- Advertisement -

Өткен күнде белгі бар

68

- Advertisement -

«Халықтың енді міне жетілгені,
Құрыштың білінбейді кетілгені.
Аталып Қазақстан ел боп туып,
Үй тігіп, ірге қалап бекілгені»
деген өлең жолдарымен бір кездері ұлы ақын Жамбыл Жабаев туған елі Қазақстанды жырлап еді. Бұл сөздер оның есімімен аталған облысқа да қатысы бар. Қазіргі таңда жамбылдықтар облыстың 80 жылдық мерейтойын атап өтуге дайындық үстінде.

Көңіл толқып, бірде қуанышқа бөленіп, бірде кезінде басыңнан өткен қиыншылықтарыңды ойлап, толғанысқа ерік бересің.
Жамбыл облысы менің жүрегімнен ерекше орын алады. Өйткені оның жері – бабалардың қаны төгіліп, егіншілердің тері сіңген мекен. Осында төрт түлігін сайлаған ата-бабаларымыз көшіп-қонып, өз мекенін жайлаған. Көне Тараз Қазақ хандығының оңтүстік аймақтарының ғана емес, бүкіл Азия мен Еуропаның өркениет орны болды. Бұл аймақ біздің отандастарымыз – Төле би, Кенен Әзірбаев, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Тұңғышбай Жаманқұлов, Жақсылық Үшкемпіров, Зүлфия Ғабидуллина және тағы басқа толағай тұлғалардың да Отаны. Бұл киелі жер – кешегі мен бүгінгі өркениеттің тұғырына айналып отыр.
Жамбылдың бай өңірі мен үшін аса қымбат әрі ыстық. Себебі Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мен осы аймаққа басшылық еттім. Екі жыл, үш ай көлемінде (1995-1998) облыс әкімі қызметін атқардым. Дәл осы жылдар менің өмір жолымның ең қиыны мен қызықтыларының бірі болды.
Қазір сол кезде бәрі жақсы болған сияқты көрінеді. Бірақ үңіле қарасаң, олай емес. Сол кездегі облыс бюджеті қазіргі бір ауданның бюджетімен тең еді. Облыс басшылығына сауда-саттық бағдарламаларын ғана емес, ең бастысы – экономикалық мәселелерді де шешуге тура келетін, жарық жоқ, көмір, газ және басқа да отын түрлері, дәрі-дәрмектер, алғашқы қажеттілік тауарлары мүлдем жетіспейтін.
Бір оқиға осы күнге дейін есімде. Бір күні қабылдауыма көп балалы ана келіп, қолұшын беруімізді өтінді. Бес баламен құрқылтайдың ұясындай уақытша салынған үйде тұрып жатқан отбасының үлкен ұлы мектеп жасында болғанымен, оқымайтын. Өйткені киім-кешек пен оқу құралдарын алатын ақшасы жоқ. Тым болмаса, көмірі мен тамызыққа ағашы да жоқ. Ең сорақысы, ас атасы – нанның өзі дастарқанынан күнде табыла бермейді екен. Біз оған көмек қолын созып, қаржыны да таптық. Осы отбасы мен осы сынды басқа да отбасыларын қамқорлығымызға алдық. Араға біраз жыл салып, мен осы көп балалы анамен кездейсоқ ұшырасып қалдым. Бірақ ол бұрынғы жасқаншақ және ұяң адам емес екен, өзгерген. Өзіне-өзі сенімді күйде болды. «Құдайға тәубе, – деді ол, – балаларым өсіп, қанаттанып, қазір менің қолқанатым болды. Олардың үшеуі жұмыс істеп жүр, ал қалған екеуі білім алуда. Жер телімін сатып алып, үй тұрғызып алдық. Егер сіз сол кезде көмектеспесеңіз, жағдайымыз не болар еді?! Ойлауға да қорқамын. Шынымды айтсам, өзіме-өзім қол жұмсағым келген сәттерім де болды».
Біз айналысқан мәселелер өте көп, шаш-етектен еді. Әкімдік аппараты күні-түні жұмыс істеді. Әрбір шенеуніктің өзіне бекітілген учаскесі болды. Олар таңғы алтыдан аудан аралап, түнгі сағат 23.00-де жиналысқа баянхаттарымен қайта оралатын. Біз сонда түнгі екіге дейін жағдайды қалай оңалтуға болатыны туралы пікірлерімізбен бөлісетінбіз.
Бірінші қадамымыз – электр қуаты мен «көгілдір отынды» қалпына келтіру болды. Біз оған көптеген көкейкесті мәселелерді шешу арқылы қол жеткіздік. Әрбір үйде шам жанып, «көгілдір отын» лаулады. Алайда адамдарды жұмыспен қамту үшін бұрынғы кәсіпорындарды қалпына келтіру кезек күтпес мәселе болды. Олар КС РО тарағаннан кейін жұмыстарын тоқтатқан болатын. Біздер шағын кәсіпорындардан бастадық. Жүз елуден аса осындай кәсіпорындардың 47-сін таңдап алып, содан соң оларды қалпына келтіру бойынша жұмыстарды бастап кеттік. Әрбір «жаңа тынысқа» ие болған кәсіпорын өз филиалдарын аша бастады. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай болып, басқа да өндірістік кооперативтер бой көтере бастады. Ал бұл – жұмыс орындары, демек, жұмыспен қамту проблемасын шешудің жолы еді. Аймақ бірте-бірте аяққа тұра бастады.
