- Advertisement -

«Халық алдында арымыз таза»

85

- Advertisement -

Бүкпесіз әңгіменің бүгінгі қонағы тіл жанашыры, ҚР Мәдениет қайраткері, Түркістан облысының Сарыағаш, Бәйдібек және Жамбыл облысындағы Шу ауданының Құрмет ті азаматы – Оразкүл Асанғазы

«Әкем ел басқаратын қызым келе жатыр» дейтін»

– Оразкүл Асанғазықызы, Сізді ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты болған кезіңізден тіл жанашыры, еліміздің патриоты ретінде жақсы білеміз. Жерлесіміз деп мақтанамыз. Әңгімені туған жеріңіз бен балалық шағыңыздан бастасақ. Балдәурен күндеріңіз қандай әсерлермен есте қалды?
– Қазақ адам бойындағы жақсы қасиеттің бәрін тегінен дейді. «Шыққан тегі жақсы адамдар еді» деп жатады. Менің бабам Ошан деген кісі бақуатты болған. Ол кеңестік қызыл империяның қазаққа жасаған қиянатының құрбаны болды. Қуғын-сүргін жылдарында ел кезіп, жер аударылып кеткен. Ауғанстан, Түркіменстан жерлерін паналаған. Мойынқұм ауданындағы бұрынғы Жамбыл кеңшарының аумағында бабамыздың атымен аталып кеткен Ошантөбе деген төбе бар. Ошанның жеті баласы болған. Сол кезде байларға жасалған қысымды көріп, ноқтаға басы сыймай, бөтен елге бет түзеген аталарымыздың бірі олар. Ошанның төртінші баласы Омардың немересімін. Бала күнімде Омар атамның кемпірі Рысбала әжемнің бауырында өстім. Рысбала байдың қызы болса да, он саусағынан өнері тамған ісмер еді. Рысбике, Сәтбике деген ағайын әпкелері осы Рысбала әжемді молда жалдап оқытып, өнерлі болуына ықпал еткен. Әжем алаша, текемет, кілемдерді керемет тоқитын. Түрлі киімдерді тіккенде әсемдігі көздің жауын алатын.
Әжем сауатсыз болмаған. Ол кездің жазуы басқа. Тұрмысқа шыққанда артынан жасауымен бірге екі сандық кітап келген екен. Сол кітаптар біздің уақытымызға дейін сақталды. Рысбала әжем өзі іс тігіп отырып, «Ләйлі – Мәжнүн», «Қалқаман – Мамыр» дастандарын, батырлар жырын жатқа айтушы еді.
Шу ауданының Ақтөбе деген ұжымшарындағы мектепке бірінші сыныпқа бардым. Кейіннен Мойынқұм ауданының сол кездегі «Дружба» кеңшарына ауыстық. Біздің көшенің бойында екі қабатты зәулім орыс орта мектебі болды. Әжем бізді ол мектепке емес, 4 шақырым қашықтықтағы Қорағаты бөлімшесіндегі қазақ мектебіне берді. Орысша оқыса тілі, ділі, мінезі өзгеріп, қазаққа жат болып өседі деп ойлады. Біздер осылайша төрт шақырымды қысы-жазы жаяу жүріп, қиындыққа төзіп оқыдық. Қазақ мектебіне бергені үшін Рысбала әжеме шексіз алғысымды айтып отырамын. Біздің сауатымыз ашылғанда әжем Шархан ағам екеумізге Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын», Сәбит Мұқановтың «Ботагөзін», Саттар Ерубаевтың кітаптарын дауыстатып оқытып қоятын. Үлкен романды тоқтамай оқи беру оңай емес. Ерніміз кезеріп кетеді. Әжем бізге сүт ішкізіп, май ұрттатып қайтадан оқытады. Өйткені ол кісі кириллица жазуын танымайтын. Бір жағы қазақы құндылық, тілдің құнары немерелерімнің бойына сіңе берсін дейтін шығар.
Сол Рысбала әжем: «Адамның алғаны ештеңе емес, Алланың берері таусылмасын» дейтін. Әжемнің ісмерлігін айттым. Түркіменстанның байлары әжеме 10 көйлектік қыжым мата әкеліп, көйлек тіккізіп, 3 көйлектік матаны тіккен еңбегіне қалдырады екен. Сол маталарды сатып, тұрмысты түзейді. Бірнеше жыл өткенде елге ақ түйелі күймемен мал айдап, байып, сән-салтанатымен қайта көшіп барады. Жаңа үкімет мал таратып берген кедейлер әлі сол жарымаған күйде отыр екен. Адам «тегіне тартады» деген осы да.
– Әкеден ерте қалыпсыз, ол кісі Сіздің есіңізде ме?
– Әкем Асанғазы Ұлы Отан соғысына толық қатысқан кісі. 1939 жылы анаммен танысып, шаңырақ көтереді. Артынша әскерге алынып, одан Ұлы Отан соғысы басталып кетеді. Ол кісі майданда жүріп, Отан қорғап, елге Ұлы Жеңістен кейін оралады. Әкемізден қалған бес бауыр сол соғыстан кейінгі жылдары өмірге келгенбіз. Әкемді бар болғаны төрт жыл ғана көрдім. Ол кісі малшы болған. Күн сайын түсте малдан келгенде мен алдынан жүгіріп шығады екенмін. Сонда атынан түспей, шеру жасап, айналып жүріп: «Менің ел басқаратын қызым келе жатыр» деп қуанады екен. Әкемнің осы бейнесі, сенімі көз алдымнан кетпейді. Мен төрт жастан асқан кезімде ол кісі өмірден озып кетті. Майдан даласынан алған жарақаты жазыла қоймады.
Бес баланы анам Кәден қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Біз осы ретте Рысбала әжемізге де қарыздармыз. Ол «Сен жақсы оқып, жақсы ана, үздік адам болуың керек» деп әкемнің аманатын есіме жиі салып отыратын.

