- Advertisement -

«Өркен» – өркендеу жолында

76

- Advertisement -

Нәсібін кәсіптен тауып отырған «Өркен» шаруа қожалығы өркендеу жолында. Оны 20 жылдан бері Қыдырбек Әбдіханов табысты басқарып келеді. Қожалық алғаш құрылған жылда оның үлесіне тигені 4 гектар егістік жер болатын. Ол кезді Қыдырбек Әшімханұлы былай деп еске алады.

– Басқа шаруа қожалықтар сияқты біз де қиын кезеңді бастан өткердік. 1997 жылы ағайындар құрған ұжымшардан бөлініп шыққан соң үлесіме тиген аз ғана егістік жерді тиімді игеруге кірістім. Бастапқыда өзіміздің техника болмады. Өңіріміздегі көп шаруа қожалықтары сияқты техникасы барларға жалынып, жұмыс істеуге тура келді. Бұл қиындықты да еңсеріп, аз жылда шаруамызды түзеп алдық, – деді ол.

Бүгінде қожалықтың егістік көлемі – 1000, жайылымы 300 гектарға жетіп отыр. Жұмысын жолға қойған тұста, егістік жерден түскен өнімге екі дана «Т-150» тракторын, бір «Нива» комбайнын сатып алыпты. Бұл техниканы қожалық жаңа күйінде Қырғызстан Республикасынан әкелген еді. Солар әлі күнге шаруаға жарап тұр.  Бұдан бөлек, шаруашылықта «Газ-53» пен «Газ-52» автокөліктері және ауыл шаруашылығы тіркемелері бар.

Қыдырбек еңбекке ерте жастан араласқан. Мектептің 5-сыныбында оқып жүргенде-ақ ат тырма айдап, қырманға шығыпты. Мектеп бітірген соң колхозда жұмыс істеп, іле әскерге азаматтық борышын өтеуге аттанады. Келген соң Қырғызстандағы Скрябин атындағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, оны 1985 жылы «инженер гидротехник» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Алғашқы еңбек жолын Талас облысының Қарабура ауданындағы жылжымалы механикалық колонна зертханасында инженер болып бастайды. Кейіннен сол мекеменің басшысы болады. Ал тоқсаныншы жылдары Талас облыстық су шаруашылығы мекемесі басшысының орынбасары болып қызмет атқарады. 1997 жылы туған жерге оралып, «Ақсай су» шаруашылығында қызмет істейді.

Қайда жүрсе де Қыдырбек Әшімханұлы іскерлігімен көзге түсіпті. Оның бұл іскерлігін байқаған көрші мемлекеттің Талас облысы басшылығы сатылап көтерген. Елге кету туралы ойын білгенде басшылық қызмет те ұсыныпты. Бірақ «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген ұстанымды берік ұстанған ол елге еш ойланбастан тартып отырған. Келе сала қызметке араласқан ол көп ұзамай өз шаруа қожалығын ашып, қарапайым тұрмысты жөн көреді.

Ол 2009 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің шаруа қожалықтар арасында ұйымдастырған конкурсына қатысып, май өңдеу цехының қайтарымсыз грантын ұтып алады. Оны Нұрлыкент ауылына құрып, былтырға дейін пісте майын өндіріп келіпті. «Цехтың тәуліктік қуаттылығы 500 литр. Онда пісте мен мақсары майы өндірілді. Алғашқы кезде күніне 150-200 литрге дейін май өндірсек, кейін өнім көлемін екі есеге арттырдық. Дегенмен, шикізаттан тапшылық болды. Ал дайын өнімді өткеруде мәселе туындаған емес. Тараздан алушылар табылып, өздері цехтан келіп, литрлеп әкетіп отырды. Цехтың жұмысын жүргізу үшін 120 гектарға мақсары, 50 гектарға күнбағыс өсірдік. Басқа шаруа қожалықтарының да өнімін қал-қарекетімізше сатып алып өңдедік. Былтыр цехтың жұмысын уақытша тоқтатқан едік. Енді оны Талапты ауылына көшіріп жатырмыз. Таяуда цехты қайта іске қоспақпыз», – деді ол.

Араға он жыл салып, биыл қожалық Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан ұйымдастырылып отырған конкурсқа тағы да ұсыныс беріп қойыпты. Бұл жолы тәулігіне 5 тонна жем өңдейтін цех ашуды ниет еткен.

Биыл қожалық арпаны – 220, бидайды – 50, мақсарыны 120 гектар алқапқа еккен. Дәнді дақылдардың әр гектарынан орта есеппен 23,3 центнерден өнім жинаған. Бұдан бөлек, картопты – 5, күнбағысты 50 гектар алқапқа өсірген. Дәнді және майлы дақылдарды тазалау үшін дәнтазалағышты он жыл бұрын Ресейдің Владимир қаласынан әкеліп орнатқан. Ол да  шаруашылықтың дән тазалау жұмыстарына жарап тұр. Сонымен бірге шаруашылықтың жемшөп қоры да шешілген. Қолда бар азын-аулақ малға 8 гектар жоңышқа мен сай саладағы шабындығы есебінен жемшөп дайындауда. Оның жартысын сатып, қожалық шығынын жауып, жұмысшыларының жалақысын беріп отыр.

Бүгінгі таңда шаруашылық 100 гектар алқапқа  күздік себуде. Дән себу жұмыстарын бір аптаның көлемінде аяқтамақ. Бұл жұмыстарды інісі Қасымбек, ұлдары Дархан, Қуаныш,  Есжан мен Данияр атқаруда. Өздерінде бар техниканы тізгіндеген олар ортақ іске жұмыла кіріскен. Алқап басындағы бір отбасының дамылсыз жұмысын көрдік. Трактор тізгіндеген Дарханды тоқтатып, сөзге тарттық.

– Әкем бізді жастайымыздан еңбекке баулыды. Біз де өзіміздің соңымыздан ілескен балаларымызға еңбекпен тапқан нанның тәтті болатындығын айтып, науқан кезінде қасымызға ертіп жүрміз. Ондағы мақсатымыз – біздің не істеп, қалай табыс тауып жүргенімізді көрсін деген ниет. Ал осы кәсіптің арқасында жаман болып отырғанымыз жоқ. Табысымыз жақсы, – деді ол.

Бүгінде Қыдырбектің төрт ұлы да азамат.Үлкені Дархан шаруашылықтағы оң қолы. Ортаншы ұлдары Қуаныш Алматы қаласында тұрады. Сондағы бір фирмада жұмыс істейді. Есжаны ауылда мал дәрігері. Кенжесі Данияр аудандағы спорт мектебінде жаттықтырушы. Ал інісі Қасымбек шаруашылықтың бас есепшісі. Барлығын бақылап, қадағалап, сауда-саттығын ұйымдастырып отыр.

Қожалық төрағасы алға қойған мақсатымен де бөлісті. Оның айтуынша, алдағы жылдары мал бордақылау алаңын, сүт фермасын салмақ. Сонымен бірге диірмен салып, наубайхана ашпақ. Жуырда май және жем өңдеу цехтары іске қосылса, ауылдың 20-дан астам тұрғынын жұмыспен қамтығалы отыр.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support