- Advertisement -

Қызыл жебе

432

- Advertisement -

Еліміздің тәуелсіздік алуы жолында қазақ тарихында талай ірі тұлғалар болғаны белгілі. Туған халқын азаттық жолындағы күреске бастаған қазақ зиялылары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Б.Майлин, С.Сейфуллин және басқа да көрнекті тұлғалар. Солардың бірі – ірі мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов.1917 жылғы революция мен азамат соғысы жылдарында Түркістанның басқа да мұсылман халықтары сынды қазақтар да үлкен әлеуметтік-экономикалық апатқа ұшырап, сұрапыл ашаршылықты басынан өткізді. Миллиондаған қандастарымыз жазықсыз жапа шекті.

Тұрар Рысқұлов 1894 жылы 26 желтоқсанда Жетісу облысында (қазіргі Алматы облысы) өмірі теңдік пен бостандық жолында тайсалмай күреспен өткен көшпелі қазақ шаруасының шаңырағында дүниеге келді. Оның әкесі Рысқұл Жылқыайдарұлы 1859 жылы сол кездегі Сырдария облысына қарасты қазіргі Түлкібас ауданында дүниеге келген. Жергілікті патша және бай-билердің қысымына шыдай алмай, осында қоныс аударған. Рысқұл елге атағы жайылған кәнігі аңшы болған. Талғар тауының жағдайын жақсы білген, 1903 жылы ол зерттеуші С.Д.Димитеривке Талғар тауын зерттеуге көмектеседі. Есіл өзенінің бастауындағы мұзды алқап «Рысқұл алқабы» деп аталады. Жаңа қонысында да әділетсіздік көрген Рысқұл 1904 жылы желтоқсанда халыққа тізесі батқан және өзіне нақақтан жала жапқан жергілікті болысты атып өлтіріп, Верный түрмесіне қамалады. Бұл жайт туралы жазушы М.Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» шығармасының желісі бойынша түсірілген фильмінен белгілі. Ол кезде Тұрар он жастағы ойын баласы еді. Рысқұл баласымен бірге түрмеде болады. Түрмеде орыс тілін меңгереді, әріпті жақсы таниды. Бір жылдан соң әкесі Рысқұл Сібірге айдалады. Қорғансыз қалған Тұрар туыстарының көмегімен 1907 жылы Меркідегі орыс-түземдік бастауыш мектебіне түсіп, оны үздік бітіріп шығады. Бұл оқу орнына Тұрар Қырғызбаев деген жалған фамилиямен беріліп, Рысқұлдың баласы екені жасырылған.
1910 жылы Тұрар Пішпектегі 1-ші дәрежелі ауыл шаруашылығы мектебіне қабылданып, оны 1914 жылы қазан айында бау-бақша өсіруші мамандығы бойынша бітіреді. Самара қаласындағы орта дәрежелі ауыл шаруашылығы училищесіне түсу үшін арнайы жолдама беріледі, бірақ училище директоры «қазақ – көшпелі, оған жер өңдеуді оқудың қажеті жоқ», – деп қабылдамай қояды. Тауы шағылған Тұрар 1915 жылы Ташкентте жаңадан ашылған мұғалімдер институтына түсуге тырысады. Бірақ оны мұнда «бұратана» деген сылтаумен қабылдамайды. Осы жылдары темір жол құрылысының Түлкібас бөлімшесінде жұмыс бабымен жүрген қазақтың тұңғыш инженері М.Тынышпаевтың шақыруымен Тұрар ол кісімен жолығады. Ол кісі Тұрардың оқуға түсуіне көмек ретінде 100 рубль қаржы береді. Бұл олардың алғашқы кездесуі еді. Ол туралы М.Тынышпаевтың естелік жазбасында көрсетілген. Ақыры ол оқу министріне арыздана жүріп, арнайы рұқсатпен емтихан тапсырады да, оқуға қабылданады.
