- Advertisement -

«Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені көз тартады

677

- Advertisement -

Ондағы Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы ұлт құндылықтарын насихаттайды

Облысымыздың 80 жылдық мерейтойына орай ашылған «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі жұрт назарына ұсынылған нысанның бірі – Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану орталығы». Біріншіден, көпшілікті қуантқаны бұл орталыққа көрнекті қоғам қайраткері, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның есімі берілуі. Екіншіден, орталық облыс әкімінің №187 қаулысы негізінде өз алдына коммуналдық-мемлекеттік мекеме болып жеке отау тігіп отыр. Орталық орналасқан ғимараттың сыртқы келбеті шығыс үлгісінде салынған. Яғни осы аумақтағы нысанның барлығы ортағасырлық қалалық мәдениетпен үйлесін тауып, шығыстың сәулет өнеріне сәйкес бой түзеген. Әсіресе Қазақстанның оңтүстік өңірі – Жетісу, Әулиеата, Түркістан өңірлеріндегі Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қалаларға тән құрылыс нысандарын көресіз. Ғимарат екі қабаттан тұрады. Бірінші қабатында үлкен және кіші мәжіліс залдары бар. Екі залдың да безендірілуі керемет, көздің жауын алады. Мұнда зиялы қауым өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдары, қоғам белсенділері, облыс тұрғындары мен қонақтары рухани-тарихи тақырып аясында өткізілетін облыстық, республикалық дәрежедегі ғылыми конференцияларда бас қосатын болады. Кіші мәжіліс залында мәдениетіміз бен руханиятымыздың дамуына ерен еңбек сіңірген зиялы қауым өкілдерімен, тұлғалармен келелі ой қозғар жиындар өткізуге арналған. Мәжіліс залының төбесі шаңырақ бейнесінде орналасып, бөлме қабырғасына киіз үйдің уығын қою – бұл облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің идеясы. Шаңырақтың өзі қазақ халқы үшін киелі ұғым. Киіз үй – түркітілдес халықтар үшін үйі, киесі, жұрты болып табылады. Сол элементтерді беру арқылы әдемі үйлескен мәжіліс залы – дәстүрлерді ұлықтаудың қара шаңырағына айналады.
Орталықтың екінші қабатының кіреберісінде Шерхан Мұртазаның әдебиеті мен журналистикасына арналған қос қанат бейнесіндегі қолжазбалары мен суреттерінен тұратын композиция орнатылған. Екі жақ қабырғаларындағы көрме сөрелерінде жазушының көзі тірісінде облыстық кітапханаға сыйға берген заттары ел назарына ұсынылған. Мұнда Шераға пайдаланған жазу мәшіңкесі, сувенирлік қаламы, иіссу құтысы, кілемшесі, шапаны, мантиясы, портфелі, тіпті жеке «Киев» фотоаппараты да бар. Көрмеде Шерағаның марапаттары, куәліктері және өзге де жеке басына қатысты құжаттары қойылған.
Сондай-ақ Шерхантану бөліміне біріктірілген дәстүрлі музыка, салт-дәстүр, халық ауыз әдебиеті және әдеби шығармаларды зерттеу, шерхантану шығармашылық зерттеу бөлмелері де бар. Атап айтқанда, «Салт-дәстүр» бөлмесі қазақ халқы мен облыс көлемінде тұрып жатқан халықтардың мәдениетінің дамуы мен салт-дәстүрін насихаттайды, дәріптеп келешек ұрпаққа жеткізеді. Бөлме шығармашылық ұжымдар, әуесқой бірлестіктер мен мәдени ұлттық орталықтардың қатысуымен үлкен тәрбие мен маңызы бар театрландырылған көріністер, ойындар, байқаулар мен бағдарламалар, кездесулер ұйымдастырады.
Ел аузынан ұмытыла бастаған салт-дәстүрлер туралы материалдарды жинақтайды, зерттелген әдет-ғұрыптар кітап болып жазылып, арнайы таспаға түсіріліп, көпке таратылу жұмыстары жүргізіледі.
Өңірден шыққан атақты тұлғалардың қолөнер шеберлерінің көрмелерін ұйымдастырады. Өңір тұрғындарына қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпының тәрбиелік мәнін ұғындыру, өскелең ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерін қалыптастырып, халық өнегесін үйретуде бағытты жұмыс жасайды.

