- Advertisement -

Қарт ананың қайсарлығы

58

- Advertisement -

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ақтоған ауылының сексен үш жастағы тұрғыны Айнагүл Таутиева еңбектен қол үзбей келеді. Немересі Бекжанның есімімен аталатын «Бекжан» шаруа қожалығын басқарып келе жатқанына да біраз жылдың жүзі болыпты. Қожалық жылда 17 гектар алқапқа картоп, жоңышқа өсіреді.
Еңбекке ерте араласқан қария ұлдары мен немерелеріне шаруаны қалай жүргізудің, малды қалай баптаудың қыр сырын үйретумен келеді. Шағын ғана шаруашылықтың жұмысын ұршықша иіріп әкеткен оның тапсырмасын ұлдары да, келіндері де, немерелері де тақ тұрып орындауда. Бәрі де осы ауылда өніп-өсіп жатыр екен.
Боқтыбай сазында (қазіргі Жаңаталап ауылы) дүниеге келген Айнагүлдің ұлты – қырғыз. Үйдің үлкені болғандықтан да еңбекке ерте арласып, ата-анасына қолғабыс еткен. Көрші Ақтоған ауылындағы мектепке арбамен қатынап оқыпты. Бойжеткен соң сол ауылдың жігіті Темірбек Райымбековке тұрмысқа шыққан. Отағасы екеуі алты ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Олардың барлығы өз алдына шаңырақ көтеріп, үйлі баранды болып кетіпті. Айнагүл әже қазір кіші ұлы Жәнібек пен келіні Құралайдың қолында тұрып жатыр.
Үйленген соң жұбайы екеуі өз алдына бір отар қой алып,14 жыл колхоздың малын бағады. Мал соңында жүргенде аяғы ауыр ол ортаншы ұлы Бекболын тау етегінде босанып қалып, кіндігін де өзі кескен екен. Одан кейін тана бағыпты.
– Біз көп қиындық көріп өстік. Малда жүргенде балаларымыз жас болды. Жұбайымның бір өзі жұмыстың қай шетіне жетсін. Ол демалсын деп қыстақтың маңына малды айдап шығып, талай қой да, тана да бақтым. Қыс айларында шана сынып қалғанда малға шөпті арқалап тасыдым. Үш жүз бас танаға таңның атысы-күннің батысы шөп тасып беріп көр. Соны біз қиналмай істедік. Мені аяйтын болуы керек, ара-тұра көрші ауылдан інім Қара келіп көмек беріп тұрды, – деді ол.
Қазір інісі Қара Мәскеуде, сіңлісі Ұлбике Қырғыз Республикасының Грозный ауылында тұрады. Ал Айнагүл әженің жұбайы Темірбек 55 жасында өмірден өткен. Бүгінде ұл-қызынан 36 немере, 18 шөбере сүйіп отыр. Қарап отырмай жүн түтіп, киіз басады. Ұршық иіріп, немерелеріне шұлық тоқиды.
– Менің басымнан не өтпеді. Талай рет мал бағып жүргенде түз тағысымен бетпе-бет келіп, жыртқыштың аузынан малды арашалап алып қалған кездерім де аз болған жоқ, – деді қария.
Ол оқиғаны Айнагүл әжеден тәптіштеп айтып беруін сұрадым.
– Жұбайыма түскі тамағын әкеліп бердім. Ол тамақ ішіп отырғанда тұс-тұсқа шашырай бастаған қойдың басын жинап, иіре қояйын деп, өзекке түскенім сол еді, жайылып жүрген қой аяқ асты үркіп маған қарай ұмтылды. Қарасам түз тағысы бір қозыны арқасына салып алып, бүлкілдеп Көксай каналына қарай жөней берді. Жалма-жан үстімдегі шапанымды шешіп алып, соңынан айқай салып тұра қудым. Соңына қуғыншы түскенін көрген ол бетон каналға жетіп, қозыны тастай салып, каналдан қарғып өтіп кетті. Сөйтіп қозыны қасқырдан арашалап аман алып қалдым, – деді күліп.
