- Advertisement -

Құнарлы азықтың үлесі ұлғаюда

43

- Advertisement -

«Жазда шанаңды, қыста арбаңды сайла» деген халық даналығы тектен-текке айтылмаса керек. Осы бір үрдістен жаңылмай келе жатқан ауыл шаруашылығы құрлымдары биыл да ерте бастан-ақ қыс қамына кіріскені белгілі. Жалпы, биылғы жаз шаруалар үшін өте қолайлы болғандықтан, шабындықтарда табиғи шөп мол болып, мал азығын дайындау науқаны ойдағыдай өткен болатын. Өңірде мал қыстатуды қалыпты өткізу үшін биыл 1 миллион 592 мың тонна пішен дайындау қажет болса, облыстағы барлық санаттағы ауыл шаруашылық құрылымдарында 1 миллион 667 мың тонна пішен дайындалып отыр. Бұған қоса аудандарда 117,9 мың тонна сабан жиналған.
Бүгінде өңірімізде мал азығы 110-120 пайызға дайындалды. Бірақ агроқұрылымдардарға мал азығының сапасына, рацион құрылымын жақсартуға ерекше талап қойылуда. Қазіргі таңда жоғары сұрыпты ет, сүт өндіру үшін мал рационында сүрлем, пішендеме сияқты құнарлы азықтың үлесін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта пішеннен бөлек шаруашылық субъектілерінде 60 мың тонна сүрлем, 56 мың тонна пішендеме әзірленген.
Қыстауға түсетін мал санына қарай шаруашылықтарға 533,2 мың тонна құнарлы жем қажет. Ендігі жерде құнарлы мал азығына деген қажеттілікті толық қамтамасыз ету үшін еліміздің солтүстік облыстарынан 100 мың тонна жем сатып алу жоспарлануда.
Биыл өңіріміздегі мал қыстатуларында 888,6 мың бас мал қыстатылады деп жоспарлануда. Жалпы, облыста 5 862 мал қыстауы болса, оның 1 020-сы шалғайдағы жайылымдарда, құмды аймақтарда орналасқан. Аудандардың берген мәліметіне сүйенсек, қыстаулардағы малшыларға арналған 5 564 тұрғын үйі, 2 184 қотан-қашар, 936 баз толық жөндеуден өткізілген. Сонымен бірге, дайындалған шөптің басым бөлігі сол қыстаулардың қасына жиналған.
Табиғаттың тылсым құбылысына шек жоқ. Сондықтан ауыл шаруашылығы басқармасының ұсынысымен аудан әкімдіктерінде мал қыстатуды өткізу бойынша жедел штаб құрылып жұмыс істеуде. Аудан әкімінің орынбасары басшылық ететін штаб мал қыстату барысында туындаған барлық мәселелерді шұғыл шешуге атсалысады. Қажет болған жағдайда аудандағы ірі кәсіпорындардың резервін, техникасын, басқада ресурстары ұтымды пайдалануға мүмкіндік берілген.
Қорыта айтқанда, мал шаруашылығындағы ең маңызды шақ – мал қыстату науқаны. Науқан кезінде мал шығынының болмауы − келер жылғы мол өнімнің кепілі. Сондықтан аудан әкімдіктері бұл науқанға жауапкершілікпен қарайды деген сенімдеміз.

Тұңғыш ТЫНЫСБЕКҰЛЫ,
облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support