- Advertisement -

Жаңабаев жаңа белбеуге таласады

41

- Advertisement -

Кәсіпқой рингте жартылай орта салмақ дәрежесінде бақ сынап жүрген жерлесіміз, Байзақ ауданының тумасы Нұрсұлтан Жаңабаевтың кезекті жекпе-жегі Ресейдің Красноярск қаласында өтеді. Шайқас 21 желтоқсанға жоспарланған.
Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, бұл кездесу 10 раундтық форматта өтетін көрінеді.
Бұған дейін сегіз мәрте шаршы алаңға көтеріліп, барлығында қарсыластарынан басым болған Нұрсұлтан бес жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтаған болатын. Бүгінде ол WBA Inter-Continental және WBO Oriental белбеулерінің иегері. Әрине бұл белбеулер екінші дәрежелі саналады. Жоғарыда аталған белбеулерден бөлек Нұрсұлтан Австралияда өткен соңғы шайқасында IBF Pan Pacific аймақтық чемпиондық белбеуін жеңіп алған-ды. Алайда бұл белбеу тек мұхит аймағында ғана сарапқа салынады екен. Сол себепті халықаралық бокс федерациясы отандасымызға IBF Australasian белбеуін жеңіп алуға мүмкіндік беріп отыр.
26 жасар Нұрсұлтан Жаңабаев кезекті шайқасында 38 жастағы венесуэлалық Эрнесто Эспанамен қолғап түйістіреді деп күтілуде. Жамбылдық жампоздың қарсыласы тәжірибелі боксшылардың санатына жатады. Ол бүгінгі күнге дейін отыз үш жекпе-жек өткізген екен. Оның отызында қарсыластарынан басым түскен. 25 кездесуде мерзімінен бұрын жеңіс тойын тойлаған. Сондай-ақ ол екі мәрте жеңілістің ащы дәмін татса, бір рет қарсыласымен тең түсіпті. Осыған қарап-ақ Эспананың оңай шағылатын жаңғақ еместігін байқауға болатын сияқты.
Сегіз жекпе-жектің барлығында жеңімпаз атанған Нұрсұлтан Ресей төрінде де көк туымызды көкте желбіретуді көздеп отыр. Жерлесіміздің қарсыласының тәжірибесі мол екенін жоғарыда айттық. Әйтсе де бұл шайқаста тәжірибеден гөрі шеберліктің шешуші рөл ойнайтынын ұмытпағанымыз жөн. Ал шеберлік тұрғысынан алғанда Жаңабаевтың мүмкіншілігі мол екенін ұмытпаған абзал. Оның жойқын соққылары мен комбинациялық шабуылдарын тойтару венесуэлалық боксшыға оңай түспейтіндігі сөзсіз.
Жартылай орта салмақ дәрежесінде сынға түсіп жүрген Нұрсұлтан Жаңабаев қазіргі кезде boxrec.com сайтының рейтингінде 66 орынға орналасыпты. Ол әр жекпе-жек сайын рейтингте жоғары көтеріліп келе жатыр. Бұл үрдіс жеңісті жорық жалғасын тапқан жағдайда тағы да жоғарылайтыны сөзсіз. Отандасымыздың келесі кездесудегі қарсыласы рейтингте 119 орынға жайғасыпты. Жарты жыл бұрын Луйс Мартинеспен қолғап түйістіріп, қарсыласын мерзімінен бұрын жеңе білген Эрнесто Эспана Нұрсұлтанның аптығын басамын деп алқынып отырған көрінеді. Ал біз Нұрсұлтанның мерейі үстем болатындығына бек сенімдіміз!

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support