- Advertisement -

Қазақтың бекзат қызы

181

- Advertisement -

Жамбыл облысында 13 жылдан аса облыстық партия комитетінің хатшысы болып, мәдениеттілігімен, іскерлігімен, өзіндік мінезділігімен, адами қасиеттерімен ел-жұрты бүгінгі күні де сол еңбегін ұмытпай, зор құрмет көрсететін тұлға – Ғайникен Айдарханқызы Бибатырова десем артық айтқандық емес шығар. Ол – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, қазақтың бекзат болмысты қызы.

Жер жәннаты Жетісу өлкесінде, Балқашты бойлай отырған жидесі мол Көкжиде ауылында дүниеге келген Ғайникен Бибатырова саналы ғұмырын Әулиеата жерінде өткізді. Алматыдағы қазақ мемлекеттік әл-Фараби (бұрынғы С.М.Киров) атындағы университетін бітірген Ғайникен Айдарханқызы Мәскеудегі СОКП Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдық академиясын бітіріп, тарих ғылымдарының кандидаты атанды. Үлкен қоғамдық-саяси өмірдің табалдырығын аттаған ол еңбек жолын бүгінгі Медеу (бұрынғы Фрунзе) ауданының, Алматы қалалық комсомол комитеттерінің бірінші хатшысы, Алматы облыстық комсомол комитетінің салалық хатшысы, Алмалы (бұрынғы Совет) ауатком төрағасының орынбасары, Бостандық (бұрынғы Калинин) аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Жамбыл облыстық партия комитетінің салалық хатшысы, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрінің орынбасары және Ғалымдар үйінің басшысы сынды үлкен лауазымдармен жалғап өтті. Ол кісі бар еңбек жолында арды биік, намысты көрік етті.
Мен облыстық партия комитетінің хатшысы Ғайникен Айдарханқызымен ең алғашқы рет 1973 жылы кездестім. Әулиеата өңірінде ол кісінің бастамасымен көптеген жаңа мектептер мен ауруханалар, спорт алаңдары салынды. Облыстық, аудандық және қалалық газеттердің мазмұны өзгеріп, еңбек адамдары жайлы портреттік мақалалар жүйесі жаңа сипатқа ие болды. Ғайникен Айдарханқызының тағы бір қыры – ол ұлтымыздың сан ғасырлық өткелдерден жоғалмай келе жатқан, көненің көзіндей жауһар салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын, өнері мен мәдениетінің өмір айнасынан кетпей сақталуына сңірген еңбегі. Ол кісінің тұла бойындағы Ұлы Өнерге деген кәусар құмарлықтың арқасында сол жылдары Мәскеу мен Индияға дейін сапар шеккен «Алатау» ән-би ансамблі облыстың өнер айнасына айналғаны ақиқат. Ғайникеннің тұсында ауыл жастарының басын қосқан осындай өнерлі ұжымдар облыстың барлық аудандарында құрылып, Меркіде «Меркі әуендері», Жуалыда «Қызғалдақ», Шуда «Шу еркесі», Сарысуда «Сарыарқа», Луговойда «Сұлутөр», Мойынқұмда «Мойынқұм», Таласта «Талас толқындары» ансамбльдері елін қуанышқа, көрермендерін шаттыққа бөлегені уақыт шындығы.
Сонымен қатар Ғ.Бибатырова облыс жастарының білімді болуына, ғылыммен айналысуына, спорттық жетістіктерге жетуіне және күрмеуі көп әлеуметтік-тұрмыстық мәселелеріне үлкен көңіл бөлген бірегей басшы. Осының барлығы Ғайнекеннің ерен еңбегі мен іскер ұйымдастырушылығы мен қарымды қабілетінің арқасында іске асқан құндылығы мол, тағылымы терең дүниелер.
Сол жылдары облыста Ғ.А.Бибатыровамен қызметтес болған, ол кісінің алдын көріп, «мектебінен» өткен, тәрбиесін алған Ж.Аппасова, Н.Рахышева, Б.Егембердиева, К.Әбдікешова, Ә.Маханова, С.Гайдуллина сынды жігерлі қыздар қатары орнықты қалыптасты. Олар өңірдің мәдени және рухани дамуына үлкен үлес қоса білді.
Біздің Жамбыл облысына сырттан талай басшылыр келіп, ел басқарып, табысты қызметтер атқарды. Бірақ мұндағы қызметтен кеткен соң Жамбыл жеріне аяқтары қайта тимеген азаматтар баршылық. Ал Ғаникен Айдарханқызы күні бүгінге дейін осы 80 жылдық тарихын артқа тастаған киелі жерден, қасиетті елден алыстаған емес. Менің ойымша, ол кісі де Жамбыл жерін сағынады, әрбір сапарын асыға күтеді, сыйлас болған алдыңғы буын ағаларын, қызметте бірге жүрген іні-сіңлілерін аңсап тұрады.
