- Advertisement -

Экстремизм «індеті» етектен тартпасын

150

- Advertisement -

Біздің мемлекет қай кезде де бейбітсүйгіштігімен танылғаны баршаға мәлім. Жаһан тыныштығының күзетшісі іспетті өзіне асыл миссияны алған Қазақстан қашанда достық пен ынтымақтастықты, бірлікті, берекелі тірлікті қолдайтыны, ұлттар арасындағы татулықты алғы шепке шығаратыны түсінікті жағдай деп парықтаймыз. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның басты ұстанымы. Дін – тазалықтың, мөлдірліктің, имандылықтың, адалдықтың бастауы. Осыны ешқашан қаперден шығармаған ләзім деп ойлаймыз. Алайда әлемде орын алған террорлық оқиғалар жан түршіктіретіні талас тудырмайды. Олардың ойлағаны жұртшылықтың тыныштығын бұзу екені сөзсіз. Әлгіндей теріс ағымның шырмауына шырмалған ұйымдар қалайда өздерінің идеологияларын жүзеге асыруға тырысатындары айтпаса да белгілі ғой. Ойлаңызшы, лаңкестік әрекеттерден кейін қаншама адам мерт болды. Олардың ішінде өрімдей жастар қаншама десеңізші. Мұның барлығы да санаға салмақ салатыны аян. Асыл дін қай кезде де қатігездіктің емес, имандылықтың, парасаттылықтың айнасына айналуы тиіс-ақ. Алайда мұны адамдардың барлығы бірдей түсіне бермейтіні жүректі тілгілейді. Қазіргідей алмағайып заманда әр мемлекеттің дін саласындағы саясатын тиімді жүргізуі – ел тыныштығының тұрақты кепілі. Бүгінде теріс ағымда жүргендер өздерінің қатарларын толықтыру жолында қандай да болсын құрбандыққа баратындары сөзсіз. Олар қолдарында бар мүмкіндіктерін пайдаланады. Өздерінің ойларын жүзеге асыру үшін түрлі айла-әдістерге көшеді. Санасы тұнық адамдардың жүрегіндегі мөлдірлікті лайлауға тырысады. Біз оған мүмкіндік бермеуіміз керек. Мұны баршамыз жан жүрегімізбен түсінеміз.
Біле-білгенге дін мен мемлекет заңды тұрғыдан бөлінгенімен, елімізде өмір сүріп жатқан азаматтар діни ғұрыптарын еркін өтеп жатыр. Оған ешқандай кедергі жоқ. Болмайды да. Мемлекетіміздің дін саласындағы саясаты дегеніміз – Кеңес үкіметіндегі дінсіздендіру режимі емес, керісінше неше түрлі діни сенімдер мен ғибадат ерекшеліктеріне қарамастан татулықта, келісімде өмір сүруін нығайту болмақ. Ол әлбетте дұрыс деп есептейміз. Біздің елде бұл жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатыр. Әрмен қарай да өз қарқынын бәсеңдетпейді дегенге нық сене берсеңіз болады. Қайсы мемлекетті алып қарасақ та діннің өзекті мәселеге айналып отырғанын көруге болады. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені дін тақырыбы әрдайым өзінің нәзіктігімен ерекшеленеді. «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деген сөз текке айтылмағанын да есте ұстаған жөн. Ең бастысы «бүлінгеннен бүлдіргі алмау» қажеттігі назарымызда болуы тиіс. Өйткені біз қайырлы істердің басында жүретін зайырлы мемлекеттің тұрғындарымыз.
Лаңкестік деген пәлекет қашанда қоғамға төнген қауіп екені айтпаса да түсінікті ғой. Оның зардабын әлем жұртшылығы түйсініп отыр десек, еш қателеспейміз. Мәселен 2019 жылдың 15 наурызында мұсылмандар үшін қасиетті саналатын жұма күні Жаңа Зеландияның Крайстчерч қаласында терракт болып, 49 адам қаза тауып, тағы сонша тұрғын жарақат алғанына бүкіл әлем куә болды. Қасірет пе, әрине қасірет. Бейбіт заманда адамдардың бақилық болуы трагедия емей немене?! Тағы да жүрекке салмақ түсіретін жағдай. Бұл оқиға мұсылмандар мен христиан дінін ұстанатындар арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсіре жаздағанын ескерген жөн. Көрдіңіз бе, бір оқиға жаһан жұртына қалай әсер етеді. Сондай-ақ Сириядаға мұсылмандардың мұсылмандарға қарсы соғысып, бір-бірінің жазықсыз қанын төгіп жатқаны да жаһан жұртшылығын ойландырады, толғандырады. Осы бір жағдай да әлем елдерін бейжай қалдырмайды. Осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін қазақ қоғамында радикалдық идеяны азайту мақсатында мемлекет тарапынан бағдарламалар жасалынып, жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Аталған жұмыстар өз нәтижесін беріп те жатыр.