- Advertisement -

Шу тұрғындары «Aq jol» газетіне көптеп жазыламыз» дейді

113

- Advertisement -

Кез келген қоғамның алға ілгерілеуі мен дамуына сүбелі үлес қосатын баспасөз құралдарының атқарар міндеті қашанда салмақты, жүгі ауыр. Олай дейтініміз газет арқылы өңір халқы өзінің туып-өскен ауылы ғана емес, тұтастай аймақта болып жатқан тың жаңалықтардан құлағдар болады, сол арқылы қоғамдық пікір қалыптасады.

Сондықтан да адамның рухани, саяси, мәдени деңгейін көтеріп, уақыт көшінен қалмауға тәрбиелейтін бұқаралық ақпарат құралдарына деген халықтың сенімі мен құрметі қай кезде де жоғары болуы тиіс. Міне, соның ішінде облысымыздың бас газеті – «Aq jol»-дың орны ерекше деуге болады. Баспасөздің басты байлығы – оның оқырманы десек, өңіріміздің бас басылымы саналатын «Aq jol» газетінің оқырмандары да аз емес екендігін айта кетуіміз керек.

Сол себепті де газет ұжымы қарапайым халықпен, өз оқырманымен байланысын ешқашан үзіп алмауды мақсат тұтады. Осыған байланысты ғасырға жуық уақыт бойы өңір тарихының куәсі болған газеттің Директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы шалғайдағы Шу ауданына арнайы атбасын бұрып, жыл сайынғы дәстүрге сай басылымның оқырмандарымен кездесіп, ой бөлісті.
Аудандағы оқырмандармен болған ашық әңгіме алаңында басылым басшысы газеттің бүгінгі күнге сай түрленіп, бірқатар тұрақты қосымша беттер арқылы газеттің мазмұны байып, оқырмандарына ұсынар айдарлардың да көбейіп келе жатқанын жеткізді. Сонымен бірге, қазақ тілді мемлекеттік газеттердің жазылымына ортақ мәселе төңірегінде әңгіме қозғады.
– Бүгінгі таңда республикалық қазақ тілді газеттерден бастап, облыстық және аудандық газеттердің таралымы жыл санап кеміп барады. Мысалы, өңіріміздің айнасына айналған «Aq jol» газетіне сіздер болмасаңыздар басқа ешкім жанашыр болмайды. Бұны айтып отырған себебім – кезінде Шерхан Мұртаза, Арғынбай Бекбосын сынды баспасөз баһадүрлері дәл осы қазақ тілді басылымдар арқылы облыс орталықтарында қазақ тілінде оқытатын білім ошақтарының аздығын айтып, үлкен мәселе көтерді. Ол тұста Жамбыл қаласындағы Абай көшесінің бойында жалғыз ғана Жамбыл атындағы қазақ мектебі болған. Онда Шерхан Мұртаза, Қаратай Тұрысов, Мырзатай Жолдасбеков секілді қазақтың кіл мықтылары білім алды. Міне, Арғынбай Бекбосынның идеясымен шыққан сол мақаладан кейін мемлекеттік тілде білім беретін қазақ мектептері жыл санап көбейе берді, көбейе берді. Ал бүгінде облыс орталығындағы қазақ тілді мектептердің саны 60-қа жуықтап қалды.
Байқап қарасаңыз, «Балапан – басымен, тұрымтай – тұсымен» болған аумалы-төкпелі заманның өзінде біздің басылым еш қорықпастан осындай күрделі мәселелерді газет бетінде жариялап жатты. Осылайша халықтың сөзін сөйледі, үнін жеткізді. Әулиеата өңірінің бас басылымы бүгін де осы жүрісінен жаңылған жоқ. Облыс әкімінің бастамаларын қолдап, өңірде атқарылып жатқан игі істерді халыққа алғашқылардың бірі болып жеткізу жолында аянбай еңбек етіп келеді. Жалпы, «Aq jol» газеті жас талғамайды. Ол жастарға да, мұғалімдерге де, денсаулық сақтау қызметкерлеріне де және ақсақалдарға да қажет басылым. Себебі біз жастарға арналған «Маздақ», нәзік жандыларға арналған «Айша бибі» деген арнайы беттерді шығарамыз. Әр айдың соңында оқырмандардан келіп түскен хаттарды қорытындылап, «Оқырман отауы» деген бұрышты тұрақты түрде ұсынып келеміз. Сондай-ақ жас ақындар мен әдебиетсүйер қауымға арналған әдебиет және өнер беті мен «Шөкеңнің шошаласы» атты әзіл-оспақ мүйісін де іздеп жүріп оқитындардың қатары көбейіп келеді. Бір сөзбен айтқанда, газетті – өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі ғажайып құрал деуге болады. Алдағы уақытта да газетіміз түрлене түсетін болады. Сондықтан «Aq jol»-ды оқыңыздар, жазылыңыздар, – деді газет басшысы.
Орнықты ой айтылып, пайымды пікір алмасқан басқосу барысында оқырмандар өз сөздерін де айтып, аудандағы мәселелерді де тілге тиек етті.

