- Advertisement -

Ұстазды ұлықтауды әркім өзінен бастаса

32

- Advertisement -

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдарға қол қойды» деген жаңалықты еліміздің мұғалімдер қауымы көптен күткен еді. Өйткені мұғалім мәртебесін арттыру мәселесі бұған дейін де күн тәртібінен түспей келген болатын.
Дәстүрлі тамыз кеңесіне ел Президенті тұңғыш рет қатысып, мұғалімдердің жағдайын көтеруге, жалпы білім мен ғылым саласын дамытуға қатысты келелі ойларымен бөлісіп, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктегені белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев онда отандық білім мен ғылым жүйесінің қордаланған 8 мәселесін шешуге қатысты сөз қозғағаны да, арнайы құрылған жұмыс тобының педагогтардан түскен (оның ішінде өзім де бармын), 18 мыңнан астам ұсынысын талдағаны да көңілге үміт ұялатты. Заң жобаларын дайындау барысында педагогикалық қызметті реттеудің халықаралық тәжірибесі де ескерілетіні айтылды.
Жаңа қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заң 19 баптан тұрады. Ол педагог еңбегін материалдық және материалдық емес ынталандыру шараларын қамтиды. Негізгі материалдық ынталандырулар – сынып жетекшілігі мен дәптерлерді тексергені үшін ақыны екі есеге өсіру, педагогикалық шеберлігі үшін қосымша ақы төлеу, барлық педагогтар үшін демалыс уақытын 56 күнге дейін көбейту, магистр дәрежесі үшін және тәлімгер болғаны үшін қосымша ақы төлеу және тағы басқа.
Материалдық емес ынталандыруларға мұғалімдердің жүктемесін төмендету, ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау кепілдігі, мұғалімдердің балаларына балабақшаларға бірінші кезекте орын беру, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасын бекіту мәселелері қарастырылған.
Басқаша айтқанда, бұл – мұғалімдердің оқыту мен тәрбиелеудің авторлық әдістерін әзірлеу және қолдану, оқу құралдарын таңдау, ақпараттық ресурстарды тегін пайдалану, біліктілікті арттыру және курстарды, тағылымдамадан өтуді таңдау бойынша педагогтың кәсіби құқықтары кеңейтіледі деген сөз.
«Білім беру саласында кәсіптік қызметін жүзеге асырған және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тиісті ұйыммен еңбек қатынастарында болған кезеңде адам педагог мәртебесіне ие болады» деп көрсетілген Заңның 4-бабында. Осы айтылған анықтаманы педагогтың материалдық қамтамасыз етілу құқығы (8-бап), педагогтың көтермеленуге құқығы (9-бап) және әлеуметтік кепілдіктер (12-бап) толықтырып тұрғандай.
«Педагог статусы туралы» Заңда 2021 жылдың қыркүйегінен бастап орта білім мекемелеріндегі педагогтардың нормативтік оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа төмендету, мұғалімнің демалысын ұзартып, еңбекақысын көбейту, халықаралық олимпиада, түрлі байқау және спорт жарыстарының жеңімпазын әзірлеген мұғалімді үш еңбекақы мөлшерінде сыйақымен марапаттау, ауылдық жерде тұратын мұғалімдерге жер телімін алуда басымдық беру, жоғары оқу орнынан басқа білім беру мекемелеріндегі мұғалімдерді әскерге шақыруды кейінге қалдыру, мұғалімдерді қызметіне қатысы жоқ шараларды атқаруға міндеттегені үшін айыппұл салу жайы да белгіленген.
Қорыта айтқанда, тұңғыш рет мемлекеттік құжатта мұғалім балаларға білім беріп, оларды тәрбиелеумен айналысуы керек деп атап көрсетілді. Педагогтарға жүктемені азайту, қажет емес инстанцияларға есеп беруден босату нормалары да қуантады. Алғаш рет тәлімгерлік мұғалімдердің дамуындағы жеке бағыт ретінде қарастырылып отыр. Заңның қабылдануы біздің мектептерге қажет жас және білікті кадрларды тартады деп үміттенемін.
Күлзинат Қарымбаева,
М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың филология
ғылымдарының кандидаты, доцент.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support