Оның қасқырмен келесі кездесуі қара күзде болыпты. Қыстақ маңында мал жайып отырған ол жақын маңнан ұлыған түз тағысының үнін ести салып, алдындағы қойды қораға қарай қуа жөнеліпті. Мал да бірнәрсені сезген болу керек, қыстаққа лап қояды. Малшының әрекетін сезген түз тағысы қарап қалсын ба, аузын ақситып, қарсы тұра шауыпты. Бір қора малды тырқыратып қуып келе жатқан Айнагүл артына қараса қасқыр өзіне атылғалы келеді екен. Сол сәтте отын жинай келермін деп үйден ала шыққан дәу қанар қаптың аузын ашып, тұра қалады. «Шынымды айтсам бұл ойдың басыма қалай келгенін әлі күнге білмеймін. Бәрі қас қағым сәтте болды», деді ол. Ал қасқыр сол екпінімен келіп секірген бойда қапқа күмп етіп сүңгіп кетіп, екпінімен оны да құлатады. «Жерге бір екі аунап барып тұрдым да, қайта қаша жөнелдім. Қасқыр қаптан босап шығам дегенше ұзап кеттім. Әбиір болғанда малдың алдынан жұбайым шығып, аспанға мылтық атпағанда, ол түз тағысы екінші қайтара ұмтылғанында мені тірі қояр ма еді, кім білсін?» – деді қария. Сөйтіп жалғыз жортқан түз тағысынан аман қалыпты.
Үшінші рет қыстақта отырғандарында қораға қасқыр түсіпті. «Сол күні жұбайым екі кештің арасында ауылға барып келемін деп кеткен. Үйде мен балалармен жалғыз қалғанмын. Балаларым болса жас. Кеш түсе иттер қыңсылап, қорада мал дүрлігіп кетті. Күн ұясына әлі бата қоймаған. Қой қорада қамаулы. Балаларыма: «Далада қасқыр бар, сыртқа шықпаңдар» деп қоржын тамның есігін тарс жауып, сыртқа шықтым. Шықсам, бір қасқыр қораның тесігінен ішке кіріп бара жатыр екен. Мен есікке тұра ұмтылдым. Түз тағысы кірген бойда бөліп қойған ақсақ қой-ешкіге ауыз салды.
Аш қасқыр қойсын ба, бірінен соң бірін тістеп, қырып барады. Амалым құрығаннан айқай салдым. Маған көмекке келе қоятын кім бар айдалада. Түз тағысы менің даусымды елең қылмады. Жыртқыштығын жалғастыра берді. Қораға кірер тұста бір жұдырықтай келтек ағаш тұрушы еді. Соны ала салып, мені көріп қаша ма деп тұра ұмтылдым. Бұл кезде ол тағы бір қойды тамақтан алып, жәукемдеп жатқан. Айқай салып жақындап қалғанымда, жемтігін тастай салып, маған ыр етіп тістерін ақситып тұра қалды. Келген екпініммен құлаштай келіп, қойып қалдым. Ағашым басына дөп тимесі бар ма? Құлап түсті. Аяғын бір-екі сермеп қайта тұруға ұмтылғанда тағы да бастырмалата қара тұмсықтан қойып-қойып жібердім. Аузынан сілекейі шұбырып, көзі қанталап кеткен түз тағысын осылай сойылмен соғып алған едім. Сөйтсем ол қасқыр құтырған болып шықты. Оның тісі тиген қойлар құтырып, ауыздарынан сілекейі шұбырып өле бастады. Өлексе етін жеген иттер де құтырып, көмекке мал дәрігерлері келіп, ауру ошағын жойған болатын», – деді қария.
Оның сөзін көршісі Нұртаза ақсақал да қостап: «Жеңгеміздің айтып отырғанының бәрі рас. Біз ол кезде жастау болсақ та Айнагүл жеңгеміздің қайсарлығын жақсы білеміз. Қасқырдан қалай аман қалғанын да, сойылмен соғып алған қасқырды да өз көзімізбен көрдік. Бұл кісінің бар өмірі еңбекпен өтті. Қой да, тана да бақты. Сауыншы да болып істеді. Енді қолындағы ұлы құрған шаруашылықты басқарып отыр», – деді ол.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support