- Advertisement -

«Екінші ұстаз» іліміндегі «Қайырымды қала»

Әбу Насыр Әл-Фараби - 1150

252

- Advertisement -

Әбу Насыр әл-Фарабидың туғанына биыл – 1150 жыл. Осы атаулы датаға байланысты мынадай сұрақ туындайды: әл-Фараби әлемге несімен әйгілі және әлемдік мәдениетке қандай үлес қосты? Жалпы, әл-Фараби жайлы не білеміз? Әл-Фараби өз заманында ғылым мен философияның шырқау биігі болып саналатын Аристотельдің ілімін терең игеріп, оның негізінде мұсылман ғылымы мен философиясын дамытуға теңдессіз үлес қосқан және сондай ұлан-ғайыр еңбегі үшін көзі тірісінде-ақ «әл-Муаллим әс-Сәни», яғни Аристотельден кейінгі «Екінші Ұстаз» деген атаққа ие болған данышпан ойшыл.Көпшілік әл-Фарабиды Фараб қаласында туылған деп санайды. Ал шындығында, ғалымдардың зерттеуіне сүйенер болсақ, ол Фараб қаласына жақын жердегі Весидж қыстағында текті әулеттен шыққан әскери қызметтегі кісінің отбасында дүниеге келген. Оның текті әулеттен шыққандығын атасы тархан болғандығынан аңғаруға болады. Бастапқы білімді әуелі Фараб қаласында алған болу керек.
Әл-Фараби кейін өзінің білімін одан әрі қарай жалғастыру мақсатында Араб халифатының сол тарихи кезеңдегі орталығы – Бағдад қаласына сапар шегеді. Әл-Фараби басқа тілдерді игеруде өз өмірінде адам таңданарлық тамаша табыстарға қол жеткізеді. Өмірінің соңына қарай ол жетпістен астам тілді білетін болған. Одан кейін әл-Фараби араб тілінің көмегімен түрлі ғылымдарды, бірінші кезекте логика ғылымын игеруді бастайды. Логика ғылымын игеруде оған ұстаздық еткен сол кездегі тек Бағдадта ғана емес, жалпы Араб халифатының барлық мәдени орталықтарында аты әйгілі ойшыл ғалым және Аристотельдің логикалық еңбектерінің білгірі Әбу Бишр Матта бен Йунис болды. Әбу Бишр Матта Аристотельдің логикалық еңбектерін өз шәкірттеріне оқытқанда оның логикалық ойларының тереңдігін қарапайым тілмен түсіндіруді ұштастыра білді. Кейін ұстазының осы қасиетін әл-Фараби өзінің ғылыми ізденісінде және шығармалар жазу барысында өмір бойы басшылыққа алып өтті.
Бағдад қаласына қайтып оралған соң әл-Фараби Аристотельдің ғылыми мұрасын тереңірек оқып игеруді бастайды. Логиканы оқып үйренгені оған Аристотельдің ілімін жеңіл қабылдауға және оның ойларын жан-жақты әрі біртұтас жүйе ретінде игеруге үлкен көмегін тигізеді. Осының арқасында әл-Фараби өзінің білімін түбегейлі жетілдіріп, сол заманның белгілі ғалымдарымен жақын араласады және олардың арасында алдыңғы қатарлы ғалымға айналады, сонымен қатар Аристотель ілімінің жетік білгірі деген атаққа ие болады.
Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенер болсақ, әл-Фараби өз өмірінде ғылымның түрлі салалары бойынша жүзден астам түрлі еңбектер жазған. Мәселен, түрік ғалымы А.Атеш әл-Фарабиды 160 еңбек, ал кейбіреулер 200 еңбек жазған деп санайды. Рас, олардың кейбіреулері біздің заманымызға дейін толық күйінде жеткен жоқ. Әл-Фарабидың қаламынан шыққан әйгілі шығармалардың қатарында «Азаматтық саясат», «Музыканың үлкен кітабы», «Ғылымдардың классификациясы туралы сөз», «Философияны үйрену үшін қажетті шарттар туралы трактат», «Әріптер кітабы», «Бақыт жолын сілтеу», «Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайындағы трактат» және тағы да басқа еңбектері бар.
