- Advertisement -

ЖАСЫНДАЙ ЖАРҚЫРАП ӨТКЕН ЖАН

68

- Advertisement -

Кеңес Одағының Батыры деген атағының қуанышын көре алмай кеткен бұл кейіпкеріміздің аты-жөні Ташан Рамазанов

1910 жылы Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Қарабұлақ ауылында дүниеге келген ол әскер қатарына Жамбыл облысынан шақырылған. Тағдыр жазуымен 1937 жылы Әулиеатаға қызмет бабымен келген ол Батыс Қазақстанда жетімдер үйінің тәрбиеленушісі болған. Он жасынан еңбекке араласқан Ташан Рамазанов 1928-1932 жылдар аралығында Омбыдағы жұмысшылар факультетінде білім алған.
Оқуын тәмамдаған соң Қарағанды облыстық атқару комитетінде кадр бөлімінің меңгерушісі болып жұмысқа кіріседі. Одан кейінгі екі жылда Қарағанды облысының Жаңаарқа және Қызылту аудандық БЛКЖО-да хатшы болып еңбек еткен.
1934 жылы әскер қатарына алынған ол 3 жыл Алматы қаласындағы №144 әскери академиясының кавалерлік полкінде командир, кіші курсант болады. Әскерден соң Жамбылдағы №49 жылқы зауытында екі рет директор болып тағайындалып, 1939-1940 жылдары Жамбыл аудандық атқару комитетінде жауапты хатшы қызметін атқарған.
Жетімдер үйінде тәрбиеленіп, еңбекке ерте араласып, өмірге бейімделген азамат өмірінің кейінгі жылдарында да алғырлығы, зеректігі мен мақсаткерлігінің арқасында қызмет бабында тез өседі.
Сұм соғыстың алғашқы жылдарында Ташан Рамазанов Жамбыл әскери комиссариатынан әскерге шақырылады. 1944 жылы Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылады. Сондай-ақ 1944 жылдың 13 желтоқсанында «Қызыл Ту» орденіне ұсынылып, арада 7 күн өткенде майдан даласында мерт болады.
Оның қандай әскери құрамда, қай майдан даласында соғысқаны, Батыр атағына қай ерлігі үшін ұсынылғаны жайлы мәлімет жоқ. Белгілісі – Чехословакияның Римавска-Собота аумағындағы Ширковце елді мекенінде жерленгендігі.
Батырдың артында қалған жары Нейля Рамазанова өмірінің соңғы жылына дейін Меркі ауданында тұрып, қызмет еткен. Соңғы жұмыс орны 1964 жылы Меркі аудандық жұмыспен қамту бөлімінің меңгерушісі. Сондай-ақ жары мен 1940 жылы туылған баласы Эрке (Эрне) Рамазанов пен 1942 жылы туылған қызы Алуа Рамазанова Меркі ауданының Ынтымақ, Большевик, Меркі ауылдарында тұрған.

 

Маржан РАҚАЙ

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support