- Advertisement -

Жаңабаев жаттығуға кірісті

37

- Advertisement -

Кәсіпқой бокс әлемінде жасындай жарқырап келе жатқан таланттардың бірі – Нұрсұлтан Жаңабаев. Байзақ ауданының тумасы жартылай орта салмақ дәрежесінде бақ сынап жүргенін көзі қарақты жанкүйерлер жақсы біледі. Нұрсұлтан қазіргі кезде WBA Inter-Continental және WBO Oriental белбеулерінің иегері саналады. Ол алдағы уақытта толыққанды әлем чемпионы атануды мақсат тұтады.
Желтоқсан айында Ресей төрінде өткен бокс кешінде шаршы алаңға шығуы тиіс болған жерлесіміз жарақат алуына байланысты рингке көтеріле алмады. Осылайша ол венесуэлалық Эрнесто Эспанамен қолғап түйістірген жоқ. Әрине, өкінішті. Шайқасқа он күн қалғанда жарақат алу спортшы үшін оңайға соқпайтыны айтпаса да түсінікті деп ойлаймыз.
Қайсар мінезді оғлан сол жарақатынан айығып келеді. Қазіргі таңда жамбылдық жампоздың жаттығу залына бас сұғып, дайындығын пысықтап жатқаны белгілі болды. Жуық арада кәсіби мансабын жалғастыруды көксеген Нұрсұлтанның жағдайы қазір жақсарған. Соңғы мәліметтерге сенсек, Жаңабаев алдағы наурыз айында шаршы алаңға оралатын көрінеді.
Жартылай орта салмақ дәрежесінде шаршы алаңға көтеріліп жүрген Нұрсұлтан бүгінгі күнге дейін сегіз жекпе-жек өткізген еді. Ол аталмыш кездесулердің барлығында қарсыластарынан айласын асырған. Бес шайқасын мерзімінен бұрын жеңген жерлесіміз үш мәрте қарсыластарын ұпай санымен ұтқан болатын. Жамбылдық боксшы соңғы жекпе-жегінде австралиялық Стив Гагоны төрешілердің біржақты шешімімен жеңген.
Отандасымыз бүгінгі таңда boxrec.com сайтының арнайы рейтингінде өз салмақ дәрежесі бойынша 68-орында тұр. Екі бірдей екінші дәрежелі белбеуді иемденген ол сол белбеулерді нағыз чемпиондық атаққа ауыстырғысы келеді. «Мен өз салмағымда әлем чемпионы атануды көздеймін. Сол арқылы елімнің, туған жерім Жамбыл облысының атын шығаруды армандаймын. Сол үшін де талмай тер төгіп, аянбай еңбектенуге әзірмін», – дейді боксшының өзі. Мақсатына ұмтылған Нұрсұлтанның әлі талай биіктерді бағындыратыны сөзсіз. Өйткені ол алған бетінен қайтпайтын мықты боксшы.

 

  Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support