- Advertisement -

Халық тұтынатын тауарлар сұранысқа сай ма?

43

- Advertisement -

Тексерілген азық-түліктің 12,2 пайызы талапқа сай емес

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстың тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Ғазиз Надуев мекеменің 10 айдағы қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізді.
Ең алдымен қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайға тоқталған Ғазиз Дүйсенбекұлы:
– Облыс аумағына қызылша жағдайлары Өзбекстан, Қырғызстан Республикаларынан, АҚШ-тан, сондай-ақ еліміздің Алматы және Нұр-Сұлтан қаласы мен Түркістан облысынан әкелінген. Өткен мерзімде өңірге вирустың сырттан әкелінген 45 жағдайы тіркеліп, одан әрі тұрғындарға таралғандығы анықталды. Алайда атқарылған жоспарлы және қосымша иммундау жұмыстарының нәтижесінде эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға қол жеткізілді. Оған дәлел ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап қызылша жағдайының тіркелуі байқалмады. Қызамыққа қарсы қосымша иммундау бойынша да жұмыс оңтайлы аяқталып, кері әсер ету жайттары тіркелмеді.
Жіті респираторлы вирусты жұқпаның эпидемиологиялық жағдайы – 1 қазаннан бастап облыста жіті респираторлық вирустық аурулармен, тұмаумен және пневмониямен ауырғандардың халық арасында, оның ішінде 1 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер арасында апта сайынғы мониторингі басталды. Ағымдағы маусымның 46-апталық қорытындысы бойынша, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда тұмаурату жағдайы аз тіркелмеді, – деді.
27 инфекция бойынша төмендегені байқалса, 45 нозология бойынша аурулар мүлде тіркелмеген. Инфекциялық емес ауруларды бақылау және қадағалау бөлімі жұмыс орындарында және коммуналдық мақсаттағы нысандарда халыққа берілетін судың сапасына мониторинг жүргізіліп, су көрсеткіштерінің жақсарғаны байқалған.
Облыс халқы арасында тамақтан уланудың алдын алу және ішкі тұтыну нарығын қауіпті тамақ өнімдерінен қорғау мақсатында 3450 қадағалау нысандарына тамақ өнімдерін өндіруге, тасымалдауға, сақтауға және өткізуге жүйелі қадағалау жүзеге асырылады.
2019 жылдың 10 айында үйде консервілеу өнімдерін қолдануға байланысты 7 адам зардап шегіп, 5 кісіден ботулизм анықталыпты. Қуанышқа орай, өлім-жітім жоқ. «Осы кезеңде тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізу бойынша 899 тамақ өнімдерінің сынамалары зерттелді. Стандартты емес сынамалардың үлес салмағы 1,3 пайызды құрады. Микробиологиялық көрсеткіштерге тағам өнімдерінің 657 сынамасы зерттеліп, оның 82-сі стандартқа сай еместігі анықталды.
Жоспар-кестеге сәйкес 10 айда 171 сауда және қоғамдық тамақтану орындарында өнімді бақылау, сатып алу жүргізілді. Нәтижесінде 4436 азық-түлік өнімдерінің және халық тұтынатын тауарлардың 657 сынамасы Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келмеді. Азық-түлік өнімдерінің 3113 сынамасы алынып, оның 380-і талапқа сәйкес келмейтіндігі анықталған. Халық тұтынатын тауарлардың іріктелген 1323 сынамасының 277-сі немесе 20,9 пайызы талапқа сай болмай шықты», – дейді департамент басшысының міндетін атқарушы.
«Заңнаманың бұзылуын жою туралы ұйғарымның орындалмауы бойынша 47 хаттама, сондай-ақ нысандардың қызметін тоқтата тұруға 45 материал дайындалып, сот органдарына қарауға жіберілді. 316 адам жұмыстан шеттетілді.
Есепті кезеңде департаментке медициналық көмек көрсету сапасына 217 шағым түсті. Ол былтырғы көрсеткіштен 50 пайызға жоғары. Тексеру нәтижесі бойынша тәртіптік және іс жүргізу шараларын қабылдау үшін 45 материал облыстық денсаулық сақтау басқармасына, 14 өтініш облыстық полиция департаментіне жолданып, бір қылмыстық іс қозғалды.
Профилактикалық бақылау аясында 22 емдеу-профилактикалық ұйымдары тексерілді. 7 өрескел бұзушылық анықталып, 7 ұйғарым берілді», – деп баспасөз мәслихатын қорытындылаған спикер журналистердің сауалдарына жауап берді.

Альмира Омарова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support