- Advertisement -

Cybersport ермек пе, кәсіп пе?

106

- Advertisement -

Бәрімізге белгілі, бұрын мектеп жасындағы балалар тай-құлындай тебісіп өсетін. Қолға түскен шыбықты, қала берді атамыздың таяғын ат қылып мінгеніміз әлі күнге есімізде. Іргелес көшенің балаларымен жарыса асық ойнап, сым темірден көлік жасағанымыз да жадымызда жатталып қалды. Ал қазір ше? Қазір қаланың да, даланың да баласы бұл ойындарды ойнамайды. Кейінгі жылдары технологияның қарқынды дамуының арқасында «киберспорт» деп аталатын ойын түрі қоғамға еніп кетті. Бір қызығы бұл ойын мектептегі оқушыға да, ересек адамға да ортақ. Керек десеңіз, қазір киберспортты кәсіп көзіне айналдырған азаматтар қаншама?! Оның үстіне өткен жылы елімізде киберспорт ресми түрде спорт деп танылды.

Негізі киберспорт ұғымы екі адамның бір-бірімен компьютерлік ойын арқылы жарысқа түсуі дегенді білдіреді. Бүгінде спорттың бұл түрі біздің елде танымалдылыққа енді-енді ие бола бастағанымен, киберспорттың дәуірі осыдан 47 жыл бұрын басталған екен. 1972 жылы Стэнфорд университетінің студенттері «Spacewar» деп аталатын киберкеңістіктегі ойын түрін ойлап тауып, алғаш рет сынға түскен. Алайда ол үлкен танымалдылыққа ие бола қоймаған сыңайлы. Өйткені ғаламтордағы деректерге сүйенсек, 1994 жылы «Doom 2» ойынынан алғаш рет үлкен жарыс ұйымдастырылса, екі жылдан кейін «Quake» ойыны танымал бола түскен. Ал 1997 жылы АҚШ-та алғаш рет киберспортшылардың лигасы құрылыпты. Міне, осыдан кейін «киберспорт» ұғымы қолданысқа еніп, уақыт өткен сайын ойынның көптеген түрлері шыға бастады. Бүгінде үлкен әлеуетке ие киберспорт нарығының айналымы 2017 жылы 655 миллион долларды құраса, алдағы екі жылда 1,6 миллиард доллардан асады деген болжам жасапты сарапшылар. Осыдан-ақ киберспорт басқа спорт түрлерінің басым көпшілігін қаржылық түсімі мен жүлде қоры жағынан басып озатынын бағамдау қиын емес.
Әу баста бұл ойынның болашағына АҚШ пен Оңтүстік Корея секілді дамыған мемлекеттер көңіл бөліп, мейлінше қолдау білдірсе, бүгінде бұл үдеріс өзге мемлекеттерде де көрініс таба бастады. Олардың қатарында Қазақстан да бар. Біздің елдегі киберспортқа қатысты нақты шаралар өткен жылдан бастап қолға алына бастағанын айта кеткен жөн. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын қоғамдық бірлестік ретінде құрылған «Qazaq Cybersport Federation» өткен жылдың маусым айынан бастап Мәдениет және спорт министрлігінің шешімімен федерация ретінде жұмысқа кірісіпті. Осыған байланысты аталмыш федерацияның мамандарымен хабарласып, киберспорттың бүгінгі аяқ алысы туралы біліп көрген едік. «Qazaq Cybersport Federation» киберспорт федерациясының мәліметінше, Қазақстандағы ірі жарыстарды, халықаралық деңгейдегі іріктеу додаларын федерацияның Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Семей, Павлодар, Тараз, Орал, Қарағанды, Қызылорда сынды 9 қаладағы өңірлік филиалдары ұйымдастырады екен. Атап айтсақ, өткен жылы федерация қазақстандық киберспортшылардың Индонезияда өткен Азия ойындарына қатысуын қамтамасыз еткен. Сондай-ақ «WESG» және «Starcraft-ІІ» сынды ойын түрлерінен Орталық Азия ойыншылары арасында ашық турнир ұйымдастырған. Федерация мамандары біздің өңірдегі киберспортшылардың республикалық жарыстардың онлайн іріктеулеріне жүйелі түрде қатысып тұратындығын айтады. Ал кәсіби тұрғыда киберспортпен айналысатын спортшы ретінде «ProgressGaming.fem» кәсіби клубында бақ сынайтын тараздық Елена Непомнящаяны атап өтуге болады. Бүгінгі таңда еліміздің киберкеңістіктегі спортшылары бірқатар жетістіктерге жетіп үлгеріпті. Мысалы, Польшаның Катовица қаласында өткен «Major» халықаралық турнирінде қазақстандық «Avangar» кәсіби киберспортшылар клубы «GS:GO» ойынынан ойдағыдай нәтиже көрсетіп, ТМД елдерінен қатысқан жалғыз команда ретінде тіркеліпті. Сонымен бірге қарағандылық Алмат Төлеуғалиев Қытай елінде өткен WESG чемпионатының ақтық сынына дейін жетіп, ел намысын абыроймен қорғап қайтқан. Оған қоса, 2017 жылы қазақстандық «Gambit Esports» командасы «GS:GO» ойынынан «PGL Major Krakow» турнирін жеңіп, 500 мың долларды еншілеген.
Біздің елде киберспорттың дамуына соңғы онжылдықтың көлемінде қалалар мен аудан орталықтарындағы әрбір көшеде жапа-тармағай ашылған компьютер клубтары елеулі үлес қосты. Әуелгіде жастар компьютерді мектеп қабