- Advertisement -

Дәуір дарабозы

133

- Advertisement -

«Қазақта батыр көп. Әйтсе де олардың біразын ары кетсе, бұрынғы одақ көлемінде біледі. Ал Бауыржан Момышұлы әлемге танымал тұлға». Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлы Баукең туралы әңгіме қозғалса, осы сөздерді жиі айтады. Ол туралы осыған дейін аз айтылып, аз жазылған жоқ. Баукең де бір беттері парақталып, ашылып жатқан кітап сияқты. Оның батырлық деңгейден анағұрлым биікте тұрғанын жазушылар мен зерттеушілер жиі айтып жүр.
Б.Момышұлы Ұлы Отан соғысы кезінде айрықша алғырлығымен, қайтпас қайсарлығымен, турашыл да қаталдығымен қазақ ұлтының атын асқақтатты. Алматыда жасақталған 316-атқыштар дивизиясын басқарған генерал Иван Васильевич Панфилов Бауыржан батальонын «отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын батырлардың жасағы» деп жиі айтады екен. Аты аңызға айналған батыр өткен ғасырдың ең жойқын, қиян-кескі ұрысында таңғажайып ерліктің үлгісін көрсетті. Б.Момышұлы 316-атқыштар дивизиясы Алматыда жасақталған кезде әскери шені аға лейтенант болатын. Майданда гвардия полковнигі деген дәрежеге жетті. Батальон, полк және дивизияны басқарды. Соғыстан кейін Бас штабтың академиясын бітіріп, әскери академияда ұстаздық етті.
«Бізге Б.Момышұлының жауынгерлік ерліктері жақсы таныс. Ол жазушы болып тағы бір ерлік жасады. Меніңше, екі ерлігі де бара-бар» деп жазды Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Петр Вершигора. Кеңес Одағының Батыры Б.Момышұлының қаламынан «Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас», «Бір түннің тарихы», «Майдандағы кездесулер», «Адам қайраты» және «Мен оларды ұмытпаймын» атты тамаша кітаптар шықты. «Ұшқан ұя» кітабына Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Баукең жайлы атақты орыс жазушысы Александр Бек үш кітап жазды. Бұл кітаптар 30-дан аса елдің тіліне аударылды.

«Қазақта кейінгі уақытта жаңадан дүние есігін ашқан баласына Бауыржан деп азан шақырып ат қойып жатқандар көп. Бұл – халқымның мені құрмет тұтқаны. Бұған алғысым шексіз. Қазір Қазақстандағы қазақ шаңырақтарында нөмірлері белгісіз қанша Бауыржан барын білмеймін, бірақ халқымның нөмірі бірінші Бауыржаны мен» деп айтып кеткен Бауыржан Момышұлы расында да дара тұлға еді.
Батырдың өзі айтқандай, «Мен өмірімде екі түрлі аңызды басымнан кешірдім. Бір кезде мені жер-көкке сыйғызбай аңызға айналдыра мақтады. Кейінгі кезде әркімдер аңызға айналдыра жамандады. Мақтады деп тасығаным жоқ, жамандады деп жасығаным жоқ. Қара қылды қақ жарғанда мақтайды да, боқтайды да» – дей келе, «Менің азаматтық арым таза. Атағым да, шатағым да бар кісімін ғой. Атағыма қарағанда, шатағым он проценттен аспайды. Бірақ оны атағымнан асырып жіберетіндер де бар. Оған мен кінәлі емеспін. Мен жаудан көп қорлық көрген кісімін. Ал өз халқымнан көрген қорлықты есептеп қарасам, аз емес екен» – дейді.
Өкінішке қарай атағынан шатағын асырып жіберетіндер әлі де бар екен. Бұған кім кінәлі? Әрине, сол баяғы кеңестік солақай саясат. Онсыз да сол саясат Баукеңді елден жырақ 15 жыл қаңғытқаны аздай, атағын жасырып, шатағын асырып қойғанын-ай!
