- Advertisement -

Есірткі саудагеріне есігіңді ашпа, ағайын!

97

- Advertisement -

Біріккен Ұлттар Ұйымының есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (UNODC) маусым айында жариялаған «Есірткі туралы бүкіләлемдік баяндама – 2019» есебінде келтірген дерекке қарағанда, әлем бойынша есірткіні 2017 жылы 271 миллионға жуық адам қолданған. Бұл – каннабис, кокаин және апиын, сондай-ақ синтетикалық есірткі қолданғандарға қатысты. Яғни, аталған жылы есірткіге тәуелді болып қалып, медициналық жәрдемге мұқтаж нашақорлар саны 30 миллионнан 35 миллионға дейін көбейген. Бұл аралықта есірткі қолданудан бір жарым миллионнан аса адам бақилық болған екен.Қазақстан – есірткі тасымалының күре жолында жатқан ел. Сондықтан арнайы қызмет өкілдері сырттан төнген қауіптің алдын алу мақсатында тиісті шараларды атқарып жатыр. Елімізде жылда маусым айынан қазан айына дейін есірткі қылмыскерлерінің іс-әрекетін тоқтату мақсатында ауқымды «Көкнәр» операциясы өтеді. Нашақорлыққа қарсы тұру үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ғаламторды үнемі қадағалап отырады. 