Ең кереметі, облыста сол жылдары дүниеге келген қыз балаларына «Ғайникен» есімін берген отбасылар өте көп болды. Бұл қазақтың арда қызы Ғайникенге көрсетілген көптің құрметі шығар. Өйткені апайымызды облысымыздың барша азаматтары сыйлап, төрден орын береді. Қажет болса, ол кісімен мақтанады, ол кісінің ардақты есімін мақтан тұтады. Осыдан бірер жыл бұрын өңір жұртшылығы аймақтың өркендеуіне орасан зор үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Г.Бибатыроваға «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атағының берілгенін қуана қабылдады. Ал Ғайникең бұл мәртебелі атақты алған кезде өте қатты қуанды және үлкен тебіреністе болды. Дүйім жұрттың алдында қиелі Әулиеата жері мен халқына бас иіп, шын жүректен шыққан ақжарма ойы мен ақберен алғысын білдірген шақтардың куәсі болған едік.
Мен қызмет бабында Ғайникеннің қабылдауында жиі болатынмын. Өйткені сол тұста облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы едім. Өңір көлемінде өткізілетін іс-шара, болмаса түйіні шешілмеген жастардың проблемасы болса бірінші кезекте сол кісімен ақылдасатынмын. Ғайнекең қаншалықты тығыз шаруасы болса да, облыс жастарының мәселесіне ерекше көңіл бөліп, қамқорлық жасайтын.
Ғайнекең керек жерінде дұрыс деп тапса өзінің «турасын айтып, туғанына жақпайтын» мінезін көрсететін табанды, талапкер басшы екенін облыс активіндегі барлық азаматтар білетін. Өзінің біліктілігімен, азаматтардың психологиялық тұрғыдан сана-сезімін, жауапкершілігін дөп басып таба білген ұстаз-басшы қаншама буынды тәрбиелеп, қанаттарын қатайтып, жол көрсетіп, табыстарға жетеледі. Оның ішінде білім, денсаулық, спорт, мәдениет қызметкерлерінің пәтер алу мәселелерінде, жоғарғы марапаттарға ие болған қуанышты сәттерінде ортақтасқан шынайы ризашылықтары да шексіз еді.
1974 жылдың маусым айында Кенен Әзірбаев атамыздың 90 жылдығын республика көлемінде өткізу туралы жақсы жаңалық басталғанда, бұл шараның ең жоғарғы дәрежеде өтуіне мұрындық болған да Ғайникен Айдарханқызы еді. Аталған тойға Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өзі қатыспақ болған. Бірақ Мәскеудегі Орталық комитеттің Саяси Бюросы отырысына қатысатын болғандықтан келе алмады. Ал Орталық комитет пен министрліктердің бірінші басшылары түгелдей осы тойға қатысып, құрметтерін білдірді.
Жақсы бастамалар жалғассыз болмайды емес пе?! 1976 жылы «малшылардың маршалы» атанған екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 80 жылдық мерейтойы өзінің туған жері, кіндік қаны тамған Мойынқұмда үлкен салтанатпен аталып өтілді. Бұл тойдың ең бір есте қалалық ерекшелігі – республика бойынша бірінші болып мерейтой иесінің келбеті бейнеленген төс белгінің жасатылуы еді. Төсбелгі дайындауға Ғайникен құлшына кірісіп, оны «Алматы машина жасау зауыты» арқылы көп қиындықпен жасатқанымыз есімде қалыпты. Тарихта қалған сол төсбелгі көрген адамның көзін тартатындай жарқырап шықты.
Өткенді еске алғанда Ғайникеннің сан-салалы істерінің арасынан ойға тағы да бір жайт оралып отыр. Бокстан әлемге әйгілі қазақтың даңқты ұлы, дарабоз боксшы Серік Қонақбаев бауырымызға жол ашқан бірден бір адам Ғайникен Айдарханқызы екенін біреу білсе, біреу білмес. Себебі, өткен заманда спорттың қай түрінен болса да басқа ұлттың жампоздарына КСРО-ның командасының құрамына мүше болу мүмкіндігі шектеулі болатын. Кеңес Одағы дәуірінде талай құйтырқы әрекеттер мен әділетсіздіктер бәрімізді әркез қынжылтатын. Ғайникен Айдарханқызы сол жылдары бокстан КСРО құрама командасының бас жаттықтырушысы Ю.Киселёвпен Мәскеуде Академия қабырғасында оқып жүрген уақыттан таныстығы бар екен, жолын тауып елге шақырып, облыс көлемінде жас спортшыларға жасалынып жатқан іс-шаралармен таныстырдық. Соның нәтижесінде мықты армениялық боксшы И.Акопкохянның орнына талантымен тас жарып тұрған Серік Қонақбаев бауырымыз КСРО-ның құрама командасының мүшесі болды. Бұл ақжолтай жол Серіктің әлемдік рингтегі бағын ашты. Серік те қазақ халқының сенімін ақтап, үмітін абыроймен ақтады.