Әл-Фарабидың философиялық мұрасындағы ерекше көңіл аударатын өзекті мәселенің бірі – оның әділетті қоғам жайлы ойлары. Бұл тақырып жайлы өзінің ілімінде алғаш сөз қозғаған ежелгі грек философы Платон болатын. Әл-Фараби Платон бастаған дәстүрді жалғастыра отырып, өзінің әділетті қоғам, әділ мемлекет жайлы ойларын «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайындағы трактат» атты еңбегінде баяндайды. «Қала» сөзін әл-Фараби «мемлекет» деген мағынада қолданады. Әл-Фарабидың іліміндегі әділетті мемлекет «Қайырымды (ізгілікті) қала» деп аталады, өйткені оның тұрғындары қайырымдылықты (ізгілікті) бақыт санап, соған ұмтылады. Өйткені адамзат баласының мақсаты – бақытқа жету. Бірақ жер бетінде «қайырымды (ізгілікті) қала» жоқ, ол – адамзат баласының болашақтан күтетін арманы. Дегенмен адамдар осындай мемлекетті орнатуға ұмтылулары керек. Ал жер бетіндегі қалаларды әл-Фараби «надан қалалар» деп атайды, өйткені оның ойы бойынша «Надан қала дегеніміз – ешқашан да бақытты көріп-білмеген, оған талпыну ешқашан ойына да кіріп шықпаған тұрғындар қаласы». Надан қалалардың тұрғындары «…жұрттың ойынша игілік ретінде саналатын алдамшы нәрселерді ғана, жұрттың ойынша өмірлік мақсат болып көрінетін нәрселерді ғана біледі, мәселен денсаулық, байлық, ләззат, құштарлыққа салыну бостандығы, құрмет пен даңқ осындай нәрселер». Осы игіліктердің әрқайсысы жеке-жеке алғанда надан қаланың, барлық тұрғындарының пікірінше бақыт болып табылады, яғни басқаша айтқанда олар өткінші, алдамшы нәрселерді бақыт санап, бақытты сыңаржақ түсінеді.
Нені бақыт деп санауларына қарай әл-Фараби надан қалаларды мынадай бірнеше түрлерге бөледі: ділгер (мұқтаждық) қаласы, алыс-беріс (сауда) қаласы, пасықтық пен бақытсыздық (құмарлық) қаласы, даңғой қала, мансапшыл қала, құштар қала, өнегесіз қала, құбылмалы қала, адасқан қала. Әл-Фарабидың пікірі бойынша, надан қалалардың әміршілері де осы қалалардың өздеріне ұқсас келеді. Олардың әрқайсысы өздері билейтін қаланың ісін жүргізгенде жеке бастарының қалаулары мен ниеттерін қанағаттандыруды көздейді. Ал бақытты шын мәнінде дұрыс түсініп, дұрыс басшылыққа алатындар – қайырымды (ізгілікті) қала тұрғындары. Олардың түсінігінде бақыт дегеніміз – материалдық және рухани игіліктердің бірлігі, ал адамдардың материалдық игіліктері, байлығы олардың рухани игіліктерге қол жеткізіп, игеруіне қызмет етуі тиіс. Әл-Фарабидың бұл терең мағыналы ойлары жеке басының баюын бақыт деп санайтын қазіргі кездегі қоғамымыздың кейбір мүшелерінің өмірлік ұстанымдары мен көзқарастарының дәйексіздігін, дұрыс емес екендігін көрсетуде тағылымдық қызмет атқарары күмәнсіз ақиқат. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да қоғамымыздағы кейде көрініс беріп қалатын осындай келеңсіз құбылыстарға қарсы тұра отырып, іскерлік, бәсекелік қабілет, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы сияқты еліміздің өркендеуіне қажет ізгі құндылықтарды халқымыздың игілігіне қызмет еткізуге деген ізгі мақсаттан туындап отырғаны даусыз. Ендеше, мәдениетіміздің ұлы мақтанышы Әбу Насыр әл-Фарабидың рухани мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттай отырып, оны елімізді өркендету жолындағы игі мақсатқа жаратайық.

Режеп Баярисов,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың философия және саясаттану кафедрасының аға оқытушысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support