- Advertisement -

АУЫЗСУ САПАСЫНДА МІН ЖОҚ

61

- Advertisement -

Әлжан ана ауылында тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ететін орталықтандырылған сумен қамту жүйесінің құрылысы аяқталып, суды көшелердің бойымен тартып, әр үйге жеткізу бойынша нақты жұмыстар атқарылды. Ауыл игілігі үшін қолға алынған жұмыстардың жай-күйімен сол орынға барып танысқанды жөн көрген едік.
Тілшілер ауылға табан тіреген сәтте трактор қазған арнайы траншеяға су құбыры салынып, одан әр үйге кішірек құбырлар тартылып жатыр екен. Бәйдібек көшесінде «Қордай су» мекемесінің жұмысшыларымен жолығып, жұмыстың барысын сұрастырдық.
– Ауылда бұл жұмыстардың атқарылып жатқанына бір жарым ай уақыт болып қалды. Су Абдуллин көшесіне тартылса, Алматы көшесінде жұмыстар жартылай аяқталып, Бәйдібек көшесінде де басталып кетті. Ауыл тұрғындары дән риза, біртіндеп жүйеге қосылып жатыр, – дейді ауыл тұрғыны Айтжан Әбдібаев.
«Қордай су» КММ директорының орынбасары Рүстем Мадияровтың айтуынша төлемге және қосылуға қатысты мәселелер ауыл тұрғындарының басын қосқан жиында шешілген. Мекеме өкілдері тұрғындармен бірге ортақ келісімге келіпті.
«Ауылымызда мұндай жұмыстардың қолға алынғанына қуаныштымыз. Осындай игі істі қолға алған облыс және аудан басшылығына айтар алғысымыз мол. Бұл ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған қадам», – дейді ауыл тұрғыны Таңат Қасымбеков.
Әрине, мұндай жұмыстар жүргізілгенде қиындықтардың болмай қоймасы анық. Мәселен, тұрғындардың бірінің ауласына қырлы тас төселсе, басқалары ауласына бетон құйған. Енді су құбырын тарту үшін ауланың тегіс бетін бұзуға тура келеді. Ал тұрғындардың арасында су құбырын қажет етпейтіндері де кездеседі. Олар ауласынан ұңғыма қаздырып, сусорғыларын орнатып, үйге су кіргізу үшін айтарлықтай қаражат жұмсағанын алға тартқанымен, ұңғымалардың сапалы ауыз суды қамтамасыз ете алмайтынын ескермейді. Ал орталықтандырылған ұңғыма типтік жоба бойынша су сапасының қажетті талдауы мен зертханалық зерттеулерін өткізіп салынған. Әлжан ана ауылына тартылған судың сапасы мен өзге де тиімді тұстары жайында аз-кем айта кетсек. Су 110 метр тереңдіктен алынады. Оған қоса, орталықтандырылған стансада құрамында ультракүлгін залалсыздандыру жүйесі бар биологиялық тазарту қондырғысы қосылған. Қазіргі таңда ультракүлгін жүйелерде суды залалсыздандыру биологиялық тазартудың заманауи тәсілі болып табылады. Демек, су құбыры дегенде бірден еске түсетін «хлорканың» иісі де, дәмі де болмайды. Ғылыми зерттеулерге сай сапасыз су бүйрек, бауыр, несеп-жыныс жүйесінің ауруларының себепшісі болып табылады. Ал сапалы ауызсуды қолдану – аталмыш аурулардың алдын алудың тиімді тәсілдерінің бірі. Орталықтандырылған жүйеге қосылуға асықпайтын тұрғындар сусорғылармен жабдықталған жеке ұңғымалардың жұмысқа жарамды мерзімі 4-5 жыл ғана екенін ескермейді. Бұл мерзім өткеннен кейін Қытайда өндірілген сусорғылар жарамай, оларды ауыстыруға тура келеді, ал бұл дегеніміз қосымша шығын. Қазіргі таңда түрлі технологиялардың дамуының нәтижесінде ауыл тұрғындарының автоматты кір жуу машиналарын, су жылытқыштарын және өзге техниканы қолдануға мүмкіндігі бар.

Серғазы Манасбеков,
журналист.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support