«Қыздар институты жолымды ашты»

– Қарапайым ауылда өстіңіз. Аудан әкімі болдыңыз, басқарманы басқардыңыз. Мәжілісте халық қалаулысы болып отырдыңыз. Мұндай лауазымдарға қалай жеттіңіз? Сәттілік пе, әлде жақсы адамдардың шапағаты тиді ме?
– Құсты көкте қалықтататын қос қанаты. Сол секілді адамның қос қанаты – арманы, мақсаты. Әкем Асанғазының кішкентай кезімде маған айтқан сөзі, сенімі көңіл түкпірімде тұрды да қойды. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, өмірде жақсы адамдарды көп кездестірдім. Солардың араласуымен қадамым оңға басты. Мәселен, мектепте үздік оқыдым. Бірақ анам: «Қызым сен биылша үлкен оқуды қоя тұр. Анау Шархан ағаң студент. Екеуіңді бірдей оқытуға шамам жоқ» деді. «Жарайды, Шархан ағам бітірген соң оқимын» деп келістім. Оның институт бітіруіне әлі екі жыл бар болатын. Шудағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің түлегімін ғой. Ол кезде мектеп түлектерімен сұхбат жүргізетін дәстүр бар. «Мен болашақта ұстаз болғым келеді. Бірақ биыл оқуға түсе алмаймын» деп әлгі сұхбатта ашық айттым. Осы пікірім суретіммен қоса аудандық «Шу өңірі» газетіне басылған. Архивтен тауып алуға болады. Содан бұл сөзімді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Күлзағира Аманбаева деген кісі естиді. «Сен неге оқуға бармайсың?» деді. «Ағам оқып жатыр, анам – ауру. Екі балаға шамасы келмейді» дедім. «Анаңа сәлем айт. Алматыда Қыздар педагогикалық институты ашылды. Жатақханасы, 3 мезгіл тамағы тегін. Оған емтихан тапсырсаң, осы біліміңмен түсіп кетесің» деді. Анама Күлзағира апайдың сәлемін айтып едім. «Ойбай-ау, тегін оқитын болсаң бара бер. Мен сені ұстап тұрам ба?» деді. Бір қойды сатып, ақшасын қалтама салып берді. Әлгі апай өзінің інісі Жақыпты да Алматыға оқуға апара жатыр екен. Бірге бардық. Бір ұйғыр шалдың үйін жалдап жаттық. Қазақ тілі мен әдебиетіне тапсырғым келген. Бәсеке мықты. Бір орынға – 11 адам. Физика-математикада бір орынға – 3 адам екен. Жолым болып физика-математика мамандығына оқуға түсіп кеттім. Кейіннен Күлзағира Аманбаева апайды «Дара жолға» шақырып, құрмет көрсеттім.
Үздік шәкіртақымен оқыдым. Үшінші курс оқып жүргенімде анам жаман аурумен ауырып, онкологиялық ауруханаға түсіп қалды. Біздің курс екі айлық тәжірибеден Алматыда, Талғарда өтуі тиіс еді. Мен сол тәжірибелік уақытты өзімнің мектебімнен өтуге және анамның қасында болуға деканнан рұқсат сұрадым. Деканымыз Әдеби Жананина дейтін кісі еді. Жағдайды түсініп, бірден рұқсат етті. Қыс мезгілі. Содан Жамбылды бетке алдық. Қасымда жігітім, бүгінде жұбайым Жора Алмантай жүрді. «Алматы-Мәскеу» пойызы Жамбылға таңғы сағат 6-да тоқтайды екен. Қыста ол уақыт тас қараңғы ғой. Сол себепті ілесіп келді. Анамды көрді. Мен содан Шуда мектепте тәжірибеден өтіп, екі ай анамның қасында болдым. Сол уақытта анам нашарлап, өмірден озды.
Анамызды арулап жер қойнына тапсырып, Алматыға қайта оралдым. Әдеби Жананина апай анамдай еді. Көрісіп, көңіл айтып, жұбатты. «Оразкүл, мен бірдеңе білсем, сен мұғалімдікпен шектелетін маман емессің. Болашағың зор. Партия қатарына өтіп ал. Ол саған көп көмегін тигізеді. Бізге екі орын келді. Бірі – профессорларға, бірі – студентке. Сен өтіп ал, мен көмектесейін» деді. Сөйтіп, коммунистік партия қатарына өтіп алдым.