Ал дәстүрлі музыка бөлмесінде облыстан түлеп шыққан сазгерлердің, күйшілердің шығармалары, сазгерлердің өмірбаяндарын жинақтап, орталық қонақтарына ақпараттық дерекқорын ұсынады. Мұндағы «Музыкалық киоскі» де келушілерді қызықтыра түседі. Өйткені кез келген азамат көңіліне ұнаған сазгерлердің әнін, әуенін тыңдап қана қоймай, жазып та ала алады.
Халық ауыз әдебиеті мен әдеби шығармаларды зерттеу бөлмесінде облыстың ақын-жазушыларының әдеби мұралары жинақталып, «Тараз мұралары» атты көптомдық кітаптың материалдары жинақталған.
Тарихтану бөліміне біріктірілген өлкетану, деректер арқылы жазбалау және археология-этнология ғылыми-зерттеу бөлмелері бар. Бір ерекшелігі, қай бөлмеге кірсеңіз де қабырғада Шерхан Мұртазаның қанатты сөздері жазылған. Бұл Шерхан Мұртаза сөздерімен сусындап өскен ұрпақтың рухын көтеріп, Отанын шынайы сүюдің өнегесін көрсетері хақ.
– Ғимараттың сыртындағы Самарқанд кірпіші ол ғасырларда өте тапшы болған. Ал Қазақстандағы ол кезеңдердегі нысандардағы кірпіштер хан кірпіш немесе сабан кірпіштерден салынған. Кірпіштердің өрілуі, кіреберіс есіктердің арка тәрізді болып келуі – көне Тараз дәуіріне тән. Ондай нысандар облысымызда да көп кездеседі. Бұл – жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында VІ-ХІІ ғасырларда барлық қалалық мәдениетте кездесетін сәулет өнерінің туындысы. Мысалы, ортағасырлық Құлан, Саудакент, Тамды, Меркі, Тараз қалашықтарындағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде, тіпті қаланың орталық бөлігіндегі (цитадель) құрылыстарда осы нысан секілді үсті күмбезделіп келген, есік-терезелерінің барлығы аркаланып келген құрылыстар табылды. Ол құрылыстар қалыңдығы – 5, көлемі 15/25 болып келетін кірпіштерден өрілген. Сыртының барлығы осылай қапталып шыққан.
Тіпті Айша бибі кесенесін алайық. Міне, осы кесененің сырты ою-өрнектері бар қаптама күйдірілген кірпіштерден өріліп шыққан. Бұл сырттан келген құрылыс материалдары деген әңгіме емес. Самарқанд бір кездері Батыс Түрік мемлекетінің де астанасы болды. Қарахан мемлекеті кезінде де белгілі бір уақыттарда астана болды. Тимуридтердің кезінде де солай болған. Ерекшелігі, ол қала Тараз секілді көптеген жойқын соғыстарға ұшырамаған. Көне Тараздың келбеті дәл осындай болған. Сондықтан бұл Орталық Азияға, оның ішінде Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі қалалық мәдениеттің қалыптасуына тән құрылыстар. Көне Тараз қалашығында жүргізілген қазба жұмыстарында да көптеген орта ғасырдағы қала құрылысына тән жәдігерлер табылды. Яғни, ол кезеңде Ислам дінімен қатар өркениеттің де келгені анық. Ғылым, білім, өнер келді. Тоқетері, ХІ-ХІІ ғасырдағы қалалардың барлығы осы мәдениетпен бой көтерді. Осындағы нысандардың барлығы Орта Азияға тән қала мәдениетінің ерекше туындысын еске салады, – дейді орталықтың директоры Сауран Қалиев.
Ендеше, «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніне келіңіздер, көріңіздер, рухани тұрғыда рахаттанып демалыңыздар, ағайын!

Ерман Әбдиев

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support