- Advertisement -

Елдік мәселелерді ерінбей көтердік

68

- Advertisement -

Бақытжан СОВЕТҰЛЫ,
журналист.

Облыстық телеарнаның іргетасы қаланып, ақпарат айдынына өз қазығын байлағанына да 30 жыл толып отыр. Ал менің осы телеарнада тапжылмай жұмыс істегеніме ширек ғасыр болыпты. Зымырап өтіп бара жатқан уақыт-ай десеңші…
Біздің жоғары оқу орнын бітірген кезіміз тәуелсіздігімізді енді ғана алған, өтпелі кезеңнің қиыншылығымен тұспа-тұс келді. Студент бола жүріп газет-журналдарға тілшілік қызметке тұрғанның өзінде, тағдыр тауқыметін көп тарттық. Ол кезде дүкендерде тауар жоқ. Тағамға дейін шектеулі. Бәрі талонмен үлестіріледі. Жарайды оны да қойшы, бізді қинағаны жатын орын болды. Оқуды бітірген соң жатақханадан шығарып тастады. Жаңадан үйленген мен бейбақ екі жыл бойы әйелімнің жатақханасын паналадым. Ал ол оқуды бітіргенде тіпті далада қалдық. «Жығылғанға жұдырық» демекші, «Санат» баспасынан жылы орнымнан жылжып келген басылымым «Ара-Шмель»» журналы нарық талабына төтеп бере алмай, жабылып тынды. Жарым екеуміз қос дипломды қолға алып, «Тараз, қайдасың?» деп тайып тұрғаннан басқа амал жоқ. Ата-анамның үйінде, Асада шөп басын сындырмастан аунап-қунап 3 ай жаттым. Жаз да өтіп, қоңыр салқын күз келгенде «қой, енді масыл болып жатқаным жараспас» деген оймен жұмыс қараудың қамына кірістім.
Барлық жерде жаппай қысқарту жүріп жатыр. Осы кезге дейін маған таңсық болып келген телеарнаға да бас сұқтым. Абырой болғанда телеарна директоры Елен Әлімжан Әлімқұловтың баласы екенімді білген соң «қалай болса да қызметке алам» деп уәде берді. Ол айтқан сөзінде тұрды. Мен жұмысқа орналастым. Алғашында оңай болмағанымен уақыт өте келе төселіп кеттім. Әйтсе де сол кезде жаппай жүріп жатқан қысқартудың салқынын біз де қатты сезіндік. Жас кадр деп маған тиісе қойған жоқ. Қайта қолдан келген көмекті көрсетіп бақты. Ол кезде кадр тапшы. Айналдырған 5-6 журналист жаңалыққа да үлгеріп, хабарды да әзірлейтінбіз. Эфирге де шығып, камера ұстауды да үйрендік. Тек мен емес, жастары егде тартып қалған Есенгелді Төреқұлов, марқұм Еділ Әлиев, Телғара Үсенбаев орыс редакциясының редакторы Владимир Копылов зілдей камераны көтеріп түсірілімге өздері кете беретін.
Мен алғаш келгенде мәдени хабарларға жегіліп, күнделікті облыс жаңалықтарын қамтитын ақпаратқа атсалысып жүрдім. Кейін ауылға да шығатын болдым. Әрине, елді мекенге барған соң тек бір ғана материалмен емес, жаңалыққа арқау болатын бірнеше түсірілімді қамтып қайту тележурналистер үшін жазылмаған заң еді. Мұнда өзімнің тікелей бастығым болған Еділ Әлиевтің көмегі көп тиді. Бір жерден бірнеше материал жинау қажеттігін айтып, үйреткен де сол. Кейін әбден машықтанып алған соң мені сол кездегі телеарна басшылары «Ауыл» хабарына «жекті». Осылайша 17 жылға жалғасқан «ауыл жыры» басталды. Өтпелі кезеңнің қиыншылығында ауылда проблемалар шаш-етектен еді. Газ құбыры тартылмаған. Таза су жоқ. Көбісі ауызсуды көше шетінде орналасқан құдықтан таситын. Жарықтың жанғанынан сөнгені көп. Жалақы мен зейнетақыға жете алмай жүрген жандардың ақшамен жылап көрісетін кезі. Міне, осының барлығын шынайы көрсетіп, көпшіліктің мұң-мұқтажын көтеруге бір-кісідей-ақ атсалыстық.