Институт бітірген соң, қазіргі Түркістан облысы, Сарыағаш ауданына келін болып түстім. Мынаны қараңыз. Аудан бойынша 2 мың мұғалімнің ішінде ең жас партия мүшесі мен ғана екенмін. Пленум мүшесі болдым. Пленум мүшесі аудандық пленумдарда сөйлейді. Маған дейін физика деген ең қызықсыз сабақ екен. Мен барған соң ең қызықты пәнге айналды. Балаларды қызықтырып, түрлі ойындар өткізіп, сабақ жүргізудің жаңа форматын таптым. Балақайлардың бәрі менің жанымнан шықпайды. Осылай көзге түстім. Аудандағылардан «кеңшарға партия хатшысы бол, ауылдық кеңеске төраға бол» деген ұсыныстар түсті. Екі енем болды. Екі енем: «Келінжан, бізге немере керек» деді. Сонымен, енелерімді тыңдап, мұғалім болып жүріп, бес ұл-қызды өмірге әкелдім. Күйеуім үш қыздан кейін өмірге келген екен. Енелерім немерені ұзақ жыл тосты. Бес перзентті өмірге әкелген соң, енелерімнің алғысын алып, қызметке кеттім. Сарыағаш ауданында К.Марс атындағы, Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептердің директоры болдым. Алты жылға жуық мектеп басқарған соң, 1985 жылы Сарыағаш аудандық партия комитетінің хатшысы болып сайландым. Екі жылдан соң, екінші хатшы болдым. 1988 жылы Алғабас аудандық кеңесі атқару комитетінің төрайымы қызметіне жіберді. Ол жерде де абыройлы еңбек еттім. Елдің көңілінен шыға білдім деп ойлаймын. 1990 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облыстық кеңесі идеология бөлімінің меңгерушісі, тіл, мәдениет және ұлтаралық қатынастар бөлімінің басшысы қызметтерін атқарып жүрдім.
Сол кезде менің бағыма тағы бір жақсы адам жолықты. Сол шақта әкімшілік жүйе енгізілген. 1992 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып Марс Үркімбаев тағайындалды. Ол кісі келе сала «Менің командамда аудан әкімінің кемінде біреуі әйел адам болуы тиіс» деді. Біраз кісінің еңбек жолын көріп, мені шақырып алды. Қай қызметте екенімді, халықпен қалай жұмыс істегенімді сұрады. Сөйтті де мені Сарыағаш ауданының әкімі қызметіне тағайындады. Сарыағашта бұрын ұзақ жыл қызмет атқарғанымды айттым ғой. Сондықтан аудан басқару маған қиынға соққан жоқ. Жақсы командамен бірге елмен етене жұмыс атқардым. Арада бір жылдан астам уақыт өткенде облыс әкімінің орынбасары қызметіне ауыстым. Одан 1994 жылы ҚР Жоғарғы кеңесіне депутат болдым. Бұл кеңестің ғұмыры ұзақ болған жоқ. 1995-1996 жылдары Шымкент қаласы, әл-Фараби ауданының әкімі болдым.
– Елордаға жолыңыз қалай түсті?
– 1998 жылы жұбайым жұмыс бабымен Астанаға ауысты. Маған да сол жақтан қызмет табылды. Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары қызметін 8 жыл атқардым. Одан кейін 6 жыл Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасының басшысы қызметінде абыройға бөлендім деп ойлаймын. Ең бастысы, қарапайым еңбек адамы, марқұм Асанғазы әкемнің аманатын орындадым. Ол кісінің аузына да Құдай салған шығар. «Ел басқаратын қызым» дегені дәл келіп, ел басқардым. Басқарма басшысынан зейнетке шығамын деп жүргенімде Астана қаласының әкімі болып Иманғали Тасмағанбетов тағайындалды. «Еліміздің Парламентіне қазақ тілді депутаттар керек» деп сайлауға түсуіме себепкер болды. Содан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайландым. Иманғалиды да өмір жолымда кездескен жақсы адам деп есептеймін. Осындай елдің бағына туған қайраткер азаматтармен бірлесіп еңбек еттік.