Жаратқан Бауыржан атамызға барлық қасиетті төгіп бере салған ғой, шіркін! Кісілікпен қоса, тектілікті, ақыл мен білімді, ерлік пен ептілікті, тіпті мінезді де ерекше берген. Оның мінезі әділетсіздерге қыс мезгілі нің қаңтары мен ақпанындай болса, әділдікті ту етіп ұстағандарға көктем мен жаздай еді. Қай дәуірде де, қай заманда да әділдік пен әділетсіздік алысып келеді. Бауыржан да өз дәуіріндегі әділетсіздіктің белін сындырып, омыртқасын опырған әділдіктің көзсіз батыры еді.
Рас, Б.Момышұлы компартияға мүше болған жоқ. Бірақ «олар халқы мен сол партияны басқарып отырғандарды сыртқы фашизмнен қорғады емес пе?» деген көкейдегі сауалдар саналы азаматтарды ойландыратыны анық. Дейтұрғанмен қай жағынан қарасаңыз да, гәп сол баяғы қитұрқы саясаттың астарында жатқандығын аңғарасыз. Әйтпесе есімі бүкіл әлемге жеткен Екінші дүниежүзілік соғыстың қаһарманы Б.Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағын бермеу сол кездегі биліктің тарапынан қасақана қолдан жасаған қиянаты ғой. Тіпті елді абыроймен көп уақыт басқарған Д.Қонаевтың өзі батырға бұл атақты алып бере алмай арманда кетті.
Иә, Момышұлы бұл атаққа мұқтаж емес еді. Ол бұрыннан-ақ «менің атағымды халқым өзі беріп қойған» деп айтатын. Десек те ресми бұл атақты батыр дүниеден өтіп кеткеннен кейін 1990 жылы бір-ақ берді. Оның өзінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың араласуымен берілді. Мұның өзі үлкен ерлік. Батырдың әруағы разы болсын. Бірақ байқап қарасақ, бұл жерде де өзіндік үлкен саяси астар жатқан екен ғой. «Баукең жұлдызды болған күн – халықтың жұлдызы жанған күн!» деп Елбасы текке айтпаса керек.
Ал неге сол кезде ресми Кремль батырға қырын қарады екен? Сөйтсек, 1942 жылдан бастап 1956 жылға дейін Момыштың баласының үстінен Алматыдан Мәскеуге «ол ұлтшыл, оны елге жолатпау керек» деген арыздар қарша бораған екен ғой. Бұл өз алдына бір тақырып. Амандық болса бұл тақырыпқа кейінірек жеке тоқталармыз.
Енді біреулердің батыр туралы айтып жүрген қаңқу сөздерінің төркініне тоқталсақ. «Б.Момышұлы милиция бастығы болып қызмет істеген екен» деп айтып жүргендерді жиі кездестіреміз.
Рас, Баукең жоғарыда аталған милицияда қызмет істеген. Бірақ мен әлгі кісілердің нені айтқысы келетінін жақсы түсіндім. Егер біз тарихи шындыққа көз жеткізбей, еш ізденбей өз алдына қорытынды шығарып, «бәленше өйткен, бүйткен» деген қаңқу жорамалдарға сенсек, онда біз тарихқа үлкен қиянат жасар едік. Бұл мәселеге сақтықпен қараған абзал. Жалпы, Бауыржан Момышұлының жастық шағы ел іші бүлініп, ала-құла болып жатқан кезеңге тұспа-тұс келеді. Кеңес үкіметі елге ресми түрде орнағанмен, әлі де қазақы қарабайырлықтан арыла қоймаған жергілікті халық баршылық еді. Оның үстіне елге орнаған жаңа үкіметтің өзі халықты қалай басқаратынын түпкілікті шеше алмай дал болып отырған кезең. Біресе Вик (всесоюзный исполнительный комитет), біресе Ревком (революционный комитет) үстемдік етіп, басқаруға жанталасып жатқан шақ. Қарап отырсаңыз екеуі де кеңестік үкіметтің саяси басқару аппараты болып табылады. Мақсаттары бір кезде патша үкіметінің қазақтарға ұстанған саяси басқару әкімшілігі болып саналатын болыстық жүйедегі билікті жедел түрде кеңестендіру. Ал бұлар неге жанталаса асығады? Сөйтсек, қазақтың маңдайалды майталмандары, оқыған зиялылары большевиктерді күшпен жеңе алмасына көздері жетіп, халықты қараңғылықтан көзін ашу мақсатында Батыс мәдениеті мен біліміне жүгініп, астыртын жұмыс жүргізіп жатқан екен ғой. Оның үстіне ағылшын отаршылдары да Орта Азияға тұмсығын тақап, жансыздары белсенді жұмыс жүргізіп жатқан. Олар қазақ зиялыларынан қолдау тапса, қазақ, қырғыз, өзбек башқұрт сынды отар елдеріміз уысымыздан шығып кетер деген оймен большевиктер өз саяси күштерін орнықтыруға асықты. Міне осындай саясаттың науқаны басталып жатқан 1926 жылы Б.Момышұлы бар болғаны 16-17 жастағы балаң жігіт болатын.
