- Advertisement -

Өңірімізде күн, жел және судан өндірілетін қуат артып келеді

59

- Advertisement -

Елбасы «Қазақстандық-тардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Жасыл экономиканы» дамытуда «Қазақстан ТМД және Орта Азия елдері арасында «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін өткізу үшін әлемдік қауымдастық таңдап алған бірінші мемлекет болды», деп атап өтуінен Қазақстанға артылған жауапкершіліктің жүгі зор болғаны аңғарылып тұрғандай. Бұл сенім үдесінен еліміз шыға білді. Аталған көрменің тағылымы мен мән маңызы еш ұмытылмақ емес.
Тұңғыш Президентіміз бұл тұрғыда «Көрме біздің елімізге ірі инвестиция тартуға мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ ЭКСПО көрмесін өткізу арқылы Қазақстан «жасыл экономиканы» дамытуға тікелей септігін тигізетін жаңа технология мен инновация алады» – деп атап көрсеткені белгілі. «ЭКСПО – 2017» көрмесін өткізу арқылы еліміз халықаралық деңгейде алға ілгерілеуге батыл қадам жасады. Осынау іс-шарада Қазақстан әлемдік қауымдастыққа «Болашақ энергиясы» тақырыбын ұсынғаны да естен шыға қойған жоқ. Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері ғылымдағы өзінің соңғы жаңалықтарын ұсынатын бұл халықаралық іс-шараны өткізу идеясы неден туындаған еді? Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде баламалы көздерден қуат алу мәселесі әлі де шешілмеген. Ал әлем дамудың жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажетсінеді. Міне, сондықтан да Қазақстан «Жасыл экономикаға» бет бұрды. Ал бұл еліміздің географиялық орналасу жағдайын, жел және күн энергиясын пайдалану мүмкіндігін, сондай-ақ мұнай және газ ресурстарының энергетикалық әлеуетін ескерсек, жалпы қажеттіліктің орнын толтыру үшін де тамаша мүмкіндік. Жалпы, еліміздің сағатына 1 триллион киловатт энергия өндіруге мүмкіндігі бар екен.
Бүгінде әлемде табиғи қазба байлықтар біртіндеп сарқылып, энергия көзіне деген сұраныс артып келеді. Әсіресе мұндай құбылыс Еуропа елдерінде қатты байқалуда. Міне, сондықтан да «РИО +20» Саммитінен кейін Елбасы «Жасыл экономикаға ауысу туралы мәселе көтеріп, Үкіметке тұжырымдамасын әзірлеткені белгілі. Соның арқасында еліміздегі табиғи қорды сақтай отырып, баламалы энергия көздерін пайдалануға бетбұрыс жасалды. Қазіргі таңда республикамызда, облысымызда күн, жел және су электр стансалары салынып, экономикамыздың артуына өз септігін тигізуде.
Қазіргі таңда өңірімізде 11 электр стансасы қуат өндіруде. Ал жалпы республикамызда мұндай 83 электр стансасы жұмыс істеуде. Олар 9 айда 936,8 МВт электр энергиясын, облыстағы стансалар 169,65 мВт электр қуатын өндірген. Осылайша өңірде соңғы жылдары өндірілген қуат көзі 18 пайызға жоғарылаған. Бұған алдымен өңіріміздегі су, жел және күн электр стансалары зор үлес қосуда. Атап айтсақ, облыстағы су электр стансаларының жалпы қуаты 14,75 МВт құрайды. Бұл электр энергиялары Меркі ауданындағы «Меркі СЭС-1», « Меркі СЭС-2», «Меркі СЭС-3», «Қаракыстақ СЭС» және «Тасөткел СЭС» да өндірілуде. Бұдан бөлек, өңірімізде 3 жел электр стансасы жұмыс істейді. Олардың жалпы қуаты 54,15 МВт. Ондағы «Vista International» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – 21 МВт, «Ветроинвест» ЖШС – 31,65 МВт және «Қордай К-1» 1,5 МВт қуаттылықта жұмыс істеуде.
Сондай-ақ облысымызда 3 күн электр стансасы жалпы қуаты 100,75 МВт электр қуатын өндіруде. «Отар» КЭС – 0,75 МВт, «ҚaзЭкоВатт» ЖШС, «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» ЖШС 100 МВт жаңартылатын энергия көздерін пайдалану арқылы электр қуаты өндірілуде. Электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 2020 жылы – 3, 2025 жылы – 6, 2030 жылы 10 пайызға дейін арттыру жоспарлануда. Жаңартылатын энергия көздері нысандарын 2020 жылы – 95 (1483МВТ), 2021 жылы 119 нысанға (2096 МВт) жеткізу көзделген.
«Burnoe Solar-1» ЖШС қуаты 50 МВт құрайтын күн электр стансасы жобасының бірінші кезеңі 2015 жылдың сәуір айында іске қосылып, екінші кезеңі 2018 жылдың 4 маусымында пайдалануға берілді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясының көлемі 335,9 кВт сағат немесе жалпы көлемнің 14 пайызын құраған еді. Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша өндірілген электр энергиясының көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 21 пайызға өскен. Ағымдағы жылдың соңына дейін жалпы көлемнен жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының үлесін 11,5 пайызға көтеру жоспарлануда.
2019-2021 жылдар аралығында жалпы қуаты 403,45 МВт құрайтын 5 жоба іске асыру жоспарланған. Бұл жобалар бойынша құрылыс жұмыстары жүзеге асырылуда. Соның бірі Жуалы ауданында салынып жатқан Көксайдағы «ҚазГидроОперейтинг» ЖШС-ның су электр стансасы. Жобаның жалпы құны – 13,2 миллион АҚШ доллары, қуаттылығы 18 МВт-ны құрайды. Мұнда 5 электр стансасы салынбақ. Соның алғашқысын биыл аяқтап, 16 желтоқсанда іске қоспақ.
Жалпы, облыстың климаттық жағдайы жаңартылатын энергия көздерін 3 бағытта пайдалануға қолайлы. Сондықтан жаңартылатын энергия көздерін жүйелі түрде қарқынды дамытуды жоспарлап отырмыз.

Нұрлан АЛДАМЖАРОВ,
облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support