«Депутат тарды бос отыр деуге болмайды»

– Халық қалаулылары кейде былайғы жұртқа ештеңе тындырмайтындай көрінеді. Бұрынғы Шерхан Мұртаза, Амангелді Айталы секілді мәселені өткір көтеретін депутаттар қазір жоқ дегенге қалай қарайсыз?
– Әр кезеңнің өзінің өзекті мәселелері болады. Шерағаның кезінде тәуелсіздіктің алғашқы қалыптасу мәселелері, іштегі тұрақтылық пен сыртқы байланыстың өзектілігі басым болды. Ол кісілер осы жағдайлардың бәрінде халықтың жағында болып, Мемлекет пен тұрғындар арасына алтын көпір қызметін атқара білді деп есептеймін. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Парламентте сондай ойы озық тұлғалардың отыруы – еліміздің бағы болды деп бағалаймын.
Қазіргі Сенат пен Мәжіліс депутаттарын да бос отыр деуге мүлдем келмейді. Мемлекеттің дамуына қатысты, сіз бен біздің болашағымыздың жақсы болуына ықпал ететін қаншама маңызды заңдар қабылданып жатыр. Ол, әрине, дер кезінде көзге көріне бермеуі мүмкін. Бірақ болашаққа үлкен қадамдар жасалып жатқанын бұрынғы халық қалаулысы ретінде мен толық айта аламын.
– Сіздің Парламент Мәжілісінде отырғанда жүзеге асырсам деген мақсаттарыңыз орындалды ма?
– Депутат ретінде атқарсам-ау деген істерімді істей алған секілдімін. Әрине, бізге негізгі бағаны халық береді. Қарапайым көпшіліктің бір-екі жылы сөзіне лайық болған мәжіліскердің еңбегі еш кетпегені. Мен Парламент Мәжілісінің халықаралық байланыс, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеттің мүшесі болдым. Басқа комитеттерді қайдам, біздің комитеттің отырыстары таза қазақ тілінде өтетін. Осыған қол жеткіздік. Сонда орыс тілді талай министрдің, вице-министрдің жаны алқымына тіреліп, қиналғанын көзіммен көрдім. Өзіміздің саладағы мәселелерге қатысты комитет отырысында министрлерді арнайы тыңдайтын сәтіміз болады. Орыс тілділері туралы айтайын. Олар әуелі қызметкерлері дайындап берген ұзақ-сонар баяндамасын қағазға қарап, ежіктеп оқып береді. Онда да орысша сайрайтын, тілі қазақша оралымға келмей, терлейтін. Сорақының көкесі баяндамадан кейін болады. Біз, депутаттар министрге сұрақты қазақ тілінде қоямыз. Міне, олардың қиналатын жері – осы. Жауап берейін десе қазақша білмейді. Жауап бермейін десе, оның саласына қатысты заң жобасы өтпей қалады. Министр сол кезде жерге кіріп кете жаздайтын. Ұяттан екі беті қызарып, дуылдағанын талай көрдік. Осылай талап етуіміз өз нәтижесін берді. Бір министр 20 күннің ішінде қазақ тілінде баяндаманы еркін жасайтын деңгейге жетті. Ал әлгі орыс тілді министрлер біздің алдымыздан шыға сала, «Неге мені қазақ тілінде тәрбиелемеді?» деп әке-шешелерін сыбайтын шығар деп ойлайтынбыз.
Қазіргі таңда өзге тілді артық санау бар. Дегенмен елімізде жергілікті ұлттың саны әжептәуір өсті. Бұл қазақ тілінің болашағы жарқын екенін көрсетеді. Соған менің білімі шамалы Рысбала апамның санасы жеткенде, жоғары білімі бар талай жас ата-аналардың ой-өрісі жетпей отырғаны өкінішті.