Ержан Өмірәлиев, аудандық мәслихаттың хатшысы:

– Рас, бүгінде әлеуметтік желі өзінің шарықтау шегіне жетті. Елімізде, тіпті, әлемде болып жатқан жаңалықты сол мезетте жариялап, хабардар етіп жатады. Алайда ол басылымның орнын ешқашан баса алмайды. Өйткені газетке басылған мақала журналист тарапынан жан-жақты зерттеліп, мән-жайы анықталып, нақты деректермен беріледі. Сондықтан болса керек, газет бетіндегі мақала қашанда шынайы келеді. Осыған байланысты оқырмандар газеттен ешқашан қол үзбейді деп ойлаймын. Оның үстіне, қазір «Aq jol» газетінде халыққа керектінің бәрі бар. Ғылым-білім, саясат, экономика, мәдениет, спорт сынды салалардың барлығы да қамтылған. Десе де, өзімнің ұсынысымды жеткізгім келеді. Қазіргі кезде шалғайдағы елді мекендерде атқарылатын жұмыстың нәтижесі ауыл әкіміне тікелей байланысты екені белгілі. Олардың еңбегі ұшан-теңіз. Сол үшін де ауыл әкімдерінің еткен еңбегін тұрақты жариялап отыратын арнайы айдар ашсаңыздар екен. Сонымен бірге елді мекендердің шығу тарихын да газет бетінде жиі жарияласаңыздар екен деген тілегім бар.

Несіпхан Қоңырбаев, ардагер ұстаз:

– Қазақта «Әкім бол, халыққа жақын бол» деген жақсы сөз бар. Бүгінде барлық жұмыс жергілікті әкімдердің іскерлігіне келіп тіреліп тұр. Мәселен, бір ғана ауылда кемінде жүзден аса шаруа қожалықтар бар. Ауыл әкімі солармен жұмыс істеп, өңірдегі бас басылым «Aq jol»-ды насихаттаса нұр үстіне нұр болмас па еді? Бақсақ, «Aq jol» газетіне жазылатын шулықтардың саны мың жарым адамның ар жақ-бер жағында екен. Бұл жүз мыңнан аса тұрғыны бар Шу ауданы үшін өте аз көрсеткіш деп ойлаймын. Кезінде Лениннің «Газет пен кино тоқтаса, даму да тоқтайды» деген сөзі бар еді. Бұл – арада бір ғасырға жуық уақыт өтсе де мәнін жоғалтпаған сөз. Қазіргі таңда әлеуметтік желінің дамып кеткендігі де рас. Бірақ ұлтты, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде әлеуметтік желінің ешқандай да пайдасын көріп отырған жоқпыз. Неге десеңіз, ғаламтордағы жазбаны қарай қалсаңыз, қатеден көз аша алмайсыз. Ал біздің бүгінгі буын соның бәрін дұрыс екен деп пайымдайды. Сондықтан әлеуметтік желі газеттің орнын басады деген бос әурешілік. Газетке бір шумақ өлең шыға қалса да, немереңе «әй, балам, мына газетке мынадай өлең шығыпты, жаттап ала қойшы» деп отырғанға не жетсін! Бұл да баланы тәрбиелеудегі таптырмас құрал емес пе?! Сол себепті, жүрген жерімде «Aq jol»-ды насихаттап жүремін.

Сәт Мәлібеков, ақын:

– Қайбір жылдары тек республикалық газеттерге жазылатынмын. Пошташылар «Aq jol» газетін мектепке әкеліп тастап кететін. «Aq jol»-ды оқығым келгенде мектептен алып кетіп жүрдім. Уақыт өте келе мектептің кіші қызметкері «Аға, сіз бізден газет ұрлап жүр екенсіз» деп, осы бір «қылмысымды» әшкере қылды. Кейіннен «газетті әншейінде ешкім іздемейтін, енді неге керек қылып қалды екен?» деп ойладым. Бақсам, соңғы жылдары «Aq jol»-дың мінезі өзгеріпті, үні өзгеріпті. Бұндай жетістікке жетуде бүгінгі Бас редактор Көсемәлі Сәттібайұлының еңбегі зор деп білемін.
Менің өлеңдерімді тұңғыш рет тұтастай бір бетке жариялаған да «Aq jol» болатын. Өңіріміздің бас басылымы әрбір тұрғынның мәселесін, ойын жауапсыз қалдырмайды. Сондықтан «Aq jol»-ға жазылыңыздар!

Ерғали Қартайған

Шу ауданы.

Суреттерді түсірген Петр Норкин.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support