Рухани құндылықтар бәрінен биік

Жамбыл жеріне табан тіреген Қазақстан Ғалымдар одағының президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері Оразалы Сәбденов ардагерлер қауымымен кездесті. Ардагерлер үйінде өткен басқосуда академик Мемлекет және қоғам қайраткері Т.Рысқұловтың туғанына 125 жыл толуына байланысты ізденістерінің ғылыми тұжырымдарын насихаттап, бүгінгі мәселелерді ұлы Абайдың философиясымен байланыстырды. Сондай-ақ Оразалы Сәбденов жыл қорытындысы бойынша дараланған ардагерлерге облыстың «Құрметті ардагер» атағын төсбелгісімен бірге тапсырды. Оған қалалық және аудандық ардагерлер ұйымының бірқатар мүшелері ие болды.
– Қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын көтеру үшін саясат экономикадан басталуы керек. Тың өзгерістер қажет. Қазіргі қиындықтарды қалай еңсереміз?
Уақтысында ата-тегіміз бүкіл Азия мен Еуропа құрлығын дүр сілкіндіріп, үлкен империялық жойқын күшке айналдырған болса, біз, яғни Түркі әлемі, ХХІ ғасырда тарихымызды жандандыру арқылы әлемдік тарихқа екінші рет толыққанды қалай кіре аламыз? Ол үшін «Түбі бір түркі әлеміне рухани серпіліс беру» жобасын жасау қажет. Шындығында рухани құндылықтар бәрінен де теңдессіз биік тұру керек, – деді әлемнің алпыс елін аралаған академик республика әлеуетін сол мемлекеттермен салыстыра отырып.
Келелі жиын соңы «Ғибрат» орталығында түйінделіп, онда ардагер Нұрмахан Тілегеновтің «Өрнекті ой мен өрелі сөз» кітабының тұсаукесері өтті. Кітап бүгінгі ардагерлердің өресі мен жастарға айтатын насихат сөздерінің бағыт-бағдары туралы нақыл сөздер мен тұжырымдармен өріліпті. Кездесу қорытындысында Құрметті ардагерлерге «Өрнекті ой мен өрелі сөз» кітабы сыйға тартылып, келгендердің назарына арнайы ұйымдастырылған концерттік бағдарлама ұсынылды.

Альмира ОМАРОВА

Comments are closed.

https://4store.com.ua/