- Advertisement -

Сайыпқыран Салах

69

- Advertisement -

Оның әкесі жәй сатушы болғандықтан, Мұхамедтің жоғары білім алуына жағдай туғыза алмады. Алайда жеті жасынан-ақ футболға аңсары ауған Мұхамед Салах қалайда мықты футболшы болуды мақсатына айналдырды. Әлем футболының аңызына атанған бразилиялық Роналдо мен әйгілі Зиданның шеберлігіне тамсана қараған мысырлық оғлан өзі де аяқдоп арқылы жаһанға танылғысы келді.

Болашақ жұлдыздың балалық шағы

Бүгінде «Ливерпуль» футбол клубы арқылы төрткүл дүниеге танылған, медиа тұлғаға айналған Мұхамед Салах 1992 жылдың 15 маусымында Египеттің Басьюне-Гарбия деген жеріндегі Нагриг деп аталатын кедей ауылында дүниеге келген. Ол әуелде көне байпақтарды жинап, оны желімдеп, доп қылып тебе бастапты. Бүгінгі жұлдыздың бұрынғы бұл әрекетіне жұрт таңданыспен қарайтын көрінеді. Салах осылайша 14 жасқа дейін көше футболының маңынан алыстай алмады. Осылайша ауыл шаңын аспанға көтеріп доп теуіп жүрген Мұхамед бір күні мамандардың көзіне түседі. Баланың талабы мен талантын байқағандар оны мысырлық «Мокавлун» академиясына жеткізген. «Мокавлун» жетекшілері Салахты 2010 жылы қатарына қосады.

«Кәрі құрлықты» таңғалдырған талант

Арада аз уақыт өткенде «Әл Ахли» басшылары жасындай жарқыраған Мұхамедті команда сапына алған. 2012 жылы Лондон олимпиадасына електік кезең саналған ойындарда қарсыластардың қақпасына (Жаңа Зеландия, Бразилия, Белоруссия) бірнеше гол тоғытқан Мұхамедті кәрі құрлықтың тіс қаққан мамандары назардан тыс қалдырмады. Алдымен Швейцарияның «Базелінде» доп тепкен ол 10 гол соғып, 11 нәтижелі пас шығарды. Жұрттың жадында қалғаны – әйгілі «Челсидің» қақпасына тоғытқан екі голы. Швейцарияның «үздік футболшысы», «Африканың үздік жас футболшысы» атанған Салахтың жұлдызды шағы 2012 жылдан бастау алды.

бапкер Юрген Клопптың қырағылығы

2013 жылы отбасын құрған Мұхамед тойын туған ауылында өткізді. Қарияларды төрге оздырып, батасын алды. Той бітті, жұрт тарқады. Енді Салахтың кәсіби мансабында жаңа дәуір басталды. Ол әлемнің үздік біріншілігі саналатын ағылшын премьер-лигасында ойнауға мүмкіндік алды. Лондондық «Челси» футбол клубының сапына қосылды. «Челси» чемпиондар лигасында топ жарған маусымда 13 мәрте жасыл алаңға шықты. Алайда біріншілік түгесілместен оны италиялық «Фиорентино» футбол клубы жалға алады. Кейін «А» сериясының үздік командаларының бірі «Романың» жейдесін киді. «Ромадан» кейін Мұхамед «Ливерпульге» ауысты. 42 миллион еуроны құраған трансфер құны өзін он есе артығымен ақтағаны сөзсіз. Жағдайы қиындағын «Ливерпульді» Салах төрге сүйреді.
«Ливерпуль» жейдесін кие сала ол 29 кездесуде 23 голдың авторы атанып, 8 нәтижелі пас шығарды. Бапкер Юрген Клопптың қырағылығы ғой. Айталық, «Челси» жетекшілері жібере салған ойыншының талантын тап басқан Клоппты білгір демей көр.
Мұхамедтің жұлдызын жаққан – Юрген Клопп. «Ливерпуль» сапында жүріп ол «Африканың үздік футболшысы», «Ливерпульдің» және ағылшын премьер-лигасының үздігі атанғаны да жанкүйерлерге мәлім.