Бауыржан Момышұлы өз естелігінде: «1926 жылы Шымкент қаласындағы жеті жылдық мектепті оқып жүргенде алты айлық есеп қызметкерлерінің курсы ашылып, соған кіріп, оған онша қанағаттанбай биржа труданың есебіне еніп қойдым. Бір күні барлық қызметсіз адамдарды шақырып алып, орысша жаздырып, сөйлетіп сынап көріп, мені Шымкент уездік обкомының қарамағына жіберді. Сол уақытта уездік парткомның счетчигі Қойшыбай Өтеуліұлы дейтін менің көңілім жақын кісі еді. Өзі тама руынан. Соның үйінде жатып белгілі қызмет беріле қоймаған соң, соның кеңсесіне барып «мәжіліс хат», тағы сол сықылды қағаздарын көшірісіп жәрдем етіп жүретұғынмын», – дейді.
Иә дәл осы уақытта кеңес үкіметі дала қазақтарын басқару үстемдігіне толық қол жеткізе алмай жатқан тұс еді. Міне, осы кез үкіметке оқыған, көзі ашық, орысшаға жетік азаматтар ауадай қажет болып тұрған шақ. Бастапқы кезде Бауыржан әлгі уездік обкомның қарамағында әртүрлі іс-қағаздармен шұғылданып жүрген уақытта дала қазақтарына, әсіресе Сарысудың сағасындағы құмның ішіндегі және Бетпақдала атырабындағы тама руының жақсыларының шаруаларын бітірісуге жәрдемдеседі. Өйткені обком басшысы тамалардың жақсыларына: «Мына жігіт осы жердегі іс білер сенімді жігіттің бірі. Сіздердің шаруаларыңызға қолғабыс етіп, бірге істеуге менің қолым тимейді. Барлық істеріңізді осы жігітке істетіп, менімен де осы арқылы сөйлесіңіздер» – деп Баукеңді тамаларға табыстаған екен.
Осындай шаруаларды тындырып жүргенде күтпеген жерден Баукеңді Вик шақырып алып, Адо-ға жібереді. Бұл туралы Баукең тағы да өз күнделігінде «Адо-ға барсам Ташинский Ревкомға начальник милиции етіп тағайындап, куәлігімді даярлап қойыпты. Күтпеген жерден былай болған соң, мақұл деместен ол күні кетіп қалдым. Кешке Қойшыбайдыкіне келіп, қонып отырғанда, сөзден сөз шығып, таманың біреуі мені начальник екен деп қалды.
– Қалайша? – деді Қойшыбай.
Одан кейін мен тұрып:
– Адо мен тамаға солай етіп дайындап қойған екен, оған менің барғым жоқ, – дедім.
– О…Барсаң болады ғой, – деді.
– Құрысын. Тама елі – жапанда өз бетімен жатқан алыс ел. Осы уақытқа дейін үкіметтің не екенін білмейді, бағынған емес, елі бұзық келеді, бармағын, – деді Қойшыбайдың қатыны.
Менде бармау ойы одан бетер күшейді. Ертеңіне Қойшыбай мені оңаша шығарып алып:
– Менің саған беретін кеңесім – барып келгін, құрығыр есепші курсын не қылмақсың? Мына отырғанның барлығы – біздің адамдар. Менің қадірімді көріп отырсың ғой. Барсаң, сен де елге қадірсіз болмайсың, – деп елдің жағдайын айтып, бармасыма қоймай ақыры баратын етті, – дейді.