Ғайникен Айдарханқызы ежелгі Тараз жеріндегі, Ұлы жібек жолы бойындағы көне тарихи және аса құнды мәдени ескерткіштерді қорғап, сақтап қалуға аса зор үлес қосқандығын бүгінгідей облыстың айтулы мерекесі қарсаңында айтпасқа болмас. Бірде ол кісі Әулиеата жеріндегі «Айша бибі», «Қарахан», «Тектұрмас», соның ішінде «Айша бибі» кесенесінің жел-жаңбырдан эрозияға ұрынып жатқан жағдайдан қалай сақтап қалу жөнінде алаңдаушылық білдіріп, тиісті мамандармен ақылдасады. Қаржының жоқтығынан әзірге әйнек қораппен көмкеріп қою туралы шешімге тоқтайды.
Бастамашыл, жаңашылдыққа жаны құмар, ізденімпаз, бастаған ісін жарты жолда қалдыра алмайтын, діттеген жеріне міндетті түрде жететін Ғайникен Айдарханқызы үшін ерлермен иінтіресе жүріп атқарған қызметтердің барлығы оңай болды деуге болмас.
Ғайникен апай үшін Әулиеата өңірі шын мәнінде үлкен өмір мектебі, азамат болып шыңдалу ортасы болды деп есептеймін. Ол патша көңіл халықтың аялы алақанына салған перизат көңіл қызындай болды. Заманында осындай қызын ардақтаған қазақтың дүлдүл ақыны Кенен атамыз, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев пен қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы Әбділда Тәжібаев сынды көптеген асылдардың Ғайнекеңе ақ батасын берген сәттерін көрдік. Бұл кісіні батамен көгерген, алғыспен ардақталған алтынның сынығы, жібектің жалғасы деп танимыз.
Студенттік жылдарын Ғайнекеңмен бірге өткізген жақын құрбы-досы, Т.Рысқұлов аудандық атқару комитеті басшысының орынбасары болған Галина Сейпанова (Бірбаева) ол кісінің өнерге құштарлығын, керемет әншілігін, онда да айрықша шеберлікті талап ететін «Маң маңгер», «Жалғыз арша» сияқты әндерді тамылжыта айтатындығын жиі еске алушы еді. Кейін өзіміз облыста қатар қызметтес болған шақтардағы шағын отырыстарда сирек те болса ол кісінің салған әнін тыңдадық. Тәңірі берем десе бір адамға бәрін береді. Сымбатын да, сәнін де, парасаттылықты да, талантты да, әншілікті де Ғайникеңе берген екен.
Бүгінде адал еңбектің зейнетін көріп отырған Ғайникен Айдарханқызы туған халқының сый-құрметіне бөленуде. Ол кісіге берілген атақ та аз емес, мемлекет берген марапат та бар, абырой да жеткілікті. Бірақ Ғайникен Айдарханқызы үшін өшпес ізі қалған, елі сыйлаған, халқы құрметтеген, жұрты қастерлеген Жамбыл облысының орны бөлек деп есептеймін. Өйткені Жетісудай киелі топырақтан шыққан Ғайникен киелі Әулиеата жерінің шын жанашыры, ізгі тілектесі, үлкен жүректі, тау тұлғалы азаматы. Ол қасиетті Қаратаудың етегінде өткен қуанышты сәттері мен табысты кездеріне шын пейілімен қуанады. Ол кісінің бойында қазақ қыздарына тән мейірім мен бауырмалдық, парасат пен биіктік өте мол.
Хамит ағамыз бен Ғайнекен апай үшін отбасы бәрінен де жоғары, бәрінен де биік тұратын. Отбасының бірлігі мен татулығы, перзенттерінің білімді және тәрбиелі болып өсуі бақытты шаңырақтың, киелі табалдырдықтың бойтұмарындай болып жарқыраған жауһар дүниелер. Өйткені бұл отбасы ынтымағы шайқалмаған, бірлігі бұзылмаған, татулығы орнығып, қуанышы ортаймаған, өзінің тамаша дәстүрі қалыптасқан отбасы.
Кейде мына өмірде осындай мейірімі мол, шуағын алысқа шашатын жандар аздау ма деп те ойланамын. Бабалар өз заманында жақсыларға қарап: «Ай ортақ, күн ортақ, жақсы ортақ» деген философиялық сөз қалдырған екен. Олай болса, Ғайникен Айдарханқызы де қасиетті қазақ халқына ортақ, киелі Жамбыл жұртына жақын тұлға.

Сағынхан ӘМІРЕҚҰЛОВ,
Жамбыл облысының
Құрметті азаматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support