1916 жылы жазда қазақ даласында патша өкіметіне қарсы ұлт-азаттық көтеріліс бұрқ ете түседі. Әулиеата уезінде қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісіне қатысады, өзін әділет жолында тайсалмайтын қалың бұқараға жетекші ретінде көрсетеді. Т.Рысқұловты патша әкімшілігі тұтқындайды, бірақ оның іс-әрекетінен кінә таба алмай, босатып жіберуге мәжбүр болады. Саяси қызметпен айналысуға қатаң тыйым салады.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс Т.Рысқұловты толғандырды. Оны туған халқының тағдыры налытты, азаттық жолындағы күреске белді бекем байлап кірісу қажеттігін ой-санасына ұялатты. Қазақ халқының бостандығы үшін күрес жолына түскен Т.Рысқұлов 1917 жылы көктемде Меркіге оралып, онда Қазақ жастарының «Бұқара» революциялық одағын құрады.1917 жылы жазда Ташкент қаласында қазақ депуттарының Түркістан өлкелік кеңесі құрылды. Ол кеңестің жетекшілерінің бірі Т.Рысқұлов болды. Т.Рысқұлов 1917 жылы қыркүйек айында РСДРП мүшелігіне қабылданды. Оның большевиктік бағыттағы саяси ағымға қосылуына басты себеп: бұл идеяға сеніп, большевиктер партиясын қазақ халқын теңдік пен бостандыққа жеткізе алатын бірден-бір саяси күш ретінде қабылдауы, әрі өзі шыққан әлеуметтік орта оны осы бағытты қабылдауға итермеледі. 1917 жылы 25 қазанда Петроградта жеңіске жеткен Қазан социалистік революциясы буржуазиялық уақытша үкіметті құлатып, саяси билік басына кеңес үкіметі мен большевиктер партиясын әкелді.
1917-1918 жылдардың қысы аса ауыр жағдайда өтті. 1917 жылдың күзіне таман басталып, 1918 жылдың қыс айларында үдей түскен ашаршылыққа ең алдымен уездің көшпелі халқы ұшырады, ал уездің отырықшы орыс шаруалары мұндай ауыртпалықты басынан кешкен жоқ. Саяси белсенді іс-әрекетімен таныла бастаған Т.Рысқұлов депуттардың ұсынуымен 1918 жылы сәуірде Әулиеата уездік кеңесі атқару комитетінің төрағасының орынбасары болып сайланды. 1918 жылы шілдеде Әулиеата уездік кеңесі өзінің ең белсенді мүшесі ретінде Т.Рысқұловты Ташкент қаласында шақырылған Түркістан Республикасы уездік кеңестері төрағаларының 1 съезіне өкіл етіп жібереді.
1918 жылы күзде Түркістан Республикасының Денсаулық сақтау халық комиссары болып Т.Рысқұлов тағайындалады. Комиссариаттың жұмысы қайта құрылып, негізгі күш-қуат халық арасында кең тараған жұқпалы ауруларды жою ісін ұйымдастыруға, дәрігерлік көмекті дұрыс жолға қоюға жұмсалады.
1919 жылы қыркүйек айында Ташкент қаласында өткен ТКП IV съезі мен Түркістан Республикасы Кеңестерінің кезекті VIII съезі Т.Рысқұлов пен ол басқарып отырған Мұсылман Бюросының саяси беделінің зор өскенін көрсетті. Съездердегі ең басты мәселе – ұлт мәселесі. Кеңестердің VIII съезінің мәжілістеріне төрағалық еткен Т.Рысқұлов Түркістан Республикасында мемлекеттік деп жарияланған тілдердің тең құқылығын сақтау үшін делегаттарға бұл мәселеге ерекше көңіл бөлуді ескертеді.1920 жылы қаңтарда Түркістан ОАК-нің Төрағасы болып сайланды. ТКП-нің V өлкелік конференциясында «Ұлттық мәселе және ұлттық коммунистік секциялар» деген тақырыпта баяндама жасады. Конференция Т.Рысқұловтың Түрік Республикасын және Түрік Компартиясын құру туралы ұсынысын қабылдады. Бұл Т.Рысқұловтың «Түркістан тұтас бол, түркі тілдес түгел бол!» деген идеясы болатын.
