- Advertisement -

Жаңа музей –жауһар жәдігерлеріміздің қазынасы

133

- Advertisement -

Жаңа жыл қарсаңында облыстың 80 жылдық мерейтойына орай жұртшылық бірнеше жаңа нысанның ашылу салтанатына куә болып, қуанышқа кенелгені белгілі. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен жүзеге асқан жұмыстарға тұрғындар бүгінде ризашылық білдіруде. Сексен жылдықтың басты сыйларының бірі – «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі өлкетану музейі.Ежелгі шығыстық үлгіде салынған жаңа музейдің ғимараты екі қабаттан тұрады. Жалпы аумағы 4015 шаршы метрді құрайды. Мұндағы тарихи жәдігерлер «Тарихқа дейінгі кезең», «Тараз қаласының тарихы», «Қазақ халқының этнографиясы», «Әулиеата кезеңі» деп аталатын арнайы залдарға бөлінген. Әрбір жәдігер өлке тарихынан сыр шертіп, сол замандағы өмір сүру дағдысын көз алдыңа әкеледі. Мәселен, «Тараз қаласының тарихы», «Әулиеата кезеңі» залдарына шоғырланған жәдігерлер 2000 жылдан астам тарихы бар шаһардың өткеніне шолу жасауға мүмкіндік береді.

Ал «Тарихқа дейінгі кезең» залындағы «Алтын адамның» көшірмесі, біздің заманымызға дейінгі VІІ-ІХ ғасырлардағы қола қазан, «Талас жазуы бар тастар», Қордай, Шу, Т.Рысқұлов аудандары аумағынан табылған тас мүсіндер есте жоқ ескі заманнан сыр шертеді.
«Кедей халықты бай қылдым, аз халықты көп қылдым. Түркі халқы үшін түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым», – деген Күлтегін ескерткішінің бетіндегі мәтінді тебіренбей оқу мүмкін емес. Сонымен қатар «Тараз қаласының тарихы» залындағы Тараздың сегіз білтелі аспалы шырағы, VІІІ- ІХ ғасырлардағы киіз үй пішінді шырағдандар, қыш құмыралар мен ыдыстардың тағылымдық мәні жоғары. Киіз үйдің жабдықтары, шығыр құдық, ұлттық бұйымдар, Әулиеата бабаның символдық бейнесі де осы залда сақталған.
Облысымызды зерттеуге ерекше үлес қосқан В.Бартольд, Ә.Марғұлан, К.Байпақов, А.Бернштам секілді ғалымдарға құрмет көрсетіліп, зерттеуші ғалым Айман Досымбаеваның жұмыстары да аталып өтіпті.
«Қазақ халқының этнографиясы» залында сонау ерте ғасырлардағы батырлар киген киімнің бөлшектері, ұлттық ойын тоғызқұмалақтың шығу тарихына қатысты жәдігерлер, аңшы құралдары, сөмкелері, садақ түрлері мен ер-тұрман бұйымдары жақсы сақталыпты. Керей мен Жәнібек ханның үлкен картиналарын да осы залдан көруге болады.
«Әулиеата кезеңі» залында Социалистік Еңбек Ерлері мен Қазақстанның Еңбек Ерлеріне арнайы бұрыш берілген. Өңірімізден шыққан әйгілі спорт, өнер, мәдениет майталмандарына да құрмет көрсетіліпті. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, бір кездері облысты басқарған Хасан Бектұрғановқа да арнайы бұрыш берілген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған бұрышты да қызыға тамашалаушылар қатары көп.
Облыстық өлкетану музейі директорының орынбасары Зарина Дүкенбаева: «Міне, өздеріңіз көріп шыққандай, облыстық өлкетану музейі қайта жаңғырып отыр. Жаңа ғимараттағы музейге келушілер қатары көбеюде. Бүгінде тәулігіне 90-100 адам келіп тамашалап жатыр», – деді бізге барлығын егжей-тегжейлі таныстырып. Музейді мұқият аралап жүрген мектеп оқушыларымен де тілдестік.
«Мен Тараздағы Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепте алтыншы сыныпта оқимын. Бүгін сыныбымызбен бірге келіп, жаңа ғимаратқа көшкен өлкетану музейін араладық. Алған әсеріміз өте керемет. Бізге әсіресе қазақтың киіз үйі, шығыр құдығы, ұлттық бұйымдары ұнады», – дейді Ағжан Қалтай.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support