- Advertisement -

Тарихымыздың жарқын бет тері жадымызда

73

- Advertisement -

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы,
облыстық мәслихаттың депутаты.

Қазақстанның аумақтық картасына түсіп, облысымыздың аймақтық мәнінде өз тарихын айғақтай бастағанына – 80 жыл. Бұл, әлбетте, аз уақыт емес. Қазақ халқының басынан кешкен неше заман, талай дәуірдің куәгері болған өлкенің өмірінде өрнек салған кезеңдер мен саяси оқиғалардың, құйтырқы әрі еріксіз иілткен иірімді басқарудың өкінішті тұстары да бар. Сол 1939 жылы өз алдына отау тіккен уақыттан бері толқынды кезеңдерді ой таразына салатын болсақ, көне Тараз жұртының ауыр бейнетті бел қайыстырмай көтеріп, туған жердің байлыққа толы қазынасын игеріп, күн-түн демей жанқиярлықпен еңбек еткенін, қоғам мүддесі үшін ақ тер, көк тер болып жанын да аямаған қаhармандығын құрметпен еске алуға тиіспіз.
Жас ұрпақ ата-апаларымыздың кешегі дәуірде де, бұл күндері де келешекке зор сеніммен қарап, нағыз бейнетпен игілікті, тірлікке толы өмірді жасауға келгенде мінсіз адалдық танытқанын біліп жүргені жөн. Олардың өнегелі жолын әрдайым әділ бағалап, сыйлай білуіміз – азаматтық парызымыз болмақ. Бұл туған еліміздің ертеңі үшін естен шығармай, біле жүретін ізгілік жолы деп санаймыз. Қай қоғамда болсын еңбеккер, еңбекшіл, жұмыскер деген адамзаттық ұғымдар ерекше қастерлі әрі ол тұтас ел дамуының айнымас көрсеткіші.
Жұрттың аузында «халықтық ұйым» деген құрметке ие кәсіподақ ұйымдарының атқаратын қызметі де, үкіметтік емес ұйым ретінде қоғамда алатын орны да осы еңбек адамдарының мүддесі мен құқын қорғауға арналғанын көпшілік жақсы біледі. Облыс кәсіподақ ұйымдарының тарихы Қазақстанда алғаш пайда бола бастаған кәсіподақтық қозғалыспен тығыз байланысты. Қазақ жерінде кәсіподақтар ұйымының ұшқындары 1905-1907 жылдары көрінсе, ХХ ғасырдың басында Әулиеата уезінде ұйымдық бірігу мәселесі кеңестік дәуірдің өмірімен қолға алынған. 1930 жылы 1-2 шілдеде өткен Әулиеата аудандық кәсіподақтар кеңесінің құрылтайын осы өңірдегі кәсіподаққа тән тарихтың бастауы деп те қарауға болады. Бұл уақытта Әулиеата және бірқатар аудандар Оңтүстік Қазақстан облысына қарағанын да естен шығаруға болмайды. Соған қарамастан бұл аудандық ұйым 30-дан астам салалық кәсіподақ ұйымдарының қызметін де үйлестіріп, өндіріс орнындағы еңбекшілердің құқы мен мүддесін қорғауға өз шамасына қарай қызмет етті.
Екінші дүниежүзілік соғысы жылдары кәсіподақ ұйымдарының белгілі себептермен тікелей өз жұмыстарын уақытша тоқтатқанын да айта кету керек. Тек 1948 жылы барлық облыста кәсіподақтар ұйымы жұмысы қайта жандана бастады. Сол кезеңдерден бері кәсіподақ қозғалысы еңбек адамдары өмірімен біте қайнасып, тарихи уақытта өз қолтаңбасын қалдырып, өңірдің сан-салалы дамуына өз үлестерін қосып келеді. Тарихи дәстүрге және даталы оқиғаға орай облыстық кәсіподақтар кеңесін басқарған кісілерді ардақтап, олардың аты-жөнін атап кетудің реті келіп тұр.
Кәсіподақ кадрларының тапшылығына байланысты, әрі сол кездегі саясаттың ыңғайына қарай 1948 жылы облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы лауазымына Башқұртстанда дүниеге келіп, сол жақта бірқатар жауапты қызметтер атқарып, 1939 жылы Қазақстанға көшіп келген Зубарджат Нуғаеваны тағайындайды. Бұл кісі кәсіподақ ұйымын 1952 жылға дейін абыройлы басқарып, құрметке бөленеді. Одан кейін бұл қызметке Атырау, Батыс Қазақстан облыстары және Алматы қалалық атқару комитетінде түрлі жауапты қызметтер атқарып, тіптен республикалық Денсаулық сақтау Халық Комиссары болған Мәрия Исмагилова келіп, шын мәнінде мемлекеттік басқару жүйесінде көп тәжірибесі бар адам өңірде кәсіподақ қозғалысын дамытып, кәсіподақ қатарын нығайтуға елеулі үлес қосады. 1958 жылы облыстық кеңеске Қасымжан Ысқақов басшы болып тағайындалады. Бұл азамат та партия қызметінде мол тәжірибе жинақтаған. Он жыл бойы Ақтөбе және Павлодар облыстық комитеттерінің хатшысы болған кәнігі мемлекеттік қызметкер кәсіподақ жұмысының жақсара түсуіне өзіндік қолтаңбасын қалдырды.