Біз экономикаға ғана емес, мәдениет пен спортты да назарымыздан тыс қалдырмадық. Театр қызметкерлерінің мені қандай көңіл-күймен қарсы алғандары әлі есімде. Мәдениетті жаңғырту керек болды. Өкінішке қарай, театрлар жабылу алдында тұрды. Кейбір театр қызметкерлері күнкөріс қамымен сауда жасап, базар жағалап кетуге мәжбүр болды. Мен театрдың орыс және қазақ труппаларымен кездесіп, әңгімелескенімде театр қызметкерлерінің көкірегін кернеген театр өмірін жаңғырту ниеттерін жасыра алмады. Олармен пікірлесе келіп, жанарларындағы жалын лебінен ұшқын сезілді. Біршама уақыттан кейін қазақ және орыс труппалары сахналық қойылымдарымен көрерменнің алдына шықты. Жазғы демалыс кезінде қазақ және орыс труппалары бизнес саласындағы кейбір азаматтардың көмегімен көптеген облыстарға гастрольдік сапармен барып қайтты. Осылайша өмір-өзен ағысы өз арнасын тауып жатты. Ең маңызды сәт – ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығында облыс әртістері республиканың Гран-при жүлдесін жеңіп алуы. Дәл осы жылы «Тараз» футбол командасы алғаш рет Қазақстанның чемпионатында жеңіске қол жеткізді.
Облыс әкімшілігінің қызметкерлері алыс аудандарды да естен шығармады. Біз онда үгіт-насихат топтарын, алғашқы қажеттілік тауарларымен автодүкендерді жіберіп отырдық. Кейде тұрғындардан тұрып жатқан жерлерін тастап кетпеуін өтінуге де тура келді. Сол қиын жылдарда тұрғындардың көпшілігі жайлы өмірді қаладан іздеуге бет алғаны бәрімізге аян.
Облыс өмірінде тарихи сәттер де орын алды. Менің бастамаммен Жамбыл қаласының атауын – Тараз атауына өзгерту ұсынылды. Логикалық тұрғыдан ол дұрыс боп көрінді. Осы өтінішпен Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа ұсыныспен барғанымда: – «Тараз бен Жаркент – біздің еліміздің ең көне қалаларының бірі. Олар көптеген ежелгі ақпарат көздерінде көрініс тапқан» деп толық қолдайтынын білдірді.
Біраз уақыттан кейін 1997 жылы 8 қаңтар күні Елбасы Қазақстанның ежелгі қаласына келіп, Қарахан кесенесінің жанында Жамбыл қаласының атауын Тараз қаласы деп ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл Елбасының өзінің кабинетінен тыс жерде бүкіл Тараз жұртшылығының алдында қолтаңбасын қойған алғашқы Жарлығы еді.
Кейінірек мен Қазақстанда басқа да лауазымды орындарда қызмет еттім. Алайда әлі күнге дейін менің осындағы жұмысымды жылы лебізбен еске алатындықтары үшін жамбылдықтарға алғысым шексіз. Жуырда әлеуметтік желілердің бірінен мынадай ақпаратты оқыдым: «Тшанов… әкім лауазымында болған аз уақыттың ішінде қоғамның игілігі үшін қызмет етудегі өзінің жұмыс істеу шеберлігімен облыс тұрғындарының жүрегін жаулап алды. Ол қала және облыс тұрғындарының жоғары құрметі мен мойындауларына лайықты». Осы сөздерді Серік Қалымбетов деген азамат жазыпты. Араға 20 жыл салып айтылған осындай жылы лебіз менің жанымды тебірентті. Енді, міне, бүгін осы сәтті пайдаланып, жауап ретінде алғысымды білдіргім келеді. Ең алдымен, күнделікті өмірдің мәселелерін шешуде менімен бірге болған жандарға алғыс білдіремін. Олардың біразы қазір де арамызда аман-сау жүр және өздерінің ерен еңбектерімен жамбылдықтардың еңбек жеңістерін ұлғайту үстінде.
Облыстың көптеген еңбек ардагерлерімен жеке таныс болғанымды ерекше атап өткенім жөн. Олардың арасында шопандар, қызылша өсірушілер, механизаторлар, сауыншы мен халық шаруашылығының басқа салаларының жұмысшылары болды. Олармен қарым-қатынас жасай отырып, күнделікті күйбең тірліктегі қолға алуды қажет ететін көптеген мәселелерді шешуде мен басшылық етудің теңдесі жоқ тәжірибесін бойыма дарыта алдым, өмірге деген көзқарасым да өзгерді.
Бүгінгі күні Жамбыл облысы – республиканың ірі облыстарының бірі. Ол үлкен аграрлық сектор ғана емес, сонымен қатар өндірістік сала да болып отыр. Жыл өткен сайын облыс Қазақстан экономикасының дамуына, өмірдің барлық салаларындағы жетістіктерге өзінің сүбелі үлесін қосып келеді. Облыстың 80 жылдығына орай аймақтың тұрғындарын осы мерейлі мерекемен құттықтаймын. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және өркендеуді тілегім келеді. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіз бүкіл Қазақстанға қуаныш әкелсін!

Амалбек ТШАНОВ,
Мемлекет және
қоғам қайраткері, Жамбыл
облысының бұрынғы әкімі.

Алматы қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support