Міне, милиция бастығы болып құмның ішіндегі тама еліне баратын кезі осы тұстан басталады. Бұл 1926 жылдың аяғы еді. Ол кезде кеңес үкіметі қазақ зиялылары қырдағы елдің ішіне кіріп, халықты үкіметке қарсы көтеруі ықтимал деген оймен, жазалау науқанын қолға алып жатқан. Бірақ біз мына нәрсені ойда сақтағанымыз дұрыс. Дәл осы кезде Бауыржан Момышұлы милиция қызметіне орналасқанымен, бұл орында өте аз уақыт істеп, көп тұрақтамаған. Десек те Бауыржан бұл қызметте жүрген кезінде-ақ әділдікті сүйетінін, әділетсіздікке жаны қас екенін дәлелдеген. Өйткені сол тама елінің ішіндегі бай-бағландар мен болыстардан көп қорлық көрген кедейлердің кеткен есесі мен ақысын төлеттіргенінің өзі әділдік емей немене? Бірақ неге бұл қызметте тұрақтамады екен? Әлде большевиктердің ел басына салатын жиіркенішті саяси лаңын сезді ме?
Әйтеуір менің түйгенім, Бауыржан милиция бастығы болып жүрген кезінің соңғы уақытында, яғни құмның ішіндегі тұрғындарда ескілік үстемдік алып, ревкомды мойындағысы келмей келеңсіз жағдай туындап, айқай-шу шықты. Шымкент уездік ревкомының бұйрығымен келген 3 милицияны олар соққыға жығып, қаруларын тартып алған кезде де Бауыржан араша түсті. Осы тұста қазақ тарихындағы «қанды іздей» өшпес, ұмытылмас болып қалған кеңестік жазалау науқанының алғашқы құрбандарының есімдері аталады. Қазақтың белгілі жазушысы, алаш ұранды ғалым Т.Жұртбайдың «Ұраным Алаш» атты кітабындағы «Дала қашқыны» деген тарауда Дінше Әділұлы деген азамат туралы баяндалады. Онда ғалым кеңестік биліктің Діншеге «Бетпақтағы милиция бастығын өлтірдің, қырдағы елді үкіметке қарсы көтеруге үгіттедің, Ә.Бөкейхановтың тапсырмасы бойынша Голощекинді өлтірмек болдың» деген сынды толып жатқан жаланы жапқанын әшкерелейді.
Ал қақтығыста әлгі милициялардан алып қойған қаруларын өздеріне қайтарған Бауыржан осы Әділұлдарынан алып береді. Ал Әділұлдары сол кезде түрмеден қашып шығып жүрген екен. Дәл сол уақытта большевиктер Әділұлдарына «бандалар» деген қара айдар тағып, іздестіру үстінде болатын. Егер Бауыржан Момышұлы кеңестік үкіметтің шолақ белсендісі ретінде мансап қуса және НКВД-нің жендеті болса жоғарыдағы аталған азаматтарды ұстауға әрекет еткен болар еді. Бірақ олар бір-бірін ондай қиянатқа қимаған сияқты. Керісінше Момышұлы осы оқиғадан кейін бұл қызметін өткізіп кеткен.
Батырдың алаш арыстарын қалай құрмет тұтқанын өз шығармаларынан да аңғаруға болады. Ол көбінде М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатовтың өлеңдері мен шығармаларын жатқа біліп қана қоймай, олардың ұлтқа істеген ұлы істерін сол кездегі кеңестік көзқарастағы ғалымдар мен жазушылардың арасында ұлықтаудан танған емес. Келер жылы Бауыржандай айбарлы бабамыздың 110 жылдық мерейтойы.
Биыл елімізде ХХ ғасырдағы «қазақ саяси элитасының» көрнекті тұлғалары С.Сейфуллин, С.Қожанов, А.Сейіт, Т.Шонанұлы, Х.Болғанбай сынды тұлғалардың 125 жылдық мерейтойлары керемет аталып өтілді. Алдағы жылы Бауыржанның мерейтойы ескерусіз қалмаса жарар еді. Соны ескерсек, шіркін!

Мадияр Ералыұлы,
«Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының
ғылыми қызметкері.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support