- Advertisement -

«Жиһад» ұраны жарға жығады

53

- Advertisement -

Бүгінгі таңда Ирак және Шам аумағына дүниенің түкпір-түкпірінен жиналған адамдардан тұратын бір топтың үнқатуларына құлақ асып, алданып жатқан жастарды, олардың көз жасын көл қылған ата-аналары мен жәудіреп артында қалған әйел, бала-шағаларын көргенде, еріксіз көзге жас келеді. Мұндай маңызды амалдар (жиһад) Алла және Оның Расулы үйреткендей, ілім иелерінің батасымен және әмір иелерінің бұйрығымен болтындығын ескермеген жастардың сауатсыз әрекеттерінің кесірінен бүтін бір ел алпауыт мемлекеттердің қару-жарақтарын сынайтын алаңға айналды. Қаншама әйел – жесір, бала жетім қалды.
Естеріңізде болса, кішкентай балаларға адамдарды өлтіргізіп, бастарымен футбол ойнап, тірі адамдарды тордың ішінде өртейтін жауыздық әрекеттерді баяндайтын бейнекөрініс тараған болатын. Біз Пайғамбарымыздың (с.а.с) өмірбаянынан Ол қатысқан жиырмадан астам жорықты жақсы білеміз. Алланың Елшісі (с.а.с) ешқайсысында мұндай жауыздық жасаған емес, керісінше, «Әйелдерді, балаларды, қарттар мен ғибадат үйіндегілерді өлтірмеңдер» деп бұйырған. «Білекті – бірді, білімді – мыңды жығар». Бүгінде ислам үмметін құтқарудың ең басты жолы – ілімді дамыту. Сонау Харун Рашидтің заманындағы мұсылмандардың ілімділігіне ұмтылуымыз қажет. Бүгінгі таңда Алла үшін ілім алу нағыз жиһад болып табылады. Өйткені халықтың діни сауатын көтеруге тырыспасақ, бізге кім көрінген ұстаздық ететін болады. Өкінішке орай, қазір баласы дінге бет бұрған ата-ана оның намазын тастатуға тырысады. Түсінеміз, олар баласын ағымға кіріп, Отанына қарсы шығатын адам бола ма деп қорқады. Бірақ баланы діннен қайтарумен оны сол ағымның қолына өздері беретіндігінен бейхабар. Мұндай қаншама отбасы бар?..
Ата-анасын күпірлікпен айыптап, баласы үйінен кетіп қалған. Себебін сұрасаң, «Менің әкем кәпір, өйткені ол намаз оқымайды және үйде ешкімге оқытпайды да. Мен оларды емес, Алланы жақсы көрем» деп өкініш білдіреді. Аз уақыттан кейін сол баланың ағымдардың жетегінде жүргенін көресің. Біз ата-ана болған соң, ұрпақтың ішіп-жемі мен киіміне жауапты болғанымыз сияқты, олардың адамгершілік және рухани тәрбиесіне де жауаптымыз. Біздің атеизмде өмір сүргеніміз, сол уақытта тәрбиеленгеніміз Мақшар сотынан арашалап қалмайды. Бүгінгі таңда ұрпақтың рухани сұранысын қанағаттандыру – біздің басты міндетіміз.
Данышпан Абайдың өзі «Баламды медресеге біл деп бердім» дейді. Яғни ақ пен қараны ажырата алатын, обал-сауапты білсін, Отанына – адал, отбасына – мейірімді, уәдесіне – берік, жауына – қатал, көзі – ашық, көкірегі ояу болсын деген мақсатпен берген. Ендеше біз қоғамдағы қаңқу сөздерге ере бермей, баланың рухани сұранысы пайда бола бастағаннан мамандарға апарып, сұраныстарын дәстүрлі бағытпен қанағаттандыруымыз қажет. Сонда ғана ағымдардың жалған көзқарастарынан түбегейлі құтыла аласыз.

Есет Досалы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support