- Advertisement -

Есірткіге елітпе, есті ұрпақ!

98

- Advertisement -

Бүгінде кез келген адамды тура жолдан тайдыратын, бар өмірін астаң-кестең ететін нашақорлық дерті дендеп барады. Дәл осы аты жаман кеселден зардап шеккендердің саны жыл өткен сайын көбеймесе, азаяр емес. Ал олар баяғы өміріне орала ала ма, жоқ па, ол да белгісіз. Рас, дер кезінде ес жиып, есірткіден өз бетімен айыққандар да бар. Алайда нашақорлыққа бір бой үйреткеннен кейін оның шырмауынан шығу мұңға айналады. Тіпті, арнайы мамандар мен психологтардың да дәрмені жетпей жататын жағдайлар кездеседі. Сол себепті, бүгінгі қоғамның алдында тұрған басты мақсат – өскелең ұрпақты нашақорлықтан арашалап қалу болып тұр. Өйткені есірткі сатумен айналысатын топтар көбіне-көп әлі де оң-солын танып үлгермеген жастарды торуылдап, оларды қақпанына түсірудің неше түрлі айла-шарғысын ойлап табуда.

Ойлап қарасақ, қазіргі кезде есірткінің біз біле бермейтін түрлері өте көп. Мәселен, бұрнағы жылдары біз Шу алқабында өсетін қарасораны ғана білетін болсақ, бүгінде оның жапырақтарынан дайындалатын көптеген түрлері пайда бола бастады. Бұның бәрі әлемдегі химия саласының дамуымен тікелей байланысты екенін де айта кетуіміз керек. Неге десеңіз, бүгінде есірткіге үлкен тәуелділік тудыратын кокаин, героин, гашиш, апиын сынды түрлерінен бөлек, амфетамин, первитин, крэк және экстази түйіршігі де есірткінің атын аспандатып тұр. Бұлардың барлығы да химиялық қоспалар арқылы жасалады. Жалпы, есірткі саудасының артында көпшіліктің көзіне түсе бермейтін арнайы топтар болады. Бұндай қылмыстық топтар қалталары ортайып қалмас үшін нашақорлардың саны арта түсуін қалайды. Осыған байланысты олар күн өткен сайын есірткінің жастарға ыңғайлы, ықшамдау, көпшілік арасында емін-еркін пайдалана алатын түрлерін ойлап тауып, оны таратуға бар күшін салуда. Тіпті, қазіргі кезде есірткі саудасы желілік маркетингке айналып үлгерді. Олай дейтініміз, кейінгі жылдары ірі қалалардағы тұрғын үйлер мен ғимараттардың қабырғасында, қоршаулардың сыртында синтетикалық есірткі мен оларды саудалауға мүдделі сайттарды жарнамалайтын, есірткі жасыратын орындарды әзірлеп, ақша табуға шақыратын хабарламалар саны күрт өсіп кетті. Бір қызығы, синтетикалық есірткімен ұсталған адамдардың қатарында жауапқа тартылмайтындары да кездеседі екен. Ондағы себеп – кейбір синтетикалық есірткілер тыйым салынған психотропты заттар мен есірткі қатарына жатқызылмайтын көрінеді. Міне, осыған орай, үстіміздегі жылдың шілде айында жаңа қаулы қабылданған болатын. Бүгінгі таңда күшіне еніп үлгерген қаулыға сәйкес, есірткінің, психотропты заттар мен прекурсорлардың жаңа тізімі бекітілген. Бұдан бөлек, тәркіленген есірткі және психотропты заттар, олардың баламалары мен прекурсорларын шағын, ірі және аса ірі көлемге жатқызу бойынша арнайы кесте де бекітілді. Онда есірткі мен психотропты заттарды алмастыруға қауқарлы заттардың тізімі қоса жазылған. Бұл өз кезегінде жоғарыда аталған келеңсіздіктердің енді қайталанбауына сеп болмақ. Бұдан былай синтетикалық есірткімен ұсталып, заңның олқылығынан еш кінәсіз деп танылғандар енді тайраңдап жүре алмайды. Әрине, бұл қаулының шығып, арнайы заң жүзінде бекітілгеніне жарты жыл да бола қойған жоқ. Десе де алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар өз жемісін береріне күмән келтіре алмаймыз.