Біздің комитет төрағасы Мәулен Әшімбаев болатын. Төрағамыз бар, Қуаныш Сұлтанов, Зағипа Балиева деген қайраткерлер бар, тілдің тазалығы, сауаттылығы үшін аянбай еңбек еттік. Лингвистикалық арнайы топ құрдық. Мәселен, Қазақстанның шетелдермен жасаған келісімшарттарында қате сөздер бар екенін дәлелдедім. Өзбекстан Республикасымен жасалған келісімшарт 7 мәрте өзгеріске ұшырады. Басқа мемлекеттермен келісім құжаттарына да екі шоқып, бір қарайтын болдық. Өзге мемлекеттермен келісімшарт жасасу барысында қазақша нұсқаны енгіздік. Оның сауатты болуын үнемі қадағалап отырып, қалыптастырдық. Көп жерде елдің жағдайын, ұлттың өзекті мәселелерін көтеріп, айтып жүрдік. Біздің ұсыныстарымыздың өтпей қалған кездері де болған шығар. Бірақ халық алдында арымыз таза. Ел аманаттаған мәселелерді бүркеп, жасырып қалған кезіміз жоқ. Осыған шүкіршілік етемін. Басқа халық қалаулылары да үнсіз отырмады. Сондықтан қай кезде де депутаттарды бекерге отыр деуге болмайды.
– Қазақстанның болашағы баянды, Ұлы Даланың ұлағаты әлемге үлгі болуы үшін алдыңғы буын қандай қадамдарға баруы тиіс? Әлде, еліміздің кедергісіз дамуы орта буын мен жастардың белсенділігіне байланысты ма?
– Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың бір керемет сөзі бар. Ол кісі бір жиында: «Қазақта ақсақал, көксақал деген ұғымдар бар. Екеуін бір мысалмен сипаттасақ, көксақал немерелерімен телеарнаны қарап отыр. Экранда жалаңаш әйелдің бейнесі шықса, көксақал немерелерімен бірге әлгі көріністі көріп отыра береді. Әрі кеткенде: «Қап, мыналар жалаңаш әйелді көрсете берді-ау» деуі мүмкін. Ал ақсақал немерелерімен телеарна қарап отырғанда, әлгіндей жағдай болса ше? Ақсақал телеарнаны бірден өшіртіп, немерелеріне ертегі оқытып қояды. Міне, ақсақал мен көксақалдың айырмашылығы» деп еді. Бұл жерде еліміздің дамуындағы алдыңғы толқынның әсерін толық жеткізе алдым деп ойлаймын. Орта буын мен жас буынның да бойында ұлтқа деген жанашырлығы, елге деген қамқорлығы, сабырлы, ізгі қасиеттері көп болса, еліміздің даму жағдайы жеделдейтіні анық. Егер әрбіріміз өз еліміздің патриоты болып, туған тілімізді, дәстүрімізді қолдасақ, біз бүкіл әлем мойындайтын ғажайып елге айналамыз. Бұл менің бірнеше жерде айтып жүрген, елдің көңілінде жаттала берсе екен деп қайталай беретін нақты тұжырымым.
– Көп балалы ана ретінде қазіргі жас келіндерге қандай кеңес айтасыз?
– Сұрақ қойылып отырған соң, көңілімдегіні толық айтайын. Әңгіме барысында елімізде жергілікті ұлттың саны едәуір өскенін айттым. Бұл – қуанышты жағдай. Оған көп балалы аналар, келіндеріміз көп ықпал етіп жатыр. Дегенмен бала туу деген – жауапкершіліктен қашу емес. Қазақта «Бір қозы артық туса, бір түп жусан артық шығады» деген сөз бар. Әр баланың нәсібі бар дегенді айтып тұр емес пе? Сол секілді өмірге бала әкелу мәселесін жағдайға тіреп, кері кетуге болмайды. Қазір Үкімет көп балалы отбасына әлеуметтік көмек бере бастады. Осы қаржыны алу үшін талай айла-тәсілге барып жатқандарды естіп қаламыз. Отбасылардың уақытша ажырасуы деген пайда болыпты. Мұның барлығы өзіңді алдау, ұят нәрсе дер едім. Періштедей таза балалар тәрбиелеп отырған соң, Жаратушының алдында да, Отаныңның алдында да адал болғанға не жетсін!

