- Advertisement -

«Nur otan» қашанда халықпен бірге

129

- Advertisement -

Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың осы жылдың 25 қарашасындағы партия аймақтық филиалдарының өкілдерімен өткен кездесуінен туындайтын міндеттерді іске асыру жолдары облыстық партия активінде жан-жақты талқыланды. Жиынды партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев ашып, алдағы мақсаттардың бағыты айқындалғанын айтып, жұмысты жандандыруды тапсырды.
Бүгінде «Nur Otan» партиясы да заман ағымына сай жаңару мен жаңғырудың даңғыл жолына қадам жасап отыр. Оның айқын дәлелі – партияның кеңейтілген Саяси кеңесі ұсынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасы. Өңірлердегі партия өкілдерімен өткен басқосуда Нұрсұлтан Назарбаевтың «Үкімет өңірлерді, әсіресе ауылдарды қолдауға, жаңа жұмыс орындарын құруға және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бағдарламалар қабылдады. Мәселен, 2026 жылға дейін ауылдарды қолдауға 2 триллион теңгеге жуық қаражат қарастырылып отыр. Алдағы үш жылда халықты ауызсумен қамтамасыз етуге 560 миллиард теңге бөлу жоспарда бар. Осы жұмыстар нақты орындалатын болса, 2023 жылдың соңына қарай ауылдық жерлердің барлығы сапалы ауызсумен қамтылады» деген сөзі серпінді істердің бастауы екені даусыз. Жиында партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев қолға алған бастамалардың іс жүзінде орындалуын жергілікті мәслихаттардағы депутаттық фракция назарда ұстауы керек екенін айтып, депутаттардың партиялық жауапкершілігін түбегейлі күшейту керектігін жеткізді.
– Бүгінгі таңда жаңғырту кезеңін бастан өткізіп отырған «Nur Otan» партиясының бастамалары елімізді өркендету мен халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталып отырғаны барша жұртшылыққа аян. Партиялық ашық кездесу барысында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Үкіметтің экономиканың жекелеген салаларын одан әрі дамыту жөніндегі жоспарларына жеке тоқталды. Өздеріңізге белгілі, облыс бойынша жергілікті мәслихаттарға сайланған 205 депутаттың 192-сі, яғни 96,5 пайызы «Nur Otan» партиясы атынан сайланған депутаттар. Шынын айту керек, олардың бірқатары «Nur Otan» партиясын іздемейді, қайта партия оларды іздеп жүреді. Партия атынан сайланған депутаттар тарапынан бастама аз, белсенділік төмен. Оның үстіне өңірдегі әлеуметтік-экономикалық салаларға қатысты туындаған проблемалық мәселелерді шешуге, депутаттардың көп жағдайда немқұрайлы қарайтындықтары да рас. Сондықтан барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттық фракциялардың жұмысына үлкен бетбұрыс жасау – уақыт күттірмейтін іс. Бұл – депутаттар мен сайлаушылар арасындағы байланыстың «әлсіз» екендігінің көрінісі. Осы жайттарды ескере келе ресми рұқсаты бар «Талдау» орталығы 6-13 қараша аралығында облыс тұрғындары арасында «Nur Otan» партиясының қоғамдағы рөлі мен орнын анықтау мақсатында арнайы сауалнама жүргізіп, оған 620 әртүрлі әлеуметтік топтың өкілдері тартылды. Сұралған респонденттердің 37,3 пайызы – 29 жасқа дейінгі жастар, 48,9 пайызы – 30 бен 60 жас аралығындағы азаматтар, 13,8 пайызы – 61 жастан асқандар. Сауалнама қорытындысы бойынша «партия филиалдарының қызметкерлерін танисыз ба?» деген сауалға Байзақ, Талас, Сарысу және Шу аудандары бойынша сұралған респонденттердің 50 пайызға жуығы «жоқ» деп жауап қайырған. Сондай-ақ «қандай партиялық жобаларды білесіздер?» деген сауалға Қордай ауданы бойынша сұралған респонденттердің 31 пайызы, Шу ауданы бойынша 26 пайызы «білмейміз» деп жауап берген. Облыс бойынша сұралған респонденттердің 48,3 пайызы әлеуметтік мәселелерді шешуге «партия көмектесіп келеді» деп жауап қайтарған. Халықтың 50 пайызы партия филиалдары қызметкерлерін танымаса, 48 пайызы ғана партия әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектеседі дескен. Бұл жағдай бізді ойландыруы керек. Партияның аймақтық, аумақтық филиалдарының және бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жүйелендіру мақсатында 16 қазанда бекітілген жұмыс алгоритміне сәйкес бүгінгі күнде Қордай, Шу және Жуалы аудандарында халықпен кездесулер өткізіліп, бастауыш партия ұйымдарының жұмыстары сараланып, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаулар жүргізілді.