1920 жылғы 25-ші мамырда Ф.Ходжаевпен және Г.Бек-Ивановпен бірге В.И.Ленинге «Ресей Социалистік Федерациясының Түркістан Автономиялық Кеңестік Республикасы туралы ереже» жобасын тапсырады. Сол жылдың сәуір-шілде айларында Тұрардың ұйымдастыруымен білік редакция мен баспахана жасақталып, «Жаңа өріс» газеті жарық көреді. Тұрар маусым айында Мәскеуде болған кезде РКФСР үкіметінен жазу машинкаларын, бояу, арабша қаріптер, екі жылға жететін қағаз алып, Ташкентке жеткізеді. Бірақ Кремль көсемдеріне Түркістанның егемендігі туралы идеяларын өткізе алмаған Тұрар отставкаға кеткен соң Түрккомиссия «Жаңа өрісті» жаптырып тастады, ал бірнеше айдан соң өзінің тапсырмасымен Мұсбюро қайраткерлері мен Тұрарды қуғындауға атсалысқан қазақ қайраткерлеріне «Жаңа өрістің» материалдық базасын пайдаланып, «Ақ жол» деген атпен қайта шығаруға рұқсат береді. 13 маусымда В.И.Ленин Т.Рысқұловтың түрік халықтарының автономиясы жөніндегі жобасын қабылдамай тастайды. Осы жылы күзде РКФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссарының, яғни И.Сталиннің екінші орынбасары болып тағайындалады. Жыл соңында комиссиариаттың Әзірбайжандағы өкілі болып ауыстырылады. Баку қаласындағы Шығыс халықтарының І съезінің жұмысына қатысады.
1922 жылы қыркүйекте Түркістан АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы болып тағайындалды. Желтоқсанда КСРО кеңестерінің І съезінде КСРО ОАК-нің мүшесі болып сайланды. 1923 жылы қыркүйекте Түркістаннан келіп оқып жатқан студенттердің жағдайымен танысу мақсатымен Германияға барды.
1924 жылдан Т.Рысқұловтың өмірі мен қызметінің жаңа кезеңі басталады. Сәуірде коммунистік интернационал атқару комитетінің Орта-Шығыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып бекітіліп, енді ол халықаралық деңгейге шығады. Өйткені Моңғолияға жұмысқа жіберіледі, коминтерннің өкілі болды. Онда болған кезінде саяси мәселелермен қоса, елдің экономикалық проблемаларымен де айналысты. МХР-дың тұңғыш Конституциясын, партияның екінші бағдарламасы мен жарғысын жасап беру арқылы елдің балашағын демократия жолына бағыттап берді. 1926 жылы Т.Рысқұлов РКФСР халкомкеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалады. Ол Шығыс халықтарының үкіметтегі бірден-бір өкілі болды. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев «1926-1937 жылдарда халық комиссарлар Советі төрағасының орынбасары Т.Рысқұловқа дейін қазақ баласы дәл мұндай қызмет атқарып көрмеген болатын», –деп атап көрсетті.
Кәсіпшілік кооперациясы мен қолөнершілік өнеркәсібі комитетінің басшысы (1932-1934 жж.), коммуналдық шаруашылық бас басқармасының бастығы (1930-1931 жж.) болды. Түрксіб құрылысына жәрдемдесу комитетінің басшысы (1927-1930 жж.) жұмысын істеді. 1930-1934 жылдары Ресей Федерациясының экспорттық кеңесін басқарады, неғұрлым біліктілігі жоғары адам ретінде Т.Рысқұловты КСРО халкомкеңесі жанындағы тұрақты мақта кеңесінің төрағасы етіп бекітеді (1926-1930 жж).