Дейтұрғанмен қылмыстық топтар түрлі жымысқы әрекеттер жасап, есірткінің саудасын қыздырып бағуда. Көлеңкелі экономиканың бұл түрі негізінен ғаламтор желісі арқылы саудаланады екен. Сатушы мен сатып алушы WhatsApp немесе Telegram мессенджері арқылы бір-бірімен байланысып, қажетті тауарға тапсырыс береді. Кейін онлайн төлем жасалынады. Ақша түскеннен кейін, сатушы тауардың қай жерде жатқандығы жайлы мәліметті береді. Яғни ешкім бір-бірімен бетпе-бет кездеспейді. Барлық іс белгісіз ара-қашықтықта атқарылады. Ол үшін есірткіні белгілі жерге жеткізетін үшінші тұлға жауап береді. Алайда соған қарамастан, аталмыш сауданың көрігін қыздырған сайттар қазір ғаламтор желісінде тола. «Олардың иелерінің мекен-жайын анықтау өте қиын» дейді мамандар. Себебі дилерлер қолданатын интернет «дарк нет» деп аталады. Нақтырақ айтқанда, сайт иесі мүлдем басқа елде отыруы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіндегілер олардың IP адресі басқа, Португалия немесе Ресейдің арғы жақ шетінде болуы мүмкін екендігін айтады.
Тұтынушы мен сатушысы бір-бірін көрмей-ақ жасайтын сауданың жолын кесу оңайға соқпайды. Сондықтан құқық қорғау органдарының қызметкерлері интернет кеңістігін үнемі қадағалап отырады. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, осы уақытқа дейін осындай 4800-ден аса сайт бұғатталса, интернет-дүкендердің мекен-жайы бар 1200 граффити анықталған.
Синтетикалық есірткі – қазір әлемде ең көп таралған психотропты зат. Мамандардың айтуынша, ол адамның денсаулығына қатты әсер етеді. Егер табиғи болса басқаша, ал синтетика мүлдем басқаша. 3D форматта галлюцинациялар болып, соңы қайғылы оқиғамен аяқталып жатады екен. Онымен күресу үшін мемлекет осы мәселеге көп көңіл бөлу керек. Қылмыстық жауапкершілікті күшейту қажет. Өйткені полицейлер синтетикалық есірткілердің беретін әсері қарапайым марихуана мен анашадан 10-15 есе қаттырақ деп дабыл қағуда.
Құрамында түрлі психотропты заттардан бастап тышқан уы мен ит-мысықты емдейтін дәрілер бар синтетикалық есірткі адамды ақылынан адастырып, бейберекет қылықтар көрсетуге, тоқтаусыз көңіл көтеруге итермелейтін көрінеді. Нарколог-дәрігерлердің айтуынша, есірткінің бұл жаңа түрі Ресейден келген.
Аңдаусызда татып көріп, артынша тәуелділіктен арыла алмай қалғандардың нақты саны да белгісіз. Иісі де, дәмі де жоқ синтетикалық есірткі химиялық қоспадан жасалады екен. Дәрігерлер ол дәніккеннің денесін көп ұзатпай ірітіп жіберетінін айтады.
Бүгінде синтетикалық есірткі психотроптық және наркотикалық заттар тізіміне енгізілмеген. Сондықтан құзыретті органдар онымен күресуге қауқарсыз. Сәйкесінше, дәрмен де, пәрмен де жоқ. Есірткі қолданушылар саны да азаймай тұр. Мәселен, облыстық психикалық денсаулық орталығының мәліметіне сүйенсек, өңірде нашақорлық бойынша былтыр 1698 адам наркотәуелді ретінде есепте тұрған болса, биылғы сәуір айына дейін өңірде 1889 науқас тіркеуге алынған.
Қылмыскерлер синтетикалық есірткілердің химиялық құрамын жиі өзгертіп отырады. Осылайша нарықта психотропты заттардың жаңа түрлері пайда болады екен. Сот-сараптамалық институтының химиялық-биологиялық зерттеулер зертханасының мамандары болса «Әлем бойынша аптасына синтетикалық есірткінің 10 жаңа түрі шығарылады. Қазақстанда мұндай жиілік байқалмайды. Бірақ психотропты заттардың жаңа түрлері кезігіп жатады. Ел ішінде көп тараған түрлері: Альфа-ПВП, спайс, мефедрон. Сараптама жүргізу үшін біз оны молекулярлық деңгейде зерттейміз. Кем дегенде 40 минут уақыт кетеді. Жалпы, есірткі мен психотропты заттарды жасағаны, пайдаланғаны және сақтап таратқаны үшін азамат 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ барлық мүлкі тәркіленеді. Бұл заңды елемейтіндермен күресу үшін жауапкершілікті күшейту қажет», – дейді.
Синтетикалық есірткілердің ішіндегі ең қауіптісі – каннабиноидтар яғни спайс, басқаша айтқанда, «тұздар». Бұл есірткі түрі адамды өзіне тәуелді етеді. Спайс – синтетикалық есірткі, негізінен Қазақстанға Қытайдан жеткізіледі. Бұл өнімді сатушылар оларды дәмдеуіші бар қоспа, «легалка» деп атайды. Аталмыш есірткінің қауіптілігі адам ағзасын тез бұзып, оған бейімдейді. Спайс деп аталатын темекі қоспасының құрамына бірнеше шөптер, оның ішінде психобелсенді әсер беретін шөптер енеді. Мұндай есірткі түрлері Ресейде де, Еуропа елдерінде де кең тараған. Әлемде синтетикалық есірткінің 240-тан астам түрі бар. Бірқатар елдерде синтетикалық еліткіш заттар есірткілер тізіміне енген көрінеді. Алысқа бармай-ақ, Ресейде «спайс», «дизайнерлік қоспа» деген синтетикалық наркотиктерге қатаң тыйым салынған.
Оны саудалауға қарсы заң жоқ болғандықтан, спайс, әртүрлі миксылар мен тұздар елімізде емін-еркін саудалануда. Сол себепті Қазақстанға мұндай заттарды әкелуге ғана емес, оны пайдалануға да тыйым салу керек. Сонан соң, заң жүзінде оларды таратушыларға қылмыстық жаза қолдану қажет. Олай болмаған жағдайда есірткі пайдаланушылар мен есірткіге қатысты қылмыс саны азаймасы анық.
Демек, синтетикалық есірткіні емін-еркін саудалап жүргендерді заңмен жауапқа тартып, жаза қолданбаса, жағдайдың нашарлай түсер түрі бар.
Интернеттен бөлек, есірткі сату делдалдары бүгінде көп қабатты үйлер мен ғимараттардың қабырғаларына да жасырын жарнамалар жасауда. Облыстық полиция департаментінің есірткі бизнесімен күрес басқармасының басшысы Асхат Алметовтің мәліметтеріне сүйенсек, тұрғын үйлердің қабырғаларына трафарет түрінде салынатын сызба арқылы белгілі бір сайттың мекен-жайын көрсететіндер жарнамаларды түнгі уақытта жазып кетеді. Сондықтан есірткімен күрес қызметінің мамандары мұндай жазбаларды үйлердің қабырғасынан өшіріп тастау үшін қоғам болып күресу қажеттігін айтады. «Биылғы 11 айға мониторинг жүргізу барысында 30 сайт бұғатталды. Өңірде әлеуметтік жүйе арқылы «Работа@ TRZ work», «СП МУКА КРИС зп от 130 тыс.тг/в мес.» «@SoltanbotTRZ» сайттарын анықтап тексеру мақсатында, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментіне жазба хат жолданды.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен Тараз қаласында граффити жазбаларды жазғаны үшін 6 адам ұсталды. Бұдан бөлек, 12 қараша күні «Рефлекс-2019» жедел алдын алу іс-шаралары аясында синтетикалық есірткі тарататын тұлғаларды анықтау жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде үй қабырғалары мен қоршауларында синтетикалық есірткіні насихаттайтын граффити-жазулар жазған 1988 жылы туған «Д» есімді азамат ұсталды. Оған қатысты тиісті әкімшілік хаттама толтырылды. Бұдан бөлек, 1975 жылы туған «Е» есімді азамат ұсталды, ол Тараз қаласы бойынша үйлердің қабырғалары мен қоршауларында синтетикалық есірткіні насихаттайтын граффити-жазуларын жазған.
Сондай-ақ «Тараз-Жасыл ел» ұйымын тарта отырып, Тараз қаласының үйлері мен ғимараттарының қабырғаларындағы граффити-жазуларды жою бойынша тұрақты негізде іс-шаралар ұйымдастырылды. Сөйтіп барлығы 800-ге жуық жазу жойылды. Сонымен қатар қыркүйек айында Тараз қаласының көңіл көтеру орындарында рейдтік іс-шаралар жүргізілу барысында, Сағынтаев көшесінде орналасқан «Б» кафесінің ішінде, 1993 жылғы, бұған дейін сотты болмаған, тараздық «А» есімді азаматша ұсталған. Ол «Скорость» синтетикалық есірткісін темекі шегу жолымен қолданған. Күдіктіден сондай-ақ салмағы 0,41 грамм «канабис шайыры» және салмағы 1,08 грамм синтетикалық есірткі тәркіленді. «А»-ға қатысты ҚР ҚК-нің 296-бабы 1-бөлігі және 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу қозғалды. Аталған ойын-сауық мекемесінің иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды», – дейді Асхат Аманқұлұлы.
Олай болса, от басып, өткенге өкініп, өз өмірін өксіткен наркотәуелділерді қоғамдық кеселден қорғау – ортақ міндет. Егеменді елдің ертеңін есті етіп тәрбиелеуде «бір қолдың саласындай, бір атаның баласындай» жұмылғанымыз абзал. Өйтпеген жағдайда кеш қалуымыз ғажап емес.

 

Альмира ОМАРОВА
Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support