- Advertisement -

«Қазпошта» қызметіне ауыл тұрғындары неге наразы?

61

- Advertisement -

«Қазпошта» АҚ Жамбыл облыстық филиалының қызметіне, атап айтқанда, газет тарату мәселесіне оқырмандар тарапынан көңіл толмаушылық толастаған емес. Әлі де солай. Әсіресе ауылдар мен шалғай елді мекендерде тұратын жұртшылықтан бұл базынаны жиі естиміз.
Ауыл халқының бұлай шырылдауының жөні бар. Өйткені қоғам қанша дамыды десек те, интернет игілігі ауыл-ауылға әлі жете қойған жоқ. Тіпті жеткен күнде де жұрт қажетті толыққанды ақпаратын телеарна мен газет-журналдан алады. Ал оның дер кезінде жетуі – ауыл жұртының жаңалықтар мен қоғамда орын алып жатқан өзгерістерден шет қалмауының кепілі.
Бүгінде мемлекет тарапынан ауыл халқының әл-ауқатын арттыру мен кәсіп ашуына бағытталған түрлі бағдарламалар мен жобалар қолға алынуда. Ал оның шарттары мен ережелері, қалай қатысуға болатыны жайлы мәлімет пен өзге де қажетті ақпараттың барлығы газет беттерінде жариялануда.
Бір ғана мысал. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен қолға алынған «қарапайым заттар экономикасы» пилоттық жобасының бүге-шігесіне дейін «Aq jol»-да тұрақты және жан-жақты жазылып келеді. Бірақ ол жайлы толыққанды білген былай тұрсын, әлі дұрыс естімеген де ауыл адамдары көп. Ол дегеніңіз, біріншіден, жұртшылық мерзімді басылымды көп оқымайды деген сөз, екіншіден, газетке жазылғанымен, оны өз уақытында алып оқи алмауының салдары.
Демек, басылымдардың барлық жазылушылар қолына неғұрлым жылдам жеткізілуі – мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға қолдау болса, ал оған немқұрайды қарау – ел саясатына салғырттық таныту емей немене?!
Редакцияға осыдан айға жуық уақыт бұрын Әбдуәлі Данаев ақсақал келген болатын. Қолында бір жапырақ қағазы бар. Жасы сексеннен асқан қария онда пошта қызметіне өкпе-назын жазып келген екен. Шерхан Мұртаза, Қаратай Тұрысов сынды атпал азаматтармен бірге оқыған, көзі ашық, көкірегі ояу Әбдуәлі ақсақал ес білгелі «Aq jol»-ға жазылып, оқып келеді. Алайда хатқа сүйенсек, осы жылы жазылған газеті үйіне жеткізілмеген.
«Үйге жаздырып алып оқып жүретін «Aq jol» биыл келмейтін болды. Ақсақал газет қарағанша бес уақыт намазын оқысын деді ме екен, әйтеуір заңды түрде пошта арқылы жаздырып алған газетім үйге келмейді. Тек тамыз айында «Aq jol»-дың 5-6 нөмірін сыртқы дарбазама іліп кеткен: «Поштамыз өз міндетті жұмысын заңды түрде дұрыс орындасын. Қарт адамның тілегі осы, қарақтарым» деген оймен аяқталады хат. Қала іргесіндегі Байзақ ауданы, Талас стансасына дейін газеттің жетпеуі түсініксіз. Бұл бір ғана мысал.
Бүгінде баспасөзге жазылу науқанына орай үгіт-насихат жұмыстарымен редакция ұжымы аудан, ауылдарды аралауда. Сол кездерде оқырмандар арасынан бұл мәселені айтып жататындар бар. Мысалы, Меркі ауданында өткен кездесуде зейнеткер Сүлеймен Әлпейісов «Aq jol» 10 күнде бір-ақ рет жиналып келетінін айтып арызданған болатын. Сондай-ақ Жамбыл ауданының Қаракемер ауылында да осындай шағым жасалған. Қарап тұрсаңыз, келтірілген осы үш мысал да облыс орталығына жақын ауылдар.
Мәселенің мәнісін анықтау үшін «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы басшысының орынбасары Нүркен Иманбекұлы Рүстемге жолықтық.
– Бізге республикалық газеттер көршілес Шымкент қаласынан басылып, жеткізіледі. Олар сол күні тіпті түс қайта да келіп жатады. Сосын өзіміздің қалада басылып шыққан облыстық басылымдар бар, барлығын вокзал маңында орналасқан іріктеу бөліміне жөнелтеміз. Онда аудандарға жүретін көліктер күтіп тұрады. Қай ауданға қандай газеттер және қанша дана екені сол жерден реттеліп, көліктер күнде аудандарға аттанып жатады. Әр ауданға жерінің қашықтығына сай уақытта жетеді. Ал аудан орталығына жеткен соң оны ары қарай әр ауылдарға тағы тасымалдаймыз. Бірақ газет күнде жеткізіліп тұрады және оның бірнеше данасын жинап барып бір-ақ беру деген болмайды. Егер ондай жағдай тіркелсе жазылушылар арыздарын телефон арқылы немесе поштаға барып білдіре алады. Ал мұндай факті тіркелген жағдайда біз пошта қызметкеріне арнайы шара қолданатын боламыз, – дейді Нүркен Иманбекұлы.
Сонда дейміз, Әбдуәлі Данаев ақсақал бастаған оқырмандарымыз өтірік айтып отыр ма? Әрине, жоқ. Ендеше мәселе неде? Біздің ойымызша «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы басшылығы тарапынан аудан орталықтары мен ауылдардағы оқырмандарға газеттердің дер кезінде (сол күні) жеткізілуіне сараптама жасау, бақылау мен қадағалау жоқ. Немесе бұл жұмысқа селқос қарайды.
Осы арада оқырмандардың газетке жазылатын ақшасының тең жартысын «Қазпошта» алатынын облыс басшылары мен оқырмандар білсе екен дейміз. Ендеше газетке жазылудан түскен ақшаны алуды білгенде, сол газеттерді заңды иелеріне сол күні жеткізу керектігін неге білмейді.
Сондай-ақ басшының орынбасары бүгінде облыста 392 пошта қызметкері болса, соның тек орталықтағылары ғана 46000 теңге айлық алатынын, ал аудан, ауылдардағы пошташылар газет жүктемесінің аз-көптігіне орай 0,4, 0,2, 0,3 сынды штаттық бірлікте жұмыс істеп, сәйкесінше 9000, 15000 теңге төңірегінде айлық алатындарын, соған сай жұмыстарында да кемшілік болуы мүмкін екенін айтады. Осы ретте, Президент тапсырмасына сәйкес қызметкерлердің айлықтары көтеріліп жатқан тұста ауыл пошташыларының жалақысы неге көтерілмейді, деген сауал да көкейге оралады.
Қалай болғанда да, газет оқырмандар қолына сол күні жетуге тиіс. Бұл – бүгінгі уақыт талабы.

 

Маржан РАҚАЙ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support