Т.Рысқұлов халкомкеңесі Төрағасының орынбасары бола жүріп, көптеген мәселелермен айналысты. Өнеркәсіп кәсіпорындарын үздіксіз өндіріске көшірумен байланысты жұмыстарды ұйымдастыру және басшылық жасау жөніндегі үкіметтік арнаулы комиссияны басқарды. Ол РКФСР халкомкеңесінің 296 мәжілісіне қатысты, 34 рет Ресей Федерациясы үкіметінің мәжілістеріне төрағалық етті, РКФСР халкомкеңесінің 2070 қаулысына қол қойды. Тұрар Рысқұловтың өмірдегі үзеңгілес серіктері де осал болған жоқ. Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Досмұхамедов, Ораз Жандосов, Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұлов, Санжар Асфендияров, Нығмет Нұрмақов және тағысын тағылар. РКФСР халкомкеңесі төрағасының орынбасары қызметінде шаруасы аса қауырт адам бола тұра, ол Қазақстаны туралы көп ойланып-толғанады, туған-туыстарынан хаттар алады, аштық туралы, қазақтардың қоныс аударып кетуі туралы естиді.
Ол Қазақстанда Голощекиннің басқаруымен жүргізілген жаппай коллективтендірудің тұрғылықты халық үшін сұмдық, қайғылы нәтижелеріне жаны қатты күйзеліп, Сталин мен оның айналасындағыларды бағытты өзгерту қажеттігіне сендіруге тырысты. Т.Рысқұлов И.Сталиннің қабылдауында болған кезінде ВКП (б) Орталық Комитетінің қарауына ашаршылықты, қазақтардың көшіп кетуін тоқтату жөнінде бірқатар міндеттер қояды және олардың орындауын бақылап отырады. Бұған Сталинге жазған 3 хаты айғақ. Оның басты идеясы қазақ ұлтының гендік қорын сақтау болған. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев 1994 жылы ұлт қайраткерлеріне арналған «Тарих зердесі» атты кеште сөйлеген сөзінде «Тұрар Рысқұловтың асыл әруағына тағзым етіп, атын ардақтағанда біздің ойымызға оның ел үшін еткен ең ересен, ең ірі, ең қасетті еңбегі алдымен оралады. Қазақ даласына айдың-күннің аманында, қазан ұрмай, қар жаумай-ақ келген нағыз нәубет – алапат ашаршылық тұсында Рысқұлов тұлғасының шын мәнінде ұлы екені айқын көрінді. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған, қырына алғанның қабырғасын қақыратып, көлденең тұрғанның бәрін көрде шірітіп жатқан Сталиндей тиранға қарсы шабу, қазақ даласындағы қолдан жасалған қырғынды тоқтаттыруды талап ету өлімге бас тігіп, ажал аузына өзі барумен бірдей ерлік болатын. Осы ұлы еңбегі үшін Қазақ елі Тұрар Рысқұловтың атын мәңгі-бақи ардақтап өтетін болады!» деп атап көрсетті.
Т.Рысқұлов ВКП (б) Қазөлкекомға ғана емес, сондай-ақ Қырғыз және башқұрт АКСР үкімет органдарына да қазақтардың қоныс аударуын тоқтату туралы, оларды жұмыс орындарында қалдыру жөнінде хаттар, телеграммалар салады.
Т.Рысқұлов Халкомкеңесі Төрағасының орынбасары қызметінде орындаған соңғы жауапты тапсырмасы мынадай: ол 1937 жылы 18 қаңтарда РКФСР Конституциясының түпкілікті мәтінін әзірлеу үшін редакциялық комиссияға енгізілді. Комиссия құрамына М.И.Калинин, Т.К.Орджонокидзе: РКФСР ХКК-нің Төрағасы Д.Е.Сулимов, Т.Рысқұлов және басқалар сайланды. Т.Рысқұлов Конституцияға өзінің реформаторлық идеяларын енгізе алмады және 1000 беттік «Қазақстан тарихы» атты монографиясын аяқтамады. Өйткені ол Сталин құрған жеке бастың билігі режімінің құрбаны болды.
