- Advertisement -

Халық қолынан келетін кәсіппен айналысуға бет бұрды

46

- Advertisement -

Соңғы жылдары облыс орталығынан шалғайда орналасқан Мойынқұм ауданы дамудың даңғыл жолына түсті деуге негіз бар. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зер салған жан оның анықтығына күмән келтіре алмасы анық. Облысымыздың жартысына жуық аумағын алып жатқан Мойынқұм ауданы кейінгі жылдары аграрлы әрі өндірісті өңірге айналды. Өйткені құмды аумақ тұрғындары бұрын егін шаруашылығынмен айналысса, соңғы жылдары өндіріс саласында өнімді тірлік етіп, бірқатар кәсіпорындар нәтижелі жұмыс істеуде. Алайда бүгінгі атқарылып жатқан ілкімді істерге зер салсақ, тұрғындар қай салада болмасын нәтижелі көрсеткіштерге жұмыс істеп жатқанын байқауға болады.

Мәселен, ауыл шарушылығы саласы бойынша өндірілген өнім көлемі үстіміздің жылдың 9 айында 3,8 миллиард теңгені құрады. Бұл – көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 1,7 пайызға артқанын аңғаруға болады. Жалпы, дәл осы асыраушы салада биыл ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Аудан орталығының іргесінде орналасқан Кеңес, Биназар және Бірлік сынды ауылдық округтер ауданымыздың негізгі аграрлы аумағы деуге болады. Өйткені ауданда егілетін егіннің басым бөлігі осы округтерге тиесілі. Ағымдағы жылы аталмыш аумақтағы каналдарды тазалатып, су шаруашылығы мекемесін ашып, жүгері егетіндерге тұқым дайындап, ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын түрлі техникаларды түгелдей сайлап, көктемгі егіс жұмыстарына тыңғылықты дайындалған болатынбыз. Нақтырақ айтсақ, жалпы ұзындығы 69,3 шақырым болатын 9 тоғанды механикалық тазалаудан өткізу үшін 70 миллион теңге көлемінде қаржы бөлдік. Соның арқасында 5074 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Ал өткен жылғы егілген егістік көлемі 3784 гектар болатын. Бірлік пен Кеңес ауылдарындағы 2 жылыжайға қияр егіліп, 3,5 тонна өнім алдық. Сонымен қатар ауданда мал басы саны өткен жылға қарағанда біршама өсіп отырғаны байқалады. Мүйізді ірі қара саны бүгінде 38825 басқа жетіп, өткен жылғымен салыстырғанда 10,3 пайызға артқан. Оған қоса, жылқы, қой мен ешкі және түйе саны да біршама өскен. Осы 9 айда 3248,8 тонна ет пен 6059,2 тонна сүт өндірілді.
Жылдың аяқталуына да аз қалды. Дегенмен осы өткен мерзім ішінде ауданымыз әлеуметтік-экономикалық жағынан ілгерілей түсуде. Биыл 9 айда өнеркәсіп тауарларын өндіру және қызмет көрсету көлемі 52,7 миллиард теңгені құрады. Өткен жылдың есепті кезеңінде 40,4 миллиард теңгенің тауары өндірілген болатын. Көріп отырғанымыздай, бұл салада да айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Ілгерілеушілік әсіресе тау-кен өндірісі мен өңдеуші салада байқалуда. Жалпы, нарық жағдайында экономиканың дамуы салынған қаржыға тікелей байланысты болатыны түсінікті. Осы орайда, экономикалық секторға инвестиция тартудың мәні зор. Биыл аудан бойына 9 айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 16 миллиард теңгені құрады. Ол өткен жылғымен салыстырғанда екі есеге артық. Салынған инвестицияның бір жыл ішінде бірден екі есеге артқаны аудан аумағында құрылысы басталған «Меркі-Шу-Бурылбайтал» тасжолына тікелей байланысты екенін де айта кету керек.
Аудан тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі екені сөзсіз. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды мейлінше оңтайлы шешуге күш салып отырмыз. Тұтастай алғанда, аудан бойынша 24 елді мекен болса, оның 14-і орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Үстіміздің жылдың соңына дейін Бурылбайтал, Мирный және Қияқты ауылдары орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылатын болады. Алдағы уақытта басқа да ауылдарды таза сумен қамтамасыз ету мәселесі шешімін табатын болады. Бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Қылышбай ауылын келесі жылы ауызсу жүйесіне қосамыз. Бұдан бөлек, келесі жылға Қарабөгет пен Сарыөзек ауылдарының жобалық-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өтіп, қаржыландыру үшін облыс әкімдігінің энергетика басқармасына өтінім берілді.
Жалпы, облыс орталығынан шалғайда орналасқан Мойынқұмда барлық сала бойынша ілгерілеу бар деуге болады. Тағы бір айта кететін жайт, ауылдықтарға облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы үлкен үміт сыйлап отыр. Жуырда ғана Асқар Исабекұлы аудандағы Кеңес ауылына арнайы келіп, тұрғындармен кездескен болатын. Өңір басшысының өзі ауыл тұрғындарына жобаның талаптарын түсіндірген соң тұрғындар жұдырықтай жұмылып, игі бастамадан құр қалмай, мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысып бағуда. Негізінен, пилоттық жобаға енген Кеңес ауылы бойынша 363 аула болса, халық саны екі мыңнан асады. Тұтастай алғанда, жерлестеріміз бұл жобаның барлық бағыты бойынша белсенділік танытып отыр. Мәселен, алғашқы бағыт бойынша үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалануға барлығы 6 миллион 645 мың теңге қажет. Оның ішінде тұқымға 6 миллион теңге жұмсалса, тыңайтқышқа – 270 мың, пестицидке 375 мың теңге жұмсалмақ. Екінші бағытқа келер болсам, ауылдағы 363 ауланың 177-сінде ғана мал бар. 28 отбасы үйлерін кепілдікке қойып, мал шаруашылығын дамыту мақсатында несие алған. Ал қалған ауланың иелері жалпы саны 193 миллион теңгеге 1395 бас мал алуға ниетті. Дәлірек, 175 мүйізді ірі қара, 242 сауынды сиыр, 250 қой, 128 жылқы және 300 қаз алуды көздеп отыр. Жоғарыда аталған жоба аясында ауылымызда «Айдарлы Агро-2019» ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Ол асыраушы саланың барлық бағыты бойынша жұмыс істейтін болады. Ендіге меже – тұрғындардың ұсыныстары мақұлданса, тиянақты әрі нәтижелі жұмыс істеу. Ең бастысы, жоба арқылы ауылдағы ағайынның бойындағы жігер оты лаулап, өз қолдарынан келетін кәсіппен айналысуға бет бұрды. Бұл әсіресе ауылдық жердің алпыс екі тамырына жан бітірген жақсы бастама болды.
Аудандағы білім беру, денсаулық сақтау және спорт сынды басқа да салаларында белсенді жұмыстар атқарылуда. Бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырып, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына барынша күш салатын боламыз.

Мәден МҰСАЕВ,Мойынқұм ауданының әкімі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support