- Advertisement -

ЕЛ БОЛАМ ДЕСЕҢ, ТОЙЫҢДЫ ТҮЗЕ

151

- Advertisement -

Қазақ – тойшыл халық. Баяғы заманнан солай. Тәуелсіздік алғалы бері кең-байтақ қазақ елінің қай өңірінде болмасын той дегеніңіздің түрі көбейген. Біздің облыста да сондай. «Той – халық қазынасы», «Құдай тойдан кенде қылмасын», «Тойда жолығайық» деп аптаның жеті күнінде тойда жүреміз. Өмір есігін ашқан шақалақтың шілдеханасынан басталып, тұсаукесер, сүндет той, тілашар, күміс, алтын, мерейтойлар, үйлену тойы және қыз ұзату болып жалғасып кете береді. Ал содан дастархан үсті ағыл-тегіл дәм, 100 мың теңгенің үстіндегі асаба қызметі, музыка қоюшы, бейнекамераға түсіруші,әнші-бишілердің әрбір өнеріне келісім бойынша тағы да шытырлаған ақша. Тойхана әкімшісіне тапсырысқа қарай кісі басына 5-10 мың теңгеден төлейсіз. «Бай дастархан» жасаймын десеңіз одан да көп. Ет, қымыз-шұбат, түрлі сусындар мен ішкілікті той иесі бөлек сатып алады. 150-200 адамға той жасасаңыз 1,5-2 миллион теңгедей кетеді. «Бұл ағайын ақшаны қайдан алады?» деп ойламаңыз, кез келген банктен несие ала салады. «Той – халық қазынасы» дегендер кейде жасаған аста-төк тойы ақтамай, қып-қызыл шығынға батып, банктен алған қыруар қаржыны мойнына іліп алады.
«Өткені бар, бармасақ ұят қой» дейтін тойшыл қауым шаршап қайтады. Ұзақ-сонар тілек, оның үстіне кейбір асабалардың жаттанды сөздері кісіні мезі етеді. Өткенде айтқанын келесі тойда да қайталап соғып тұрады. Тіпті «қыз ұзату» тойында әлі оң жақтан аттамаған қызға «жүкті бол» дегенді де естідік. Міне, бүгінгі қазақ тойын жүргізушілерінің жеткен жері. «Тойдың қызықты өтуі бәрімізге байланысты» деп алып, қазақтың салт-дәстүріне жат, қайдағы бір ойдан шығарған көріністерді көрсете бастайды. Бүгінгі тойдан жұп-жұп болып, әйелін арқалап жүгіргенді де, аяғына қап киіп жарысқанды да, жерге отырып та, жатып та билегенді көрдік. Бір сәт даңғаза музыкадан тыныштық орнай қалса, фотоаппаратымен қыз-келіншектер жылмаң етіп жетіп келіп, «былай-былай отырыңыздар» деп объективке іліп кетеді. Қазір қалта телефонының бәрі суретке түсіре беретінімен ісі жоқ, 10-15 минут өтер-өтпестен суретті алып келіп, ақысын сұрап қиылып тұрғаны. Бұрын той тізгінін ұлттық салт-дәстүрге жетік өнер қонған азаматтарға, қара сөзге дес бермеген шешен жігіттерге ұстатушы еді. Ондай азаматтар қонақтардың да, қожайынның да көңілінен шығатындай өте қызықты, ел есінде қалатындай етіп жүргізетін.
Жас қыздар арагідік мың бұрала билейді, бишілерге қарап отырсаң, мектеп оқушылары сияқты. Апыл-ғұпыл өнерлерін көрсете салады да басқа тойға тартады. Бір-екі сағаттан кейін әлгі бишілер қайта айналып соғып, музыка біткенше тағы да мың бұралып, тағы бір тойға асығыс жиналады. Құдай-ау, сонда түн қатып, той жағалап жүрген өрімтал қыздардың ата-аналары қайда? Көкейді тесіп бара жатқан қу ақша-ау.
Бірде екі жастың үйлену тойына бардық. Сағат кешкі тоғыз болды, басталмайды, он болды, әлі жастардың қарасы көрінбейді. Дастарханға жайғасқан қонақтардың алды «қызара бөрте» бастады. Құдалар да әдеттегідей төрдегі өздеріне арналған дастарханға отырғалы қашан. Жас жұбайлар мен достары қаланы азан-қазан қылып жеткен автокөлік керуенін бастап келген есік пен төрдей «гулянканың» бас автокөлігі «Лимузинде» отырып алып, тойды бастап та жіберді. Екі жастың өміріне ақ жол тілеген құрбыларының сөзі сыртқа естіліп жатты. Сөйтсек, сценарий бойынша жас жұбайлар төрге биші қыздар билеп жатқанда отыруы керек екен. Ал бишілер болса, сәл ертерек басталған тойда өнер көрсетіп, жеткенше сағат он бірге таянды.