Облыстық кәсіподақтар кеңесінің 1963-1970 жылдардағы төрағасы Қанапия Қасенов те Көкшектауда туып, өсіп, білім қуған азамат болған. Қазақстанның бірқатар облысында басшылық қызметтер атқарған майдангер, 1961-1963 жылдары облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болған кісінің ұстамдылығы мен білімділігін әріптестері әрдайым жоғары бағалаған. 1970-1980 жылдары облыстық кәсіподақ ұйымына Әжібай Әпсеметов жетекшілік етті. Қабілетті басшы, ардақты азаматтың берекелі жұмыстары көпшіліктің есінде сақталған.
Ал белгілі қоғам қайраткері Әнуарбек Жүнісәлиевтің кәсіподақты басқарған жылдары өте жемісті болды. Рухы мықты қазақ деп жұрт жақтаған азамат осы қызметте 15 жыл (1980-1995 ж.а.) бойы тер төкті. Әлекеңнің әдебиетке әуестігі, өлең-жыр жазатын қабілет-қарымы, кесек тұлғалы кісілігі ел аузында кейде аңызға бергісіз әңгіме ретінде айтылуы бекер емес. Халыққа сыйлы, өңірдің аузы дуалы азаматына айналған ол кәсіподақтың беделіне өзінің жеке абырой-беделімен айтарлықтай үлес қосты. Бекзат болмысты Амангелді Омаров 1995 жылы облыстық кәсіподақтар кеңесіне басшылыққа келген уақыт өте қиын кезең болатын. Кешегі одақтағы экономикалық байланыстар үзіліп, егемендіктің елең-алаңында өндіріс орындары жабылып, кәсіподақ ұйымдары да қатты абдырап қалған-ды. Белгілі қиындықтарды еңсеріп, кәсіподақ ұйымдарының қызметін үйлестіру жұмысында тәжірибелі басшы елеулі қызмет етті.
Бұл лауазымға 2003 жылы сайланған Гүлсін Орынбаева кәсіподақ көшбасшылығына дейін көпшілікке танымал, қазақтың қайраткер қызына тән салалық кәсіподақ ұйымдарына жетекшілік жасап, ел аузына іліккен қызметімен айқын өмір жолы бар болатын. Бірнеше мәрте облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Өңірдің қоғамдық-саяси жұмыстарына белсене араласып, білім-біліктілігімен құрметке бөленді. Ол Қазақстан Кәсіподақтар федерациясында өз ісін жетік білетін, ұйымдастырушылық қарым-қабілеті мол тұлға ретінде әріптестерінің арасында беделді болды. Гүлсін Рақымжанқызы кәсіподақ қозғалысын дамыту тарихында ізбасарлары айта жүретін жаңашылдық ізденістерімен із қалдырды. Бақыт Сапарбаева да облыстық ұйымға бірнеше жыл жетекшілік жасап, салалық ұйымдардың жұмысын ойдағыдай ұйымдастырып отырды. Бұл кісілермен бірге өндіріс орындарында, әлеуметтік салаларда кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жолға қойған жеке белсенді азаматтардың да еңбегін ыстық ықыласпен айта кеткеніміз әділдік болар еді.
Қазақстан кәсіподақтары да заман талабына сай өз жұмыстарын жетілдіру және қайта жаңғырту жолында қызмет етуде. Жұмыскерлердің еңбек құқын қорғау мәселесінде белсенді болып, заң қағидаларының орындалуын қадағалауды алға қояды. Бұл күндері Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының құрамында 2 миллион 300 мыңға жуық мүше бар. ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов таяуда Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде әлеуметтік еңбек қатынастарын жетілдіру жолында кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жүйелі атқару, ең әуелі жұмыскерлердің құқы мен мүддесін қорғау арқылы халықтық құрметке ие болу – басты шарт екенін көрсетіп берді. Бұл арада әлеуметтік әріптестікті нығайту өте өзекті болып табылады. Жамбыл облысында 15 салалық кәсіподақ ұйымында 122 мыңға жуық кәсіподақ мүшесі бар. Бұл әлеуеті зор күш. Бәрі де еңбек адамы. Олар – ел тірегі. Еңбек құндылықтарын бәрінен биік қойған қоғамның белсенді өкілдері. Туған еліміздің өркен жайып, дамуына үлес қосып келе жатқан тұлғалар мен еңбек адамдарының, жалпы кәсіподақ мүшелерінің қарекеттерін біздің төл тарихымыздың жарқын беттері деп айтуға толық негіз бар.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support