- Advertisement -

ӨТКЕНГЕ – САЛАУАТ, КЕЛЕШЕККЕ – АМАНАТ

316

- Advertisement -

Жыл басталды…
Бұл жыл еліміз үшін жаңалықтары мен жақсылықтары көп жыл десек те жарасар.
Тіпті, «2020 жылдан бастап…» деп келетін қуаныштардың сүйініштерін көре бастайтын күн де алыс емес.
Өйткені «Педагог мәртебесі туралы» Заң осы жылдан бастап іске асырыла бастайды.
Ұстаздардың жалақысы мен студенттердің шәкіртақысы да 1 қаңтардан бастап көбейеді.
Айта берсек, қуанышты хабарлар бұлармен шектелмейді.
Бұл енді ел өміріндегі елеулі істердің бірқатары деп бағаласақ, ал облыс шеңберіндегі атқарылған жұмыстар мен оңымен шешілген мәселелер де жетерлік.
Халықтың тұрмыс сапасын арттыру, тиімді шағын бизнес пен орта бизнес арқылы қала мен ауылды дамыту үшін облыста үлкен жоба қолға алынып, оның алғашқы қадамдары басталып та кетті. Қарапайым халықтың жағдайын жақсарту тұрғысында мұның өте қолайлы шешім болғанында дау жоқ.
Нақты айтсақ, бұрын ауылдардағы кәсіп ашып, малымды көбейтсем деген адамдарға үй-жайын банкке кепілдікке қою мұң болатын. Олардың меселін қайтаратын ең бірінші тосқауыл – «үйлерің шикі кірпіштен салынған» деген уәж еді. Сосын жұрт ойға алған мақсаттарын іске асыра алмай, кіжінетін де жүретін.

