- Advertisement -

Түрмедегі заңсыздықтар тыйылмай тұр

35

- Advertisement -

Қазір жаза басып, темір торға тоғытылғандарға үрке қарап немесе «оңбағанға сол керек, қолымен істегенді мойнымен көтерсін» деп қатыгездік танытатын заман емес. Себебі біз құрып отырған қоғамның басты мақсаты – сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдырларды тар қапаста қинап ұстау, оларға сенімсіздік таныту емес, керісінше қоғамдық өмірге бейімдеу. Істі болғандардың бостандыққа шыққанда жұрт қатарлы өмір сүруіне, оқшауланып күн кешпеуіне, күндердің күнінде қайтадан темір тордың ар жағына аяқ баспауына жол ашу. Негізінен түрменің ел ішінде «түзеу мекемесі» деп те аталуының сыры осында. Сондықтан да елімізде сотталғандардың темір тордың ішінде отырса да кәсіппен айналысуына, еңбек етіп табыс табуына, олардың артынан жақындарының сәлем-сауқат жөнелтуіне, туған-туысымен жүздесіп тұруына жағдай жасалған. Алайда азаматтардың түрмеге заңсыз зат алып өтпекші болған дерегі облыста өршіп тұр. Тараз қаласындағы ЖД-158/7 мекемесі бастығының міндетін атқарушы, әділет подполковнигі Алмасбек Азизбековтің айтуынша, осы мекемеде жыл басынан бері түрмеге заңсыз зат тасуға талпынған 24 адам әшкере болған. Бұдан бөлек қоршау сыртынан мекеме ауласына зат лақтырамын деп 13 азамат қолға түскен.
– Темірдей тәртіп орнаған түзеу мекемесінің қатаң ережесін бұзып, амалын асырғысы келетіндер тыйылар емес. Таяуда ЖД-158/7 мекемесінде тағы да құқық бұзушылық орын алды. Қитұрқы іске барғандар мекеменің қоршауынан белгісіз қорапты ішке қарай лақтырған. Кезекші бөлімнің қырағы жігіттерінің арқасында олардың жасырын әрекеті әшкере болды. Оның не зат екенін анықтау барысында жабысқақ орамаға әбден маталған қорап ішінде екі бірдей «Самсунг» маркалы ұялы телефоны мен сим-карталар бар болып шықты. Осыған сәйкес, тыйым салынған затты жасырын түрде алған сотталушы азамат тиісті жазасын алып, тәркіленген бұйымдардың барлығы да мемлекет меншігіне өтті, – дейді Алмасбек Нышанбекұлы.
Заңсыздық десе қатаң қағиданы берік ұстанатын ерекше режімдегі осы мекеменің ережесін бұзып, заңға қайшы әрекетке бару фактісінің бірі – тыйым салынған заттың пошта жәшігімен келуі. Нақты айтқанда, режім бөлімінің аға лейтенанты Байболат Қуандық, тінту бөлімінің бақылаушысы Бағланбек Телеу орамахатты жіті тінту кезінде бірнеше грек жаңғағына күдікпен қараған. Олардың арасындағы 5-еуінің ішінен қою жасыл түсті, өзіне тән иісі бар затпен толтырылғандығы анықталыпты. Қулыққа барғандар жаңғақты жарып, дәнін алып тазалап, ішіне әлгі заттарды салып, оны қайтадан беттестіріп, табиғи қалпына келтіруге тырысып баққан. Сот-сараптамалық талдау көрсеткендей күмәнді зат 17 грамм гашиш есірткісі екендігі дәлелденген. Аталған сәлемдеме Алматы облысы, Талғар қаласы, Қызылту ауылынан ҚР ҚК 191б.2т, 14б.2т, бойынша сотталған А.Н.Ш-қа жолданыпты. Қазіргі таңда Тараз қалалық Полиция басқармасы 1-полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бап 1-тармағына сай есірткі тектес заттарды өткізу мақсатында заңсыз дайындау, иемдену, сақтау бойынша іс қозғалыпты. Мекеме қызметкерлерінің жіті тінтуі кезінде өзге де тұрмыстық заттармен қоса газеттің сөзжұмбақ парақтарының бетіне желімделген 100 АҚШ доллары табылған. Аталған шетелдік банкнотты көршілес Ресей Федерациясы Красноярск қаласынан А.Л.В есімді азаматша жіберген. Егер бұл іс әшкере болмағанда оны 2033 жылға дейін бас бостандығынан айырылған, 1984 жылы туылған сотталушы М.Д.А алуы тиіс еді.
Есірткіге есі кеткендер түрлі амал-айлаға баруда. Мекемедегі өндіріс орнының 2-аумағына бағытталған күдікті зат 15,77 грамм кептірілген марихуана екендігі сот-химиялық талдама қорытындысымен анықталды. Осыған орай, тиісті жұмыстар жүргізілу үстінде. Есірткіні тастың ішіне немесе етіктің ішіне жасырып әкелу тыйылар емес. Оның барлығы бойынша тергеу амалдары жүргізіледі.
Түрмеде өзін жақсы жағынан көрсеткен, тәртіпті сотталушыларға ғана жеңілдіктер бар. Ал оларды жаңағыдай өрескел әрекетке, қылмысқа итермелеу керісінше абақтыдағылардың жазасын ауырлатады. Жазасын өтеушілердің жақындары мен жанашырлары осыны қаперден шығармағандары жөн.

Гаухар РЫСБАЙ,
облыс бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті
ЖД-158/7 мекемесінің баспасөз хатшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support