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген болатын. Осы бір тұжырымдаманың негізінде халқымыздың дін саласындағы мемлекеттік саясатын қолдауының деңгейі 2020 жылы 90 пайызға, мемлекеттің зайырлы даму қағидаттарының қолдауының өсу деңгейі 2020 жылы 63 пайызға, діни экстремизм мен оның деструктивті идеологиясына қарсы іс-қимыл туралы хабардар болуының деңгейі 2020 жылы 78 пайызды құрауы тиіс. Бұл – нақты орындалуы тиіс меже. Осы бір межеге қол жеткізу үшін алдағы уақытта қыруар жұмыстар атқарылады. Біз қоғам тыныштығы үшін бұл бағытта қолымыздан келгенше аянбай тер төгуге әзірміз. Өйткені біз мұны өзіміздің асыл борышымыз деп білеміз.
Осы бағдарлама тәрізді Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама бекітілген болатын. Бұл бағдарламаның мақсаты – діни экстремизмнің зорлық-зомбылық көріністері мен терроризм қауіптерінен адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бағдарламаға сәйкес 2022 жылы діни алауыздықты немесе араздықты тудыруға бағытталған экстремистік идеяларды жақтайтын адамдар санын 65 пайызға дейін азайту көзделіп отырған жайы бар. Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін облыстағы дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері діни құндылықтарды қазақтың мұсылмандық дүниетанымына сәйкес жүргізіп келеді. Сондай-ақ елімізде заңды тіркеуден өткен 18 конфессиялардың діни сенімін кемсітуіне жол берілмеуін ескергеннің еш артықтығы жоқ деп білеміз. Себебі әр конфессияның артында әлемде миллиондаған жақтаушылары бар. Мұны ілкі сәтке де жадымыздан шығармағанымыз дұрыс. Әр жақтаушы азаматтың діни сенімі өзі үшін қасиетті болып саналғандықтан, осындай нәзік мәселені ескере отырып, діни алауыздықты тудырмас үшін жалпы адамзаттық құндылықтарды насихаттау ел бірлігі мен татулығы үшін жемісті іс болмақ.
Осы міндеттерді жүйелі түрде жүректерге жеткізу мақсатында облыс әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» дінтанушы, теолог мамандары тарапынан жастарға, оқушыларға, жұмыс-сыздарға және шетелден оралған қандастарға әртүрлі форматта кездесулер өткізіліп, діннің ең басты қазынасы адам және оның өмірін сақтау туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ол іс-шаралар өзінің оң нәтижесін беріп те жатыр. Ислам дінінің басты қағидаларының бірі – адамдарды бір-бірін тану үшін ұлт пен ұлыс ретінде жаратқанын, қоғамдық қатынасты реттеу үшін де бауырмалшылдық керек екенін санаға жеткізу болмақ. Бұл бағыттағы тынымсыз жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
Жалпы алғанда жастардың санасы теріс ағымды ұстанушылардың насихатымен уланбауы тиіс десек, оларды бала күнінен қадағалағанымыз дұрыс. Бұл қоғамның басты міндетіне айналғаны жөн деп білеміз. Өйткені бүгінгідей ғаламтор дамыған заманда ата-ана, үлкендер жағы балалардың немен айналысып жүргенін ілкі сәтке де назардан шығармай, бақылауда ұстағаны мақұл. Неге десеңіз сол интернетте небір теріс ағымдағы топтар бар. Әлеуметтік желілер арқылы қорғаныс иммунитеті әлсіз адамдарға олар шабуыл жасауларын тоқтатпайды. Бұл ретте балаларды да басты нысанға айналдыратындары рас. Әлбетте, құзырлы органдар тарапынан көптеген күдікті сілтемелер бұғатталып жатыр. Соған қарамастан ата-аналар да өздерінің жауапкершіліктерін сезінгендері ләзім.