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің жобасы, міне, осы мәселені ың-шыңсыз шешіп берді. Ол өзі бас болып, аудан-ауданды, үй-үйді аралап, «несие аламын, мал басын көбейтемін, егін егемін, бау-бақша өсіремін, жеке кәсібімді ашып, халыққа қызмет көрсетемін» деген талабы таудай ағайындардың ешқайсысын бөле жармай бәріне 2,5 процентпен несие беретін болып, ол үшін жергілікті билікпен өзара келісімшарт жасасуға шақырды. Ол несиенің үстіндегі процентінің аздығы – халыққа жергілікті билік тарапынан жасалған бір жақсылық болса, ал сол несиені қайтару барысындағы бір жылға берілген «каникул» деп аталатын жеңілдігі — екінші жақсылық болып отыр. Ауыл тұрғындарына бұдан артық қандай қамқорлық керек! Жамбыл өңірінде бірінші рет қолға алынып отырған бұл жобаны Үкімет те қолдап, егер сәтімен іске асқан жағдайда, Алла тағаладан солай болсын деп тілейік, бүкіл елімізге «жамбылдықтардың тәжірибесі» ретінде таратылатынын да мәлімдеді.
Ал енді тұрмысы жақсарған адамның бойы мен басына да қарай бастайтыны сияқты, экономикасы дамып, дәулеті артқан өңірдің қалалары да заман талабына сай сәулетімен де ерекшелене түсуі керек екені бесенеден белгілі. Бұл тұрғыда өткен жылға титтей де өкпе жоқ.
Тараз қаласы соңғы екі жылда кереметтей жаңғырды, жасарды. Оны айтудай-ақ айтып та жүрміз. Бірақ жеріне жеткізе алдық па? Жаңғыру мен жасарудың ар жағында тұрған мәні мен мағынасын түсіндік пе? Салынған ғимараттар мен орнатылған ескерткіштердің, жөнделген саябақтардың, түрлі түсті шамдармен безендіріліп, сазды әуенмен астасқан су бұрқақтарының кескін-келбеттерінен не ұқтық? Нені байқадық?
«Жеңіс» саябағы, мысалы, Тараз қаласындағы жаңғырудың «жанартауы» мен «дүмпуі» болды десек қателеспейміз. Батыр Баукеңнің ескерткішін жаңа орынға көшіріп қою ғана емес, сол істің төңірегінде халқымыздың ұлттық-патриоттық рухын асқақтатып, еңсесін көтеретін Мегажоба қолға алынды. Міне, біз іздеген мазмұн мен мағына!
«Мың рет рет естігеннен, бір рет көрген артық». Ол үшін «Жеңіс» саябағы туралы құлақпен есту жеткіліксіз, оны өз аяғыңмен аралап көру керек. Сонда ғана оның Ұлт пен Ұрпақ, Ел мен Ес деген терең түсініктер тұрғысындағы түрі мен мазмұны, мәні мен сәні, сәулеті мен әлеуеті айшықтала ашылып, жансарайыңызды кеңейте түседі. Ойыңызға кешегі сұрапыл соғыс қасіретін, ондағы қыршынынан қиылған боздақтар ерлігін, тылдағы жесір ана мен жетім бала азабын түсіріп, жүрегіңізді бұлқынтып-бұлқынтып жібереді.
«Жеңіс» саябағына жалғасып жатқан «Үшбұлақ» демалыс аймағы да қала тұрғындарының бой сергітіп, күйкі тірлік құрсауындағы ой азабынан арылтып, бір мезгіл қыдыратын көрікті мекенге айналды. Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақ пен ондағы «Руханият» орталығы, Қайрат ескерткіші, «Желтоқсан толқыны» су бұрқағы, «Jastar aleiasy» да көз тартып, «мені көр», «маған да мойын бұр» деп, менмұндалап тұр. Екі жыл бұрын мұның бірі де жоқ болатын. Жә, бұларды 2018 жылдың тындырған тірлігі делік.
2019 жылдың еншісі бұрнағы жылдан да салмақтана түсті. «Тектұрмас» этно-тарихи және «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешендері жоғарыда айтылған істердің заңды жалғасындай болып, Тараз қаласының екі мыңжылдықтардан басталатын тылсым тарихының сыры мен сымбатын аша түсті. Бір ғана «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде қаншама рухани игіліктер халыққа қызмет көрсетуге сұранып тұр.
Халық жазушысы Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану орталығы», «Өлкетау музейі», осындағы алаңның ортасына орнатылған стела, оның ұшар басындағы сағат, адамдардың сейілдеп, серуендеуіне арналған «Арбат», бәрі-бәрі бір-бірімен үндесіп, жұбымен ғана жарасымын табатын табиғат үйлесіміндей жарқырап тұр.
Солардың бірі, ежелгі шығыс шаһарларына тән сәулет өнерінің негізінде салынған өлкетану музейінің ғимараты. Бұл музейдің жәдігерлері бұрын орталық алаңдағы кеңестік-лениндік-сталиндік-хрущевтік архитектураның үлгісінде салынған көне үйде жарты ғасырдан астам еш өзгеріссіз тұрғанын өздеріңіз білесіздер. Заман да, заң да, тәуелсіздігін жариялап, ел де өзгеріп жатқанда, Тараздағы түрен тимеген (өзгермеген) саланың бірі осы музей үйі еді. Енді, міне, ол да өзінің тарихи жәдігерлерімен, заманауи құндылықтарымен атына заты сай жаңа мекенге жайғасып, «Көне Тараз» тарихи- этномәдени кешенінің тағылымы мен танымдық мәні үлкен бір бөлшегі болып шыға келді.
«Тектұрмас» этнотарихи кешені де Тараз қаласының бойтұмарының біріне айналды десек қателеспейміз. Енді осының бәрінің игілігін ел көріп-білуі керек, терең танып, түсінуі қажет. Өздері үшін, болашақ ұрпақ үшін жасалған қыруар еңбек екенін сезініп, оның әрбір тасы мен қышына, оюы мен өрнегіне, жәдігерлері мен тарихи құжаттарына құрметпен қарап, көздерінің қарашығындай сақтауы керек-дүр. Бұл істе, әсіресе жастар алдыңғы қатардан көрінсе абзал болар еді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды Еріктілер жылы деп жариялады. Ал еріктілердің дені, әдетте, жалынды, жігерлі, бастамашыл жастар болып келетіні белгілі. Одан кейін бізде не көп, ҮЕҰ (Үкіметтік емес ұйымдар) көп. Жастар мен студенттердің басын біріктіретін жастар басқармасы бар. «Jas Otan» да үнемі игі істердің басы-қасынан табылады. Міне, осылар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, өңірімізде, оның орталығы – Тараз қаласында жасалып жатқан игіліктердің басы-қасынан табылып, оларды қала қонақтарына таныстырып, қызмет көрсетсе, ел игілігі үшін жасалған заттарды көздерінің қарашығындай қорғауға үлкен жүрекпен атсалысса дейсің.
Биыл да атқарылатын жұмыстар ауқымды. Ол, біріншіден, «Жеңіс» саябағынан басталып, «Тектұрмас» этнотарихи кешеніне дейін жалғасқан Мегажобаның өз шарықтау шегіне жетіп, түйінделуі деп ойлаймыз.
Екіншіден, биыл еліміз әл-Фарабидың – 1150, хакім Абайдың – 175, Жеңістің – 75 жылдығымен бірге тәуелсіздігімізді танытып, елдігімізді ұлықтайтын көптеген мерейтойларды да атап өтетін болады. Оған жыр алыбы Жамбыл облысы мен екі мыңжылдық тарихы бар Тараз қаласының да атсалысатыны, үлкен іс-шараларды атқаратыны сөзсіз.
«Өткенге – салауат, келер күнге – аманат» дей отырып, осындай іргелі де игілікті істердің басы-қасындағы қуаныштарды бірге бөлісейік, ағайын!

Көсемәлі сәттібайұлы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support