- Advertisement -

ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ

61

- Advertisement -

білім сапасын арт тыруға бағыт талған

Қай елдің болсын, өсіп-өркендеуі оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, даму бағытына байланысты. Өркениеттің бастауы – білім мен ғылым. Сондықтан білім жүйесі сапасын жетілдіру – әрқашан өзекті мәселелердің бірі.
Осы мақсатта елімізде білім саласындағы жүзеге асырылған бірқатар реформалар бүгінде өз нәтижесін беруде. Әсіресе соңғы жылдары орта білім беру сатысына кезең-кезеңімен енгізіліп жатқан жаңартылған білім беру бағдарламасынан күтілетін нәтиже көп. Аталған бағдарлама – заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыра алатын тың жүйе.
Өңірде жаңартылған білім беру мазмұнына көшу жұмыстары өз нәтижесін беруде. Білім сапасының 2016 жылмен салыстырғанда биыл 60,5-тен 69,6 пайызға өсті. Оқу жетістігін сырттай бағалау көрсеткіштері де жақсарып, 4-сыныптар бойынша 8-орыннан 7-орынға, 9-сыныптар бойынша 5-орыннан 4-орынға және 11-сыныптар бойынша 6-орыннан 5-орынға көтерілді.
Жалпы білім сапасының жақсарып, оқыту жүйесіне енгізіліп жатқан жаңа жүйелердің жемісін биылғы түлектердің 75,5 пайызы жоғары оқу орындарына түсіп, 55 пайызы мемлекеттік грант негізінде білім алып жатқанынан да байқауға болады. Соңғы екі жылдың өзінде облысымыздың 89 түлегі Назарбаев университетіне, 1137-сі шет мемлекеттердің ең үздік жоғары оқу орындарына оқуға қабылданды. Бұл – педагогтардың үздіксіз ізденісі мен тынымсыз еңбегінің нәтижесі.
Білім беру жүйесінде оқушыларға сапалы білім беріп, олардың тұлға ретінде қалыптасуында, дамуында ұстаздардың педагогикалық, ғылыми-теориялық, әдістемелік жаңалықтар мен озық тәжірибені жетік меңгеруінің, кәсіби дамуының маңызы зор. Бұндай талапқа сай қызмет істеу үшін әрбір ұстаз үздіксіз ізденіп, кәсіби білікті маман болуы тиіс. Осыны ескеріп біз өңір педагогтарына әдістемелік қолдау көрсету мақсатында облыстық білім басқармасы, педагогикалық шеберлік орталығы, Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі арасында біріккен жоспар жасап, желілік кесте әзірледік.
Жоспарға сәйкес облыстың жетекші және серіктес мектептерінде 54 іс-шара өткіздік. Оған өңірдің 20676 педагогы қамтылды. Мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына тәрбие бағыты бойынша әр ай сайын оқыту, үйрету семинарлары өткізілуде. Сондай-ақ мектеп басшылары Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде бір апталық тағылымдамадан өтуде.
Бүгінгі таңда білім беру саясатының басым бағыттарының бірі – Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесін орта мектептерге енгізу және тарату. Осы мақсатта өткен жылы «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы мен облыс әкімдігі арасында меморандумға қол қойылды.
«Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс»! Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында педагогтарға осындай міндет жүктеді. Бүгінгі бала – ертең ел тұтқасы. Сондықтан олар бәсекеге қабілетті маман болуы үшін қазірден ең озық бағдарлама бойынша білім алуы тиіс. Зияткерлік мектептердің озық тәжірибесін облыстағы 80 мектепке таратуымыздың мәні де осында.
Білім берудегі жаңартылған бағдарламаның мәні – баланың функционалды сауаттылығын қалыптастыратындығында. Бұл бойынша жалпы білім беретін мектептердің тәжірибесіне Назарбаев зияткерлік мектептерінің білім бағытындағы критериалды бағалау, оқушылардың жобалық және зерттеу қызметін ұйымдастыру, тәрбие бағытындағы «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығы жобасы бойынша «Туған елге тағзым» өлкетанулық-зерттеу экспедициялары, «Оқуға ұсынылатын 100 кітап», интеллектуалды және онлайн интерактивті ойындар жарысы, олимпиадалар, «Флеш-моб», «Мектеп түлектерінің күндері», «Денсаулық күні», «Өнер күні», «Ауылдағы он күн», «Ата-ананың жұмыс орнындағы бір күн», «Вookсrossing» жобалары енгізілуде. Алдағы уақытта алдыңғы қатарлы педагогикалық тәжірибені тарату жұмыстары жүйелі түрде жалғаса береді.
Шәкіртке білім мен тәрбиені ұштастыра қатар беру – үлкен жауапкершілік екені белгілі. Оқушылардың мектепте табысты оқуы ғана емес, өмірде де табысты болуы мұғалімнің қабілетімен қатар құзыреттілігіне де байланысты.
2016-2019 жылдар аралығында өңірдегі 20788 педагог жаңартылған білім беру мазмұны бойынша курстан өтті. Білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен 23 мың педагогтың лауазымдық жалақысына 30 пайыз үстемеақы қосылды.
Қазір талап өзгерген. Ақпараттық технологиялар күн санап дамып, таным мен талғам өзгеруде. Сондықтан Елбасы Н.Ә. Назарбаев атап көрсеткендей, қазір ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. «Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын оқушылардың сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет» деген пікір біздің басты ұстанымымыз болуы керек.
Қорыта айтқанда, әлемдік тәжірибедегі алдыңғы қатарлы идеяларды басшылыққа ала отырып, функционалды сауаттылығымызды арттыру үшін сыни тұрғыда ойлай алатын мұғалімдер қатарын көбейтсек, нәтижеге жететініміз сөзсіз.

Жәмилә БЕКБАТЫРОВА,
облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support