Ол кезде халық жергілікті әкімдерден әжептәуір қаймығатын. Тіпті кейбір ауылға барып, қирап жатқан жерлерін көрсең де елдің аузымен айтқызудың өзі мұң болатын. Бәрі «ертең басымызға бәле болады» деп, сұхбат беруден қашатын. Ал жақсы жағын айт десең әкімнің алдында көрініп қалғысы келгендер алдарына жан салмайды. Ал бізге жалған мақтау емес, шынайы шындық, көрсетілім керек. Ақыры оның да жолын таптым. Ауылдың жетістіктері туралы айт деймін де, түсірілімді тоқтатпастан проблеманы сұрай бастаймын. Қызды-қыздымен олар кемшілікті тізіп шығады. Маған да керегі сол. Ертеңгі күні монтаждалған дүнием эфирде жарқ ете қалады. Артынан хабарласып: «Ау, Бәке, бәрін бүлдіріпсіз ғой. Ана мақтаған жерін емес, қайдағы бір кемшілікті айтқан жерін алғаныңыз не?» – деп, өкпелегендер де болды. Әйтсе де кейін олар түсіністікпен қарады. Әсіресе мәселенің басым бөлігі ауыл шаруашылығына қатысты еді. Мәселен, Жуалы ауданында «Зылиха» шаруа қожалығы картоп егумен айналысатын. Техникалық дақыл жапырақтары жайқалып, енді гүл жара бастағанда «колорадо» қоңызы жапырағын гүлімен қоса түк қоймай жеп қоятын. Оның үстіне минералды-тыңайтқыш пайдаланылмаған жерге егін шыққанымен өнім алу көңіл көншіте бермейтін. Осы мәселелерді айт десем шаруашылық жетекшісі Керімқұл Бегалиев күмілжіп: «Әй, Бақытжан, оныңды қоя қойшы, одан да жақсы жағын сөз етейік», – дейтін. Мен де үндемеймін. Айтқанын тыңдап таспаға түсіргендей болып тұра берем. Сөз арасында «колорадо» қоңызы, минералды тыңайтқыш мәселесіне көшемін. Көсіліп сөйлеп келе жатқан Керағаң да тайсалмайды. Дәрі-дәрмек пен қажетті тыңайтқыштың қолбайлау болуы техникалық дақылдың өнім беруіне көп кері әсерін тигізіп жатқанын жайып салады. Маған да керегі осы! Ал ол ертеңіне хабарласып, әкімнен сөз естігенін айтып мұңын шағады. Артынан: «Болар іс болды. Шынында да біз айтпағанда кім айтады?» – деп өз-өзін жұбатып қояды. Шынын айту керек, егістік алқаптары жайында проблемалық материалдар дайындағанымда осы Кер-ағаң мен Жамбыл ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы болған (қазір зейнеткер) Аман Құрбанәлиевтің көп көмегі тиді.
Жоғарыда айтқандай күмілжіп бастайтын олар қызды-қыздымен барлық ащы шындықты жайып салатын. Оған өздері де үйреніп алды. Кейін: «Бәрібір сен мақтаған жерімізді кесіп тастайсың, бүгінгі күннің өзекті мәселелері мынандай-мынандай» – деп, өздері-ақ жетеріне жеткізе айтып-айтып беретін. Ол әрине, билік басындағылардың құлағына жетпеді емес, жетіп жатты. Көктем шыға дабыл қағатын мәселелеріміз енді біртіндеп өз шешімін таба бастады. Сыннан қорытынды шықты деген осы емес пе? Бүгінде өсімдік зиянкестері үшін де, минералдық тыңайтқышқа да Үкімет тарапынан қомақты қаражат бөлінеді. Өнімдер субсидияланады. Осы азаматтар әлі күнге дейін мені көрсе: «Осындай дәрежеге жеткеніміз Бақытжанның арқасы», – деп қояды. Бұл әсірелеп айтқандық болар. Әйтсе де егістік тақырыбын тынбай көтеріп, көмескі тұстарын эфир арқылы көрсете білген мен сияқты тілшілердің қосқан үлесі бар екендігіне күмәнім жоқ. Ауылдар бойынша қаншама проблемалар көрсетілді, сарапталды, шешілді. Мұның барлығы Үкімет пен халықтың алтын көпіріне айналып, тіршілік тынысын дөп басып тынбай жариялап жүрген тілшілердің еңбегі деп білемін. Мен ұзақ жылдар бойы алып жүрген «Ауыл», «Тіршілік», «Алтын бесік» хабары бүгінде жастардың тың тақырып, жаңа идеясымен жалғасын тауып жатса, қазіргі «Кәсіп» хабарым арқылы өңірдің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып отырған жандардың өрелі тірліктерін қамтып жатқан жайым бар.
30 жылдық тарихы бар «Jambyl» телеарнасы бүгінде «Отау TV» арқылы тек Әулиеата өңіріне ғана емес, еліміздің барлық облыстарына тарауда. Бұл әрине, үлкен жетістік. Әйтсе де телеарнаның алар биігі әлі де алда деп білемін. Мерейтой құтты болсын!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support