Еліміздің қай өңірін алып қарасақ та, теріс бағыттағы діни ағымдардың шырмауына түскендерді дұрыс жолға бағыттау жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Бұл да мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі деп пайымдаймыз. Әсіресе абақтының ар жағында отырған ағайындарды оңалту жұмыстары қай кезде де өз маңыздылығын жойған емес, жоймайды да. Осы бағыттағы жұмыстар біздің өңірде де жоғары деңгейде ұйымдастырылып жүр. Ол істердің нәтижелері облыстық деңгейдегі жергілікті басылымдарда тұрақты жарияланып келеді. Тиісті деңгейде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өздерінің теріс бағытта жүргендерін түйсініп, қоғамға бейімделуге ниет танытқандардың қатары артуда. Бұл да жүйелі жұмыстардың нәтижесі десек, еш қателеспейміз.
Бірнеше сатыдан тұрған «Жусан» операциясы да өз жемісін бергенін жұртшылық жақсы біледі, көңіліне тоқып алды. Бұл да мемлекеттің адамдардың тағдырына немқұрайлы қарамайтындығын көрсеткен жоба болды деуге толық негіз бар. Адасудың салдарынан жат елге кетіп, жағдайы қиындаған жандар туған топырақты енді баспаймын деп ойлаған да болулары мүмкін. Алайда Қазақстан билігі олардың елге оралуына мүмкіндік туғызды. Біле білгенге бұл да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс болғанын түйсіну қиын емес. Олар ендігәрі қателіктерге бой алдырмауға, қоғамның бір бөлшегі секілді жақсы істерге жұмылуға тырысады деп сенеміз. Қателіктен сабақ алғандар сол ағаттықты қайталамаулары керек қой.
Қай істе де жұдырықтай жұмыла білсек, алынбайтын асу, бағынбайтын белестің болмайтыны ақиқат. Сондықтан дін мәселесіне келгенде де қоғам өзіне тиесілі жауапкершілікті сезінуі шарт. Өйткені іргесі мығым елді жаудың да, даудың да алмайтыны түсінікті. Қай істе де «саусақ бірікпей, ине ілікпейтінін» жүрекпен түсінетін, түйсінетін кез келіп жетті. Мемлекет бізге барлық жағынан қамқорлық танытып отыр. Біз сол жақсылықты жадымыздан шығармасақ, бәрі де ойдағыдай болатыны мәлім. Тек бірліктен айрылмауымыз керек.
Жоғарыда айтқанымыздай әлем елдері Қазақстанды бейбіт ел ретінде мойындайды. Мұнда еліміздің сыртқы және ішкі саясатының беріктігін біз де білеміз. Жаһан мойындаған Қазақстанды тек жақсы жағынан көрсетуге баршамыз тамшыдай болса да үлес қосқанымыз абзал.
Қай істе де сауатты болғанның еш артықтығы жоқ. Адамдар неге адасады? Алдымен осы сауалға жауап іздеп көрелік. Оның бәрі білімнің жоқтығынан екені даусыз. Тұла бойы біліммен қаруланған азамат ешқашанда радикалды діни ағымдарды насихаттайтын мүдделі ұйымдардың мәнсіз әңгімелеріне ден қоймайтыны рас. Сондықтан да діни сауаттылық қай кезде де өзінің өзектілігін жоймақ емес. Толыққанды интеллектуал адам болуға талпынған жандар ешқашанда терроризм мен экстремизм идеяларын санаға сіңіруге тырысатындардың сөзін құлаққа ілмейді. Өйткені оның ойлау жүйесі мен кеңістігі кең болады. Сол себепті де кез келген адам әрқашан діни тұрғыдан сауатты болуға талпынғаны дұрыс. Ал білімі мен білігі толысқандардың ешқашан адаспайтынын баршамыз жақсы түсінеміз. Шындап келгенде оны дәлелдеп, бос сөз шығындап жатудың өзі артық.
Қоғамдағы сан түрлі қарым-қатынасты реттеу мақсатында ең әуелі адам өзін рухани тұрғыдан тәрбиелеуге ден қойып, жүрегін имандылық нұрымен сәулелендіргені мақұл болмақ. Осылайша жеке адам түзелсе, қоғам да түзеледі. Бұл дегеніміз елімізде тұрып жатқан жүз отыздан аса ұлттар өздеріне тән болмысын сақтап, татулықта өмір сүруі керек деген сөз.
Зайырлы мемлекет қашанда бейбітшілік принцптерін ұстанатыны айқын. Ал бейбітшілік – мемлекет дамуының, ұлт тұтастығының, ұрпақ болашағының кепілі. Біз осыларды құндылық ретінде қабылдай, бағалай алсақ, ешқашан жат ағымдардың арбауына түспейміз. Өйткені біз мемлекет алдындағы, қоғам алдындағы жауапкершілік жүгін түсінетін боламыз.

Ерзат ЖАҚЫПОВ,
облыс әкімдігі
«Дін проблемаларын
зерттеу орталығының»
бөлім басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support