Қазақ келіні ешқашан төрге шықпаған. Үйлену тойында жастардың төрде төбедей болып отырғаны да көзге қораш көрінеді. Бұл да ескерілсе дейміз. «Сонда үлкен өмірге қол ұстасып, бірге аттанған жастар қайда отыруы керек?» дейтіндер де табылар. Екі жастың өмірінде бір-ақ рет болатын мұндай салтанатты сәтте жастарға орын төрден емес, музыка құралдары қойылатын жерге қарама қарсы босағадағы орыннан берілсе қалай болады? Қазақта «Шырағың сөнбесін» деген жақсы сөз бар. Ал тойда жарық біткенді өшіріп, үлкен торттың үстіне балауыз жағады да, оны жас келін үрлеп өшіріп, ата-енесіне, күйеуіне тәтті тағамды асатып жатады. Осы дұрыс па?
Сосын өнер жұлдыздары ән салады. Той-томалақта ән салатын кейбір «жұлдыздарды» бұрын-соңды сахнадан көрмеппіз. Дегенмен ақысына келіссеңіз елге белгілі өнерпаздар Алматыдан да келеді. Тіпті Нұр-Сұлтан қаласынан да теледидардан түспейтін әзіл-оспақ театрларының әртістерін де көріп қаламыз.
Даңғаза музыка да қонақтарды ығыр қылады. Үлкен де, кіші де жұлқына билейді келіп, жастар жағы сөздік қорымызға енгізген «жынды би» дегеніңіз осы. Бұл кезде құлақтары тұнып қалған кейбір егде кісілер сыртқа беттейді. Қайтып кетейін десе «тойбастар алмаймыз ба?» деген әйелінен аса алмағандары амал жоқ у-шудың ортасына қайта кіреді. Айтпақшы, өткенде Таразда бір әріптестің тойында таластық «Алтын домбыра» үштігінің шырқаған халық әндері мен елге белгілі композиторларының шығармаларына той қонақтарының риза болғаны сонша шапалақ пен қошеметтің жаңғырығынан еңселі тойхана ғимараты теңселіп кеткендей болды. Бұл қазақ әніне деген халықтың аса зор құрметі. Қазақ әні дегеннен шығады, Таластың тумасы, Тараз қаласының тұрғыны, елге белгілі әнші, домбырашы Көпжасар Арынұлы деген азамат бар. Сол өнерпаз ағамыз бір тойды бір өзі-ақ әнге бөлеп, думандатып жіберетін. Әлгі «Алтын домбыра» үштігінде өнер көрсеткен әншілердің бірі осы Көпекең еді. Сарысуда Жұман Есдәулетов деген аса талантты әнші өтті. Сол замандасымыз бір өзі, бір ансамбль болатын. Жалғыз өзі-ақ той басталғаннан тарағанша үкілі домбырасын қолына алып, кез келген қазақ әндерін шырқайтын. Ал мұндай өнерлі азаматтар Жамбыл өңірінде аз емес. Әттең ондай тума талант, тұла бойына өнер тұнған, қазақ өнерін насихаттаушыларды тойда қызмет көрсетуге шақыра бермейді. Олар екі-үш ән орындап, жүздеген мың теңгеден алып кететін сырттан келетін «жұлдыздардан» он есе артық.
Тағы бір мәселе – халал той. Дастарханға арақ-шарап қойылмағанымен «ақаңды» «Сарыағаштың» баклашкасына, коньякты шәйнекке құйып береді. Ондайды баяғыда, кеңес заманында Алматыда студент кезімізде Горбачев билікке келген тұста арақ-шарапқа қарсы күрес ашқанда көріп едік. Ішкілікті жасырын жолмен беріп, «халал» деп, той иесі елді де, өзін де алдамағаны дұрыс.
Меркі ауданының тұрғындары аудан аумағында той-томалақты кешкі сағат 7-ден кешіктірмей бастап, түн жарымы ауғанға дейін, яғни сағат 12-ге дейін аяқтау туралы бастама көтерді. Оны іргелес жатқан Т.Рысқұлов ауданының жұрты бірден іліп алып кетіпті. Дұрыс-ақ. Бұрын «Тойға барсаң, тойып бар» деген сөз болушы еді ел ішінде. Қазір «Тойға барсаң Меркіге бар» дейтін болды. Кейінгі бір айдың көлемінде Тараз қаласында 5-6 тойда болдық. Бұрынғыдай кешкі сағат 9-10-да емес, 8-де, 8.30-да басталып, сағат 12 болмай тарады бәрі. Енді осыны облыстың барлық аудандарында қолға алса дейміз.
«Ел болам десең – бесігіңді түзе» демеп пе еді Мұхаң, Мұхтар Әуезов. Ұлы жазушы қазақтың бүгінгі тойын көрсе, «Ел болам десең – тойыңды түзе» дер ме еді…

Амангелді ӘБІЛ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support