- Advertisement -

Жерлесіміз Мейіржан Әшіров чемпион атанды

83

- Advertisement -

«Тараз-Арена» спорт кешенінде аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған ересектер арасындағы еркін күрестен халықаралық турнир басталғанын газетіміздің өткен санында хабарлағанбыз. Осымен 12 рет жалауын көтерген жарыстың бас демеушісі – «Альтаис групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков сөз сөйлеп, алыс-жақын шет мемлекеттерден және өзге облыстардан келген қонақтарға алғысын білдірді.
Мұнан соң Д.Қонаевтың қасында жүрген інісі, генерал Амангелді Шабдарбаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Шәріпбек Жамалбекұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев сөз сөйлеп, еркін күрес шеберлеріне сәттілік тіледі. Сондай-ақ Д.Қонаевтың ұзақ жылдар бойы жеке дәрігері болған Ахат Мүліковтің, белгілі кәсіпкер Сайлау Нұрпейісовтің Алматыдан арнайы келгенін айта кеткен жөн.
Турнирдің жеңімпазына 4 мың АҚШ доллары (жеңімпаздың жеке бапкеріне 500 АҚШ доллары), күміс жүлдегерге 2 мың АҚШ доллары, екі қола жүлделерге 500 АҚШ долларынан ақшалай марапат тағайындалды. Жалпы турнирдің жүлде қоры 40 миллион теңге көлемінде болды.
Сонымен, 57 килограмм салмақ дәрежесінде моңғолиялық Тумэнбилег Тувшинтулга алтыннан алқа тағынса, отандасымыз Адлан Асқаров күміс медальді қанағат тұтты. Бұл салмақта еліміздің намысын қорғаған Еламан Қадырсейіт қола жүлдеге қол жеткізсе, тағы бір қола ресейлік Петр Константиновке бұйырды. 61 килограмм салмақта ресейлік Александр Богомоев чемпион атанса, оның отандасы Айтал Захаров күмістен алқа тағынды. Отандасымыз Расул Қалиев қола жүлдеден көрінсе, тағы бір қоланы ресейлік Динислам Тахтаров иеленді.
65 килограмм салмақ дәрежесінде жерлесіміз Мейіржан Әшіров чемпион атанды. Ол финалда еліміздің тағы бір белгілі балуаны Дәулет Ниязбековтен басым түсті. 70 килограмм салмақта ресейлік Азнаур Таваевқа қарсылас шақ келмеді. Ол алтын жүлдеге талас жолында өз отандасы Револий Самсоновты қапы қалдырды. Бұл салмақта қос қола қырғыз балуаны Исламбек Оразбеков пен ресейлік Евгений Жербаевқа бұйырды.
74 килограмда да ресейліктер дес бермеді. Руслан Богатырев алтын, Дарсам Джапаров күміс медальді иеленді. Қос қола отандастарымыз Дархан Есенғали мен Рамазан Жүнтаевтың еншісінде. 79 килограмда отандасымыз Ғалымжан Өсербаев чемпион атанды. Ресейлік Тажидин Акаев күміс жүлдені қанағат тұтса, оның жерлестері Магомед Рамазанов пен Хабиб Могомедов қола жүлдемен қайтты. 86 килограмда да ресейлік Даурен Куруглиевтің бағы жанса, күміс жүлде отандасымыз Азамат Дәулетбековке бұйырды. Қола жүлдеге ресейлік Ада Богамедов пен отандасымыз Нұрдәулет Көктеубаев қол жеткізді. 92 килограмм салмақ дәрежесінде болгариялық Ахмед Магамаев алтыннан алқа тағынса, күміс ресейлік Тажудин Мұхтаровтың еншісіне жазылды. Қос қола жерлестеріміз Әділет Дауланбаев пен Эльхан Асадовқа бұйырды. 97 килограмда Беларусь елінің балуаны Александр Гуш жеңімпаз атанса, дағыстандық Могамедхан Могамедов күміс жүлдеге қол жеткізді. Отандасымыз Мамед Ибрагимовке қола жүлде бұйырды. Қазақстан намысын қорғаған Думан Бөлтіріков 125 килограмм салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Күміс жүлде тағы бір отандасымыз Олег Болтиннің еншісінде. Ел намысын қорғаған Юсип Батырқұлов пен Нұрсұлтан Азов қола жүлдені иеленді. Сонымен, бес салмақта алтын иеленген ресейліктер жалпыкомандалық есепте топ бастаса, үш алтынға қол жеткізген отандастарымыз екінші орыннан көрінді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support