«Тараздың тотыдай түрленгенін байқадым»

– Өңірге жиі келіп жүрсіз. Нені көрдіңіз? Облыста атқарылған шаруаларға көңіліңіз тола ма?
– Біз біраз бұрын республикалық арнайы насихаттық топтың құрамында келгенбіз. Топ құрамында Бексұлтан Нұржекеұлы, Әлібек Асқаров секілді белгілі жазушылар, Ербол Тілешов секілді танымал ғалымдар бар. Қазақ тілі қарпінің латын графикасына көшірілуін насихаттау – мақсатымыз. Ол жағынан облыс өзге өңірлердің алдында тұр. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының жүйелі жұмысын көрдік. Тараз қаласының бірнеше оқу орнында, бірқатар аудандарда болдық. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттерді орындауда, қазақ тілі қарпінің латын графикасына көшірілуінде де жүйелі жұмыс бар.
Тағы бір ерекше айтатыным, мен осы өңірдің қызы болғандықтан тілеулеспін. Жаңарған Таразды көріп, ерекше қуандым. «Жеңіс» саябағы, Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақ керемет кейіпке еніпті. Көрікті демалыс орнына айналыпты. Төркініме келгенде мен осындай жақсылықтарды көріп, жанымдағы әріптестерімнің алдында мерейім өсті. Жамбыл жерінің жайнап келе жатқанына шын сүйсіндім. Бұл облыстың қазақы мінезді жаңа әкімі Асқар Мырзахметовтің қолтаңбасы, жемісті еңбегі екені анық. Тараздың тотыдай түрленгенін байқадым. Сол үшін де Асқар Исабекұлына алғысымды білдіргім келеді. Мұны осы өңірдің сыртта жүрген отаншыл бір қызының ризашылығы деп қабылдаса жеткілікті.
– Марапат, атақ дегендер Сіз үшін маңызды ма?
– Негізі онша маңызды емес. Бірақ еңбегіңе қарай бағаланып жатқанның артығы жоқ. Қазақстанның Білім беру ісінің үздігі, ҚР Мәдениет қайраткерімін. Сарыағаш, Бәйдібек және Шу аудандарының Құрметті азаматы атандым. «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің және бірнеше марапаттардың иесімін. Оның бәрін сұрап алған жоқпын. Еңбегіме қарай бағалап беріп жатты. Еңбектің еленгені де бір бақыт емес пе?
– Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз…
– Өмірлік серігімнің аты-жөні – Жора Алматай. Ол кісі биыл 70 жасқа толып отыр. Әлі де халқына қызмет етуден жалыққан жоқ. «Асыл-түлік» акционерлік қоғамының вице-президенті қызметінде. Жанар, Гүлнәр, Тоғжан, Жібек қыздарымызды, ұлымыз Нұржанды қазақы болмыспен, отаншылдық рухпен тәрбиелей алдық деп ойлаймын. Олардың бәрі жоғары білімді, өз ісінің мамандары деп толық айта аламын.
– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support