Үздік бестіктегі бозым

Салах өзінің шын мықты екенін дәлелдеуі үшін екі додада жеңіске жетуі керек еді. Біріншісі, Еуропа чемпиондар лигасы. Ол өткен маусымда сол үдеден шықты. Ағылшындық клубпен аталмыш додада топ жарды. Жеңіске жетпей тұрып, бір маусым бұрын финалда қолын жарақаттаған Салахтың көзінен мұң байқалған. Сол мұң келесі маусымда қуанышқа айналды. Екіншісі, әлем чемпионаты. Әлем чемпионатында әйгілі Мессидің Аргентинасы топ жара алмай жүргенін ескерсек, Салахтың Мысыры біразға шабады дегенге сену қиын. Алайда Салах қазіргі футболдағы үздік бестіктің қатарына кіретіні талас тудырмайды.

талантымен танылып, жомарттығымен жүректерді жаулаған

Маңдайын сәждеге тигізіп жүрген Мұхамедтің Ислам дініне деген сенімі берік. Ол жасыл алаңда гол соққанда да өзінің мұсылман екенін әрекетімен білдіреді. Екі қолын көтеріп, Тәңіріне тәубе айтады. Сосын маңдайын жасыл алаңға тигізеді.
Әдетте футболшылардың табысы өте мол екені мәлім. Салах сол тапқанын құзғын құсап басып жемейді, қыран құсап маңайына шашып жейді. Туған ауылы Нагрибте мектеп, балабақша, футболға аңсары ауған балалар үшін толыққанды жарақтандырылған алаң салып берді. Отбасын құрған ауыл жастарының шығыны да Мұхамедтің мойнында. Жігіттің жомарттығын жұрты да бағалады. Билік Мұхамед оқыған мектепке оның атын беріпті. Құрмет пе, құрмет! Ол қайбір жылы Египет экономикасын тығырықтан шығару үшін қомақты қаражат аударды. Басьюн қаласынан аурухана тұрғызды. Мысырдың әйгілі олигархтарының бірі: «Таңдау сенде. Еуропаның қай қаласынан саған зәулім үй салайын», – депті. Сонда еш саспаған Салах: «Сіз дұрысы сол ақшаны менің туған ауылым Нагрибті гүлдендіру үшін жұмсаңызшы», – деген екен. Даңқты футболшының бұл сөзі де жүректі қозғап жіберетіні сөзсіз.
Ол өз жанкүйерлерінің алдында қарапайымдылығымен биік. Фанаттарының бір ауыз сөзін назардан тыс қалдырмайды. Жұртшылықпен әлеуметтік желілерде де тығыз байланыс орнатқан. Бүгінде оның инстаграмдағы парақшасына 31 миллионнан астам адам жазылған.
Футболшы ретінде де, адам ретінде де жұрттың жүрегінен жол тапқан Мұхамед Салахтың кісілігі мен кішілігі көпке үлгі болатыны ақиқат.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

 

P.S.

Салах осыдан біршама уақыт бұрын УЕФА суперкубогының финалында қазақстандық мүмкіндігі шектеулі бала Әли Тұрғанбековпен кездесіп, қолтаңбе берген еді. Сол кездесу туралы Әлі өзінің инстаграмдағы парақшасында:

«Достар, мені УЕФА Суперкубогына шақырды. «Ливерпуль» – «Челси» матчы! Қуанышымда шек жоқ. Өзімнің қаншалықты бақытты екенімді айтып жеткізе алмаймын. Бұл арманымды орындаған УЕФА, УЕФА қорына және Қайрат Советұлына алғысымды білдіремін. Дәл осы кісі бұл ғажайыпты ұйымдастырып, маған ұмытылмас әсер сыйлады» , – деп жазған болатын. Аталмыш кездесуде Мұхамедтің жүзінен қазақ баласына деген мейірім төгіліп тұрған еді…

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support