- Advertisement -

«Астана» екі ойында он бір гол жіберді

46

- Advertisement -

Футболдан Еуропа лигасының топтық кезеңінде сынға түсіп жатқан «Астана» футболшыларының жағдайы мәз емес. Төрт тур бойы елордалықтар мандытып ойнай алмай келеді. Алдыңғы кездесуде нидерландылық «Аз Алкмар» футбол клубынан түзде 0:6 есебімен жеңілген ел чемпиондары аталмыш командадан өз елімізде 0:5 есебімен ұтылып қалды.
Иә, осылайша елордалық команда нидерландықтардан 11 гол жіберді. Ұят! Өйткені «Аз Алкмар» кәрі құрлықтағы тегеурінді командалардың санатына жатпайды. Енді қайтпек керек?
Бұл күні жасыл алаңнан «Астана» футболшыларын байқай алмадық. «Аз Алкмар» ойыншылары еркін ойқастап, ойларына келгенін істеді. Кездесудің 29-шы минутында қонақтардың 18 жасар футболшысы Майрон Боаду өз мүмкіндігін мүлт жібермей, есеп ашты.
Ойынның екінші кезеңі «Астана» футболшылары үшін қорқынышты түстей болды. Бірнеше минуттың ішінде «Аз Алкмар» футболшылары «Астана» қақпасына екі бірдей голды тоғытып үлгерді. Алдымен 55 минутта Фредерик Мидтше мергендігімен көзге түссе, 57 минутта Уссама Идрисси таблодағы көрсеткішке өзгеріс енгізіп кетті. «Аз Алкмар» ойыншылары бұдан соң тағы бір гол соққан еді. Абырой болғанда футболшының ойыннан тыс қалуына байланысты гол есепке алынбады. Дегенмен қонақтар арада жиырма минут өткенде мақсаттарына жетті. Кездесудің 76 минутында Пантелис Хацидакиос есеп айырмасын төрт голға дейін жеткізсе, арада бір минут өткенде дубль авторы атанған Боаду ақтық нәтижені тіркеді. Қорытынды есеп 0:5. «Аз Алкмар» командасының пайдасында.
«Астана» Еурожорықтарда дәл мұндай сүреңсіз ойын, мардымсыз нәтиже көрсетпеуші еді. Биыл елордалық команданың ойыны ширайтын сыңай байқалмайды. Кәрі құрлықта сенім артатын қазақстандық жалғыз команда неге жүрісінен жаңылды екен? Бюджеті қомақты, шеберлігі толысқан ойыншылары жеткілікті команданың дәл осылай күйрей жеңілуінің сыры неде жатыр? Осы сұрақ жанкүйерлердің жүрегіне тыныштық берер емес.
Еуропа лигасының топтық кезеңі аяқталатын сәт алыс емес. Екі тур ғана қалды. Алдағы екі тур «Астана» футболшылары үшін ешқандай шешуші маңызға ие емес. Алайда елордалық клуб ойыншылары ел намысы үшін барын салулары керек-ақ. Қазақстан футболының брендіне айналған «Астана» футбол клубының басшылары мен бас бапкері мына нәтижеден кейін қандай шешімге келер екен? Кім білсін…

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support