Сонымен қатар тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу ауданы қарасораны жинауға, өңдеуге және оны еліміздің кез келген аумағы мен өзге мемлекеттерге таратуға өте ыңғайлы жердің бірі екені белгілі. Оның үстіне, еліміз бойынша есірткі ең көп өсетін аудандардың қатарында. Мұндағы қарасора өсетін алқаптың жалпы аумағы 140 мың гектарды құрайды екен. Бұл да өз кезегінде аудан тұрғындарын бейжай қалдырмасы анық. Бүгінгі күнге дейін ауданда есірткі затын дайындайтын, сататын және пайдаланатын көптеген қылмыстық топтар құрықталып, темір торға тоғытылды. Дейтұрғанмен олардың саны азаяр емес. Керісінше, жыл өткен сайын арта түскен сыңайлы. Мәселен, Шу ауданында 2007 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Дельта-Долина» ауданаралық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылдың 10 айында жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде есірткіге байланысты 68 заң бұзушылық анықталса, өткен жылы 63 іс қозғалған. Сондай-ақ биылғы жылдың 10 айында заңсыз айналымнан 779 келіден аса түрлі есірткі заттары табылса, өткен жылдың есепті мерзімінде 562 келіні құраған. Міне, осы көрсеткіштерден-ақ есірткі тасымалының өршіп бара жатқанын аңғаруға болады.
Иә, есірткі заттарын заңсыз ору, оны жасыру, аса ірі мөлшерде тасымалдау туралы келіп түскен мәліметтерді толық тексеріп, қылмыстың алдын алу «Дельта-Долина» ауданаралық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің басты міндеті. Қазір мұнда істейтін құқық қорғау қызметкерлерінің саны 20-ның ар жақ-бер жағында. Аталмыш бөлімге Шу, Қордай, Т.Рысқұлов, Мойынқұм және Меркі аудандары қарайтынын ескерсек, 20 қызметкердің өте аз екені белгілі. Оның үстіне, мұндағы қызметкерлер есірткімен айналысатын қылмыскерлер құмды шөлейттерде еш кедергісіз жүру мақсатында жақсы бапталған жылқы малын пайдаланатынын айтады. Сонымен бірге олар ай жарық кезде есірткі алқабына шықпайтын көрінеді. Әбден әккі болып алған бұндай топтарға тұтқиылдан тап беріп, оларды арнайы техникамен қуалау өте қиынға соғады. Соған қарамастан бөлім қызметкерлері қылмыскерлердің жолын кесу үшін барын салып жұмыс істеуде.
Тоғыз жолдың торабындағы Шу алқабының өзі еліміз бойынша есірткі тұқымдас өсімдіктердің ірі аймағы болып табылатынын жоғарыда айттық. Еліміз үшін үлкен дертке айналған есірткі бизнесінен зардап шегушілердің санын дәл осы Шу ауданындағы есірткі алқабы едәуір арттырып отырғаны анық. Сонымен бірге табиғи аймақта орналасуына қарай, облысымыз есірткі және психотропты заттардың транзиттік тасымалдау жолында орналасқандықтан, осы жол арқылы тасымалданатын есірткі заттарының бір бөлігі өңірімізде қалып, ары қарай заңсыз айналымға түсіп, сатылымға енуі де жиі кездесуде. Сондықтан есірткімен күресіп қана қоймай, оны сатуға жол бермеудің, алдын алудың жолдарын іздестіру қажет. Әлбетте, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар нашақорлық дертінің, есірткі кеселінің қаншалықты зиян екенін жақсы түсінеді. Ал енді ғана ес жиып келе жатқан жасөспірімдер одан келер кесапаттың салмағын саралай алмасы анық. Сол себепті жастар нашақорлыққа бой алдырмас үшін тұтас елдің, қоғамның мүддесі бір арнада тоғысып, бірлесе жұмыс атқару керек. Өйткені дер кезінде қолға алынбаған істің ертеңгі өкініші үлкен болмақ.

 

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support