Алдымызда конституциялық мерзімге сәйкес электоралды саяси кезеңнің де келе жатқанын білесіздер. Ал саяси науқан қашанда сын. Партияның алға қойған нақты мақсаты – осы электоралдық кезеңге үлкен дайындықпен бару. Осыған орай «Nur Otan» партиясы бүгінде партиялық кадрлық резервті қалыптастыру жұмысын қолға алып отыр. Партияның ядролық электоратын қалыптастыру мақсатында Жуалы ауданында партияның кадрлық резервіне іріктеу Пилоттық жобасын жүзеге асырдық. Жобаға қатысуға 44 үміткер өтініш білдірді. Үміткерлердің 16-сы әйелдер болса, оның 6-ауы көп балалы аналар. Пилоттық жобаға өтінім бергендердің 12-сі 35 жасқа дейінгі жастар. Жалпы 11 үміткерді бастауыш партия ұйымдары ұсынса, 33 азамат өзін-өзі ұсыну жолымен тіркелген. Ең бастысы – пилоттық жобаны қолдаушы партия мүшелерінің белсенділігі жоғары болғанын атап өткім келеді. Жуалы ауданындағы партиялық кадрлық резервті таңдау және жасақтау ісіндегі дайындық жұмыстары барысында бірқатар ауқымды шаралар атқарылды. Үгіт кезеңіне берілген 11 күннің ішінде кандидаттар барлық елді мекендерді қамтып, 500-ден астам іс-шара өткізді. Пилоттық жобаның ерекшелігі – алғаш рет үміткерлер арасында ашық пікірталастар өткізілуі. Пікірталасқа тіркелген кандидаттардың 20-сы қатысып, ауданның тұрмыс жағдайын жақсарту, ауылдық жерлердегі жұмыссыздық, ауызсу, табиғи газға байланысты көптеген маңызды мәселелерді шешуде өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын айтты. Сонымен қатар «онлайн» жүйесінде бақылауды қамтамасыз ету үшін видеокамералар орнатылып, жеке меншік секторларында 9 дауыс беру орны іріктелді. Ал дауыс беру тізіміне кірген 4497 партия мүшесімен қатар, кәмелеттік жасқа толған 282 жасотандық, барлығы 4779 адам өз таңдауларын жасады. Дауыс беруге 4763 партия мүшесі, яғни тізімге енгізілген партия мүшелерінің 99,6 пайызы қатысты. Дауыс беру нәтижесінде басым дауысқа ие болған аса белсенді үміткерлер партиялық кадрлық резервтен өздерінің лайықты орындарын алып, рейтингісі нақтыланды. Осындай қысқа мерзімде атқарылған жұмысты демократиялық негіздерге бағытталған партия өміріндегі жаңару және жаңғыру жұмыстарының жарқын көрінісі деуге болады. Жыл қорытындысы бойынша барлық резервистердің атқарған жұмыстарының есебін жинақтап, партиямен тұрақты түрде жұмыс істемей, байланысын үзген резервистерді резерв қатарынан шығару мәселесін Бюроның отырысына ұсынатын боламыз. Сонымен қатар партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев «Әр мәслихаттағы сайлауалды партиялық тізімдерге кемінде 30 пайызы әйелдер және 20 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар енуі керек. Сондай-ақ тізімге халықтың түрлі топтарының өкілдері, елге оралған отандастар, мүмкіндігі шектеулі жандар, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері енуге тиіс» – деді. Сондықтан да партия филиалдары мен бастауыш партия ұйымдары бұл жұмыстарға дайындықты бүгіннен бастауы қажет. Еліміздегі ең іргелі саяси құрылымға айналған «Nur Otan» партиясының негізін қалаушы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткендей, электоралды кезең қарсаңындағы партия жұмысын күшейту аса маңызды. Ақпан айында өтетін партия съезінде партия атқарған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, болашақ электоралдық кезеңдердегі жаңа міндеттер айқындалмақ, – деді Балабек Жанбекұлы.
Жиында партия облыстық филиалы Саяси кеңесі Бюросының мүшесі Бағлан Қарашолақов, партияның облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясы төралқасының мүшесі Гулам Умаров сөз сөйлеп, партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағытындағы жұмыстарға жұмыла кірісуге шақырды.Тұңғыш Президент күні қарсаңында өткен келелі басқосу соңы партия қатарына салтанатты түрде қабылдау рәсіміне ұласты.

Ерман ӘБДИЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support