- Advertisement -

Тұрғын үйге әркімнің-ақ бар таласы…

35

- Advertisement -

Баймаханбет АХМЕТ

Бүгінде ел арасында тұрғын үй саясаты түсіндіріліп, насихатталуы кемшіндеу соғып жатқаны байқалуда. Азаматтарды баспаналы ету мәселесіне қатысты ұғым-түсінік біржақты сипат алып бара жатқан сыңайлы. Кейде мерзімдік басылым беттерінде де тұрғын үйлерді мұқтаж жандарға аудан әкімі салып берді, демеушілер сатып әперді, су тегінге түсті деп жазылып кететінінің де бұған әсері жоқ емес. Журналистерге басшылар тарапынан түсіндірілуі солай болып жатса, қайтерсің! Ал шын мәнінде тұрғын үйлер ешкім үшін де су тегінге түспейді. Тек мемлекеттік тұрғын үй қоры есебінен сатып алу құқығынсыз жалға беріледі екен.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында мүдделі мекемелердің басшылары мұның мән-жайын жан-жақты түсіндірді. Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, 2019 жылы 6 мамырда ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты жалға берілетін тұрғын үйлер ендігі жерде тұрғындарға сатып алу құқығынсыз беріле бастайды.
«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының 5.1 пунктіне сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлер салуына немесе сатып алуына және тұрғын үй қорының осы мақсатта қайта жаңғыртылудан өткізілуіне республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге, сондай-ақ жергілікті бюджеттер есебінен қаражаттар бөлу көзделген.
Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй тиісті қаржы жылына арналған республикалық және жергілікті бюджеттерде көзделген қаражаттар көлемінде тиісті тұрғын үй беру қағидаларында айқындалған тәртіппен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына, жұмыс істейтін жастарға беріледі.
Ең бастысы, ешкім де үйсіз-күйсіз қалмауға тиіс. Елімізде, оның ішінде өңірімізде де әрбір азаматтың «өзі үйі, өлең төсегі» болуына мейлінше қолайлы жағдайлар жасалу үстінде. Мемлекеттік тұрғын үй саясатының көздегені де осы. «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «7-20-25» бағдарламалары аясында әркімнің де баспаналы болуына мүмкіндіктері бар.
Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ағабек Мырзабеков бүгінде тұрғын үй қоры кредиттік, арендалық, коммерциялық бағыттағы үйлермен толығып отырғандығын тілге тиек етіп, «Бұрын азаматтардың жалға алған үйлерін сатып алуына мүмкіндіктері болды. Ал биыл қабылданған заңнамада бұл жағы қарастырылмаған. Ендігі жерде тұрғын үйлер сатып алу құқығынсыз жалға ғана берілетін болады» деді.
Тараз қалалық әкімдігі тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиев жаңа Заң бұрынғыдай жеке тұлғалардың жекеменшігіндегі үйлерін жалға беру арқылы айына 70-80 мың теңге көлемінде табыс тауып, бір тиын да салық аударымын жасамай келуі сияқты көлеңкелі құбылыстардың да алдын алуға септесетінін атап өтті. Оның айтуынша, Тараз қаласының мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға кезекке тұрғандардың жалпы саны 18585 адамды құрап отыр екен. Кезекке тұрғандар арасындағы көп балалы аналарға бірінші кезекте баспана берілуде. Баяндамашы «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «7-20-25» бағдарламаларының шарттары мен талаптарын да жан-жақты түсіндіріп, «Ең бастысы, тұрғындар аталмыш бағдарламаларға кең көлемде қатысуы керек. Онсыз болмайды» деп түйді сөзін.
Бұдан кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына тиісінше жауаптары қайтарылды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support