орталығы. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің жаңашыл бастамасымен бой көтерген орталық өңірімізге өте қажет болатын. Енді бұл орталық алдағы уақытта облыс туризмінің дамуына айтарлықтай үлес қосатыны анық және өңірдегі қолөнершілерге үлкен қолдау жасайтыны да анық. Ғимарат шығыстық келісті үлгісінде салынып, Самарханның сапалы кірпішімен қаланған. Әсемдігі алыстан көз тартады. Қос қабаттан тұратын орталықтың ішкі үйлесімі де сәулет өнерінің екені көзге көрініп тұр.
Бірінші қабатта «Қолөнер бөлімі» орналасқан. Мұнда өңіріміздің 51 қолөнер шеберінің өз қолдарымен дайындаған бұйымдары қойылған. Мәселен, «Рысбаева және К» компаниясының кәдесый заттары келушілердің көңілін еріксіз аударады. Мұндай бұйымдар өзге облыстан, шетелдерден келген туристерге өте қажет болары сөзсіз. Сондай-ақ қолөнер шебері Зере Алжанқызының қолынан шыққан шынтақ жастық, мойын жастық, түрлі бөстектер, қобдишалар, әшекей бұйымдар қашан да сұранысқа ие.
Қазақы нақыштағы шахмат тақтасына, ауыл көріністері бейнеленген ұлттық бұйымдарға көңіліміз бірден ауды. «Қазақтың жайлауы» деп аталатын қолөнер бұйымы да ерекше. Ұлттық нақыштағы осынау бұйымдар «Жәми» фирмасының өнімдері екен.

Көркемсурет галереясының кіші залы түгелдей неміс суретшісі Леонид Брюммердің еңбектеріне арналған. Оның орынды себебі де бар. Л.Брюммер шеберлігі толысқан кезде салған бүкіл туындыларын Тараз қаласына арнаған екен. Оның өз қолымен салған 1200 картинасы кіші залға қойылыпты. Бұл залды тамашалаушылар да көп. Себебі неміс суретшісінің қылқаламынан шыққан картиналар еріксіз назар аударады. Бұл көркемсурет өнеріне жаңадан ден қойып жүрген жастар үшін бағыт-бағдар сілтеп, шабытын оятатыны анық.
Ал галереяның екінші қабаты «Art.Vicasso» балалар студиясының көркемсурет үйірмесіне арналған. Мұнда дарынды 25 жасөспірімнің сурет өнері бойынша қабілетін дамытуға мүмкіндіктері бар. Қазірдің өзінде бірқатар балалардың картиналары осындағы көрмеге қойылып үлгеріпті. Осы ретте галереяның жай ғана суреттерді тамашалайтын жер ғана емес, талантты балаларды қолдауға арналған шеберлер ордасы екенін де байқауға болады.
Галереяны алғашқылардың қатарында Қазақстанның Еңбек Ері, Халық әртісі Асанәлі Әшімов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов, Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Мұратбай Жолдасбаев, Абдалы Нұралиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қожахан Жабағиев тамашалап, риза болған.
Біз барғанда Тараз қаласындағы білім ұяларынан келген жүздеген оқушы ұстаздарымен бірге осы мекемедегі көрмелерді тамашалап жүрді. «Бізге суреттер өте ұнады. Қазақтың көкпары мен киіз үйі, асығы туралы да кеңінен біле түстік. Алған әсеріміз ерекше», – дейді Т.Рысқұлов атындағы №48 орта мектеп оқушысы Інжу Жақсылық.
– Мұнда алты адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Одан бөлек көркемсурет студиясы да біздің бірқатар бөлмелерімізді жалға алып жұмыс істейді. Қазірдің өзінде талапты балалардан сұраныс көп. Облыс суретшілерімен де бірігіп біраз жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Мұнда өңір суретшілерінің шеберліктерін шыңдауға барлық мүмкіндік бар, – дейді көркемсурет галереясының меңгерушісі Балнұр Райқұлова.

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support