- Advertisement -

Иманы бардың жиғаны бар

54

- Advertisement -

Жуырда еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласында ІІІ республикалық имамдар форумы өткізілгені белгілі. Оған елімізге белгілі тұлғалар, министрлер мен халық қалаулылары қатысып, маңызды мәселелер қамтылғанынан жұртшылық хабардар. Осы іс-шараның жалғасындай болып, облыс әкімдігі дін істері басқармасы және облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің ұйымдастыруымен «Рухани құндылықтар елдікке бастайды» тақырыбымен облыстық имамдар форумы өтті. Тараз қаласындағы «Достық» үйінде ұйымдастырылған іс-шарада облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен өткізілген «Елдік елге байланысты» атты форумда көтерілген мәселелерді қолдау жайы сөз болды.
Имандылықтың айнасы саналған имамдар жиыны Құран оқудан басталып, діннің құндылықтары жайында бейнеролик көрсетілді. Іс-шараны Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының облысымыздағы бас имамы Қанат Жұмағұл жүргізіп отырды. Әуелі облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров сөз сөйлеп, еліміз Тәуелсіздік алған отыз жылға жуық уақытта ислам дініне жан-жақты қолдау көрсетіле бастағаны, кәсіпкер азаматтардың мешіт салуға, сауапты істер атқаруға құлшыныстары артқанын айтып, бүгінгі форумның берекелі жиын боларына сенім білдірді. Жангелді Жайлауұлы әр ауылдың имамы мешіт ісінен бөлек, ауыл жастарына рухани тәрбие беретін тұлғаға айналғанына тоқталып, қайырымдылық іс-шараларын да сөз етті.
Өткен жылы мешіт имамдарының бастамасымен 96 миллион теңгеге 19 мың мұқтаж адамға көмек көрсетілген. Оның ішінде қайырымдылық жолында жиналған қаржыға баспанаға зәру 5 отбасыға пәтер беріліпті. Бұл істе Тараз қаласының бас имамы Ғазиз Ахметов, Талас ауданының бас имамы Нұрсұлтан Әлиев, Меркі ауданының бас имамы Батырбек Қасымжановтың жұмыстары жемісті екені сөз болды. Басқарма басшысы Қырғыз республикасымен шекаралас аудандарға әлі де рұқсат етілмеген діни кітаптардың әкелінуі, басқа да мәселелер толық тиылмағанын айтып, теріс көзқарастағы азаматтармен жұмыс жалғаса беретінін жеткізіп, форумға қатысушыларды ашық әңгімеге шақырды.
Мұнан соң ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұлов діни басқарманың ханафи мәсхабына сүйенген өз ұстанымы бар екенін, әр қазақтың бойында иман байлығы тұнып тұрғанын тілге тиек етті.
– Жақында Астанада имамдардың республикалық форумы өткенін білесіздер. Сол жерде бірқатар келісімдер мен өзгерістер болды. Осы іс-шарада «Жеті рухани қазық» атты Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы бекітіліп, муфтияттың құрылымындағы діни лауазымдар тізімі және міндеттері айқындалды. Ендігі жерде Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік, әділдік секілді жеті бағытты негізге алады. Қасиетті Құран кәрімнің «Нахыл» сүресінде: «Ер немесе әйел кісіден кім иман келтірген бойда түзу іс істесе, әлбетте, оны жақсы тіршілікте жасатамыз. Әрі оларға істеген істерінен де жақсы сыйлық береміз», – деген. Сондықтан баршаңызды осынау игі бастамаларды қолдауға шақырып, форум жұмысына сәттілік тілеймін, – деді Хасан Аманқұлов.
Мұнан соң облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов сөз сөйлеп, имандылық жолын ұстанған адамның тек игі істер атқаратынына тоқталды. Ал облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепберген Абай мен Мәшһүр Жүсіптің сөздерінен мысалдар келтіріп, Мәшһүр Жүсіптің «Құдай зорлықпен ешкімді кедей қылмайды» деген философиялық даналығына тоқталып, әр ауылдың әкімі, имамы, ақсақалы сол ауылға үштаған болуы қажеттігіне тоқталды. Облыстық ардагерлер кеңесі ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Сайлаухан Ашанов, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Айбек Тәутен, Меркі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбарбек Иманәлиев өз ойларымен бөлісті.
Сондай-ақ форумға қатысушы имамдар имандылық адам бойындағы ең асыл қасиет екенін айтып, оны дамыту қажеттігін, Отанға қызмет ету, білім алу, өзін-өзі дамыту, мәдениетті, қанағатшыл, әділ болу мазмұнындағы Үндеу қабылдады.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support