Т.Рысқұлов РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарып жүріп, 1937 жылғы 21 мамыр күні «халық жауы» деген жаламен қамауға алынды. 1938 жылғы 8 ақпанда «Үштіктің» үкімімен ату жазасына кесіліп, 10 ақпанда орындалды. 1956 жылы 8 желтоқсанда КСР Одағы Жоғарғы Соттың Әскери коллегиясы Отан, халық алдында жазығы жоқ деп ақтады. Осындай қыруар еңбек тындырып, халқының бақыты үшін аянбай тер төккен асыл азаматтарды отаршылдық озбыр саясат өз халқына жау етіп көрсетіп, тәжірибесі молайып, кемеліне келген шағында мерт қылды. Бірақ халық оның есімін ұмытқан жоқ. Қазір еліміздегі бірнеше қаланың көшесі, жоғары оқу орындары мен мектептер, аудан мен ауыл атаулары Т.Рысқұловтың есімімен аталып, арнайы ескерткіштер орнатылған.
Т.Рысқұловтың 100 жылдығына орай Түлкібас ауданы мен Майлыкент ауылдық округінің орталығына, орталық көшеге, аудандық музейге Тұрар Рысқұловтың есімі берілді. Сол сияқты «Жанкент» шағын ауданындағы «Жастар» саябағына Тұрар ескерткіші қойылған. Түлкібас бекетіндегі, сондай-ақ Рысқұлов ауылындағы жалпы орта мектеп те Тұрардың есімімен аталады. Ауданымызда әкім болып бірнеше жыл қызмет атқарған Қ.А.Әбдуалиевтің бастамасымен Батыс Қытай – Батыс Еуропа тас жолының бойында Т.Рысқұловтың ескерткіші орнатылды. Ауданымыздың 90 жылдығына орай Алаштың ұлы тұлғалары М.Тынышпаев пен Т.Рысқұловқа Түлкібас бекетінде ескерткіш қойылды. Т.Рысқұловтың өмірі мен қызметін зерттеу өткен ғасырдың 60-шы жылдары басталған болатын. Алғашында мерзімді баспасөз бетінде көрініс тапқан жарияланымдар бірте-бірте ірі ғылыми ізденістерге жол ашты.1974 жылы, яғни қайраткердің 80 жылдығы қарсаңында белгілі қазақ тарихшылары – С.Б.Бейсембаев пен С.Б.Көлбаевтың, 90 және 100 жылдық мерейтойына арнап В.М.Устинов пен О.М.Қоңыратбаевтың еңбектері жарық көрді.
2012 жылы Қазақстанның Құрметті журналисі Дулат Әбіш бастаған бір топ делегация мүшелері«Ұлыларға тағзым» атты бағдарлама аясында Мәскеу қаласында «Коммунарка» зиратында жерленген алаштың ірі тұлғалары Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов және Сұлтанбек Қожановқа туған жерінен топырақ апарып салып, тас белгілері қойылды. Алаш париясы мен Үкіметі мүшелері Дон зиратындағы Ә.Бөкейханов, Н.Нұрмақовқа қойылған ескерткіштерге және Т.Рысқұловтың «Халық жауының» ұлы деп жазықсыз қамалған ұлы Ескендірге қойылған құлпытасқа тағзым етілді.
2017 жылы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Тәуелсіздік жолында құрбан болған ұлы тұлғалармен ұлт зиялыларының есімін ұлықтау мақсатында бұл іс-шара қайталанды. Еліміздің тәуелсіздігі жолында аянбай еңбек еткен, ерен тұлғаларымызға тағзым етеміз және олардың өз халқының тағдырына деген сүйіспеншілігі болашақ жастарға үлгі.

Лесбек Махмұтов,
Т.Рысқұлов атындағы аудандық
тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support