- Advertisement -

Саңлақтарымыздың есімдері құрмет тақтасында

95

- Advertisement -

Есет ДОСАЛЫ

Біздің өңірдің әлемді мойындатқан саңлақ спортшылармен де мақтанатыны аян. 80 жылдық мереке қарсаңында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қолдауымен «Тараз-Арена» спорт сарайының алдында «Спортшылар алаңы» бой көтерді.
Мұнда екі қатар тақтаға елміздің спортына еңбегі сіңген жамбылдық жаттықтырушылар мен даңқты спортшылардың аты-жөні құрметпен жазылыпты. Әуелі бокстан Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Кеңес Омаровтың есімі тұр. Яғни алдымен спортшыны баптап, тер төгетін жаттықтырушыларға көңіл бөлінген екен. Біздің облыстың аты бокс спортымен көбірек шыққаны белгілі. Сонау 80-ші жылғы Мәскеу Олимпиадасында күміс жүлдеге қол жеткізген Серік Қонақбаевтан басталған абырой сәтті жалғасын тапты ғой. Атланта Олимпиадасында жерлестеріміз Болат Жұмәділов күміс, Ермахан Ыбырайымов пен Болат Ниязымбетов қола жүлдегер атанып, мерейімізді өсірді емес пе?! Сидней Олимпиадасында Ермахан қоланы алтынға айналдырса, Болат Жұмаділов тағы да күміс тұғырдан көрінген. Оған Болаттың 1999 жылы әлем чемпионы атанғанын қосыңыз.
2004 жылы жерлесіміз Бақтияр Артаев Афины Олимпиадасының алтынын және Вэл Баркер кубогін иеленіп, қуантқаны естен кетер ме?! Әлем чемпионатының қола жүлдегері Ғани Жайлауов, кадеттер және әскерилер арасында әлем чемпионы, Азия чемпионы Олжас Сәттібаевтың жарқын жеңістері жадымызда. Ғани мен Олжас та Олимпиадада өнер көрсетіп қайтты. Төрт жылдықтың басты бәсекесіне мықтының мықтысы ғана баратыны белгілі. Өңірдің былғары қолғап шеберлерінің табысы өте мол. Сондықтан болар, Құрмет тақтасына бокстан 15-тен астам еңбек сіңірген жаттықтырушылардың аты-жөні жазылыпты. Олардың арасынан Юрий Цхай, Феликс Цой, Нұрлан Ақүрпеков, Дамир Буданбеков, Серік Төлебаев, Көпбосын Сыдығалиевтің есімдерін ерекше атауға болады.
Грек-рим күресінен Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің жөні бір бөлек. Одан басқа еркін күрестен Ислам Байрамуковтің, Ақжүрек Таңатаровтың, дзюдо күресінен Елдос Сметовтің Олимпиадалардағы жетістіктері, самбошы Алмас Мұсабековтің жеңістері елге белгілі. Қазақ күресінен Бейбіт Ыстыбаев, Ғани Сейділдаев, Айбол Айтбек, Дәулет Пахрединов әр жылдары әлем чемпионы атанған. Осы себепті, күрес түрлері бойынша да бірнеше еңбек сіңірген жаттықтырушылар аталыпты. Олардың ішінде Шоқан Нәдірбекұлы, Қуандық Бәкенов, Марат Жақит, Ермаш Бұзауов, Тәуірбек Қарауылтегі, Ахмет Жұмағұл, Серік Қапалбаев, Елдос Далабаев, Руслан Мұхамедқалиев, Ғани Назымбеков, Нұрхан Тастанбиев есімдерін құрметпен атағымыз келеді. Көкпар ұлттық спортынан әкелі-балалы Нәби, Нұрдәулет Момыновтардың еңбегіне барша жұрттың көңілі толатыны анық. Футбол спорты үшін тер төккен жаттықтырушылардан Сейділдә Байшақов, Ваит Талғаев есімдері аталғаны жөн деп ойлаймын.
Бұл жерде каратэ-додан Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Гузалия Гафурова, Рио-де-Жанейро Паралимпиадасының чемпионы Зүлфия Ғабидуллина, еркін күрестен сурдолимпиалық ойындардың чемпионы Ғабит Есжанов, паратаэквондодан әлем чемпионы Өмірәлі Нышан секілді саңлақтардың қайсарлығы өз алдында бөлек әңгіме екені анық.
Жалпы, осы Құрмет тақтасында спорттың грек-рим, еркін, самбо, дзюдо, қазақ күресі, бокс, жүзу, гір тасын көтеру, кикбоксинг, армрестлинг, каратэ-до, ауыр атлетика, жеңіл атлетика, велоспорт, көкпар, жамбы ату, пауэрлифтинг, футбол, су добы және басқа да түрлері қамтылған.
Бұл спорт алаңының жаттықтыру-шылар мен даңқты спортшыларға үлкен құрмет, облыстың 80 жылдық тойына тамаша тарту екені, спорттық жолын енді бастаған жастар мен жасөспірімдерге ынта-жігер беретіні анық.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support