- Advertisement -

Билер кеңесі – дауды шешудің тиімді жолы

67

- Advertisement -

Ел тарихына сүйенер болсақ, ертеректегі дәстүрлі қазақ қоғамында өкілетті негізде қызмет атқарған ең жоғарғы кеңесші орган – Билер кеңесі болғанын білеміз. Билер кеңесінің шешімдерін ешкім бұза алмаған, хан да, қара да оны орындауға міндетті болған. Тәуке хан қалыптастырған осы демократиялық-құқықтық қағиданы қазақ даласын билеген кейінгі хандар да қатаң ұстанған. Осы бір ата-бабамыздан келе жатқан игі дәстүрді бүгінгі күнде арқау етіп, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жоғарғы соттың қайта жандандырып отырғаны көңілге қонымды жаңалық.
Ата-бабамыздың билік ету дәстүрі қазіргі заманмен үндесіп, тәжірибеге қайта оралып отыр. Елімізде «Медиация туралы» Заңның қабылдануы – соның айғағы. Аталмыш заң байырғы билеріміздің дау шешудегі тамаша тәсілдерді қайта жандандыруды мақсат етеді. Осыған байланысты Тараз қалалық ардагерлер кеңесінде бұл жұмыс қолға алынып, құрамы 9 тәжірибелі ардагерден тұратын билер кеңесі құрылды. Ол азаматтар арнайы бағдарлама бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалында даярлықтан өтіп, қоғамдық негіздегі медиатор сертификаттарын алып, арнайы куәлікке ие болды. Құрылған Билер кеңесі жеке және заңды тұлғалардың қатысуымен азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды, сондай-ақ ауыр емес қылмыстарды сот талқылауының басталуына дейін шешу кезінде би (медиатор) шағымданушы тараптарға, мемлекеттік органдарға, лауазымды тұлғаларға, заңды және жеке тұлғаларға тәуелсіз.
Егер Сіз мәселеңізді сот арқылы шешкіңіз келсе, біріншіден, істің қаралуы созылып кетуі мүмкін. Іске нүкте қойылғанша әдетте бір емес, бірнеше сот отырысы өтеді. Шағымдар облыстық, тіпті Жоғарғы Сотқа жолданып жатады. Қайта-қайта жұмыстан сұранып, кәсіпті тоқтатып, жеке тірлікті ысырып қоюға тура келеді. Екіншіден, үлкен шығын. Мемлекеттік баж төлейсіз, сот шығынын өтейсіз, заңгер жалдайсыз, жол шығыны тағы бар. Үшіншіден, осыншама кезеңдерден өтсеңіз де дау сіздің пайдаңызға шешілетініне еш кепілдік жоқ. Керісінше, екінші тарап – туысыңыз, досыңыз, қызметтесіңіз болса, екі арадағы қатынасқа, сыйластыққа, әріптестікке нұқсан келеді. Неге десеңіз, сот – дау алаңы. Онда айтысуға, таласуға мәжбүр боласыз. Кейде тараптар ашуға беріліп, бір-біріне ауыр сөздер айтып жатады. Кешегі туыстар – бүгінгі жау, кешегі достар – қарсыласқа айналуы әбден мүмкін. Сондықтан жүгінбестен бұрын, ақылға салып, ойланған жөн. Ең дұрысы – татуласу, келісу, бітімге, бір мәмілеге келу. Одан екі жақ та ұтады.
Өкінішке қарай, біздің халықтың көпшілігі әлі дауларды сотсыз шешу әдістерін білмейді. Адамдарда келісім жасау дағдылары жеткіліксіз. Татуласу арқылы жасалған келісімге, оның орындалуына сенімдері аз. Сондықтан Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған Билер кеңесінің негізгі мақсаты халықтың санасын өзгертіп, дауласушы тараптарды қанағаттандырып, мүмкіндігінше дауды сотқа жіберместен, ортақ, өзара қолайлы және бейбіт келісімге қол жеткізу.

Сауранбек ЖАМАЛБЕКОВ,
Тараз қалалық Билер кеңесінің төрағасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support