БІР КҮНДЕ АЛТЫ НЫСАН ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

Тәуелсіздік күні мен облыстың 80 жылдығына орай Жуалы ауданындағы Қарабастау ауылында Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектепке қосымша соғылған спорт залдың, Бауыржан Момышұлы ауылында «Көктөбе» жаңа тұрғын алабындағы инфрақұрылым нысандарының, Қарасаз ауылында халықты ауызсумен қамтамасыз ету жүйесінің, сонымен бірге Қаратас, Кәріқорған, Теріс-Ащыбұлақ ауылдарында медициналық пункттердің ашылуы өтті. Барлық нысандардың ашылу салтанатына аудан әкімі Нарбай Ергебеков бастаған басшы азаматтар қатысты.
Билікөл ауылдық округіне қарасты Қарабастау ауылында жаңа спорт кешені салтанатты түрде ашылды. Салтанатты ашылу кешіне округ тұрғындары, ауыл ақсақалдары, еңбек ардагерлері, оқушылар және жастар қатысты. Аудан әкімі Нарбай Ергебеков билікөлдіктерді айтулы оқиғамен құттықтап, жылы тілектерін жеткізді.
– Соңғы жылдары ауданымызда көптеген әлеуметтік нысандар бой көтеріп, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауыл тұрғындарының әлеуметтік және тұрмыстық жағдайлары жақсарып келеді. Міне, тек бүгінгі күні ауданда алты жаңа құрылыс нысаны ашылады, – деген аудан әкімі жиналғандарды көптен күткен қуаныштарымен құттықтап, жылы лебізін білдіріді.
Аудан басшысы Билікөл ауылдық округінің тумасы, ұзақ жылдар ауылдық кеңестің, одан кейін ауылдық округ әкімі болып қызметтер атқарған, сондай-ақ спорт саласын дамытып, талай спорт чемпиондарын тәрбиелеген Бекберді Қашкеевтің есімін осы спорт залға беру туралы көпшіліктің ұсынысын қолдайтынын жеткізді.
Сондай-ақ жиналғандарды аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, Билікөл ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Еңсебек Абсалямов та құттықтап, қуаныштарына ортақтасты.
Сөйлеушілер спорт залды сапалы, кең әрі сәнді етіп тұрғызған кәсіпкер, Жамбыл облысы мәслихатының депутаты Әлімбек Жұмабаев басқарған «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС-ның құрылысшыларына алғыстарын айтты.
Дәстүрлі спорт залдың лентасын аудан басшылары Нарбай Ергебеков, Ерғали Тілеубеков пен ардагер Еңсебек Абсалямов қиды. Әжелер шашуларын шашты, ал Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектептің оқушылары спорт зал ішіне енген жұртқа өнерлерін көрсетті, ән айтып, би биледі.

Гүлмира ДЕМБАЕВА,
журналист.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.