- Advertisement -

Нұрасылдың алар асуы алда

101

- Advertisement -

Жуырда облысымызға белгілі жас спортшы, таэквондодан екі мәрте Қазақстан Республикасының жеңімпазы Нұрасыл Қуандық өз жерлестерін тағы бір мәрте қуантты. Дәлірек айтсақ, ол  Иордания астанасы Амман қаласында өткен кадеттер арасындағы Азия біріншілігіне қатысып, күміс жүлдеге қол жеткізді.

Нұрасыл өзінің алғашқы кездесуінде арабиялық қарсыласынан басым түссе, одан кейін ирандық және иорданиялық спортшылардан айласын асырып, ақтық сынға жолдама алған. Ал, ақтық сында Корея мемлекетінің спортшысына есе жіберіп, екінші орынды місе тұтты. Осыған байланысты, Нұрасыл Қуандықты алғашқы ұстазы Марат Тілеуқұлов бастаған шулық спортшылар үлкен құрметпен күтіп алды. Алғашқы ұстазы деп екпін түсіруіміздің де өзіндік себебі бар. Өйткені, Шу аудандық таэквондо федерациясының президенті, белгілі жаттықтырушы Марат Тілеуқұлов Нұрасылды 8 жасынан бастап спортқа баулып, 5 жыл бойы шәкіртіне таэквондоның қыр-сырын үйреткен. Ол былтырғы оқу жылынан бастап облыс орталығындағы спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернатында тәрбиеленуде.

Сонымен қатар, Нұрасыл Қуандық үстіміздегі жылдың наурыз айында таэквондодан Өскемен қаласында өткен кадеттер арасындағы Қазақстан біріншілігінде жеңімпаз атанған болатын. 65 келі салмақта өнер көрсететін Нұрасыл аталған жарыста бес бірдей қарсыласын жеңіп, ел чемпионы атанған. Оған қоса, үстіміздегі жылдың сәуір айында ғана Украина мемлекетіндегі халықаралық жарыста алтыннан алқа тақса, Біріккен Араб Әмірлігінде өткен халықаралық «Fujairah open» жарысында да алтыннан алқа тағып, абыроймен оралған еді. Сонымен қатар, өткен айда ғана Австрия елінен жүлделі екінші орынды еншілеген болатын. Аталған жетістіктерінен бөлек, Нұрасыл 10-11 жастағы спортшылар арасында екі мәрте Қазақстан чемпионы атанып, ұлттық құрама сапына алынды. Осы жетістіктерінің арқасында енді, міне,  Иорданияда өткен Азия чемпионатына жолдама алып, байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғап қайтты.

Реті келген айта кету керек, Шу ауданының орталығында орналасқан Төле би ауылындағы Сәду Шәкіров атындағы мектеп дарынды таеквондошылардың шеберханасы іспетті. Олай дейтініміз, дәл осы мектепте оқыған Меруерт Әшірбекова таеквондодан үш мәрте Қазақстан чемпионы атанған. Кеше ғана жеңімпаз атанып келген Нұрасыл Қуандық та осы мектептен түлеп ұшқан. Еліміздің біртуар азаматы Қайрат Рысқұлбеков та аталмыш мектептен білім алған. Нұрасыл Қуандықтың алдында тұрған ендігі меже – Ташкентте өтетін Әлем біріншілігінде топ жару болып тұр. Жерлесіміз бұл бәсекеден де құралақан қайтпайды деген үміттеміз.

 

Ерғали ҚАРТАЙҒАН,

«Ақ жол»

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support