Адам мүмкіндігінде шек бар ма?

Ерлі-зайыпты Рауан және Айгүл Рауылбековтер «Қайсар» оңалту орталығын ашқан болатын. Тараз қаласындағы Қарасу шағын ауданынан орын тепкен ғимарат иелерінің екеуі де бірінші топ мүгедектері. Тірек-қимыл аппараттары бұзылған өздері сияқты жандарға арналған мемлекеттік емес, жекеменшік мұндай орталық өзге облыстарда да бар. Бірақ біздегі бірегейі болып тұр.
Ғимараттағы тренажерлер мүгедектерге бейімделіп жасалған және оларды Рауан өзінің жеке цехында құрастырған екен. Қазіргі таңда орталықта осындай 20 шақты тренажер, 2 арнайы маман жұмыс істеуде. Бұл орында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың денсаулығына байланысты жаттығулар жасауына, гигиеналық тазалықты сақтауы мен тамақтануына барлық мүмкіндіктер жасалған.
Орталық есігін ашқан күннен бастап мұнда Ақтөбе, Атырау, Орал, Қызылорда мен Шымкент қалаларының тұрғындары келіп, ем қабылдап үлгерген. Өйткені басқа өңірлерге қарағанда мұнда емделудің құны қалтаға салмақ салмайды. Бүгінгі таңда Түркістан және Алматы облыстарынан келем деушілер бар. Алайда күннің суығына байланысты кейінге шегергендері бар көрінеді.
Алыстан келген азаматтарға қолайлы болуы үшін «Рауан» оңалту орталығының жанынан тұрақ жай салу үшін учаске де сатып алған. Алайда ғимарат тұрғызу да қаражатқа келіп тірелері сөзсіз. Сондықтан қолға алған жұмыстарын одан әрі дамытуды көздеген кәсіпкерлерге бұл мақсатты жүзеге асыруға көмек беретін демеушілер табылса игі. Шарапатты іске қолұшын беретін азаматтар болса, өздері қиындыққа мойымай, мүгедек жандардың өмір сапасын арттыруға өз үлестерін қосып жүрген қайсар жандардың тасы өрге домалай түсері хақ.

Альмира ОМАРОВА

Comments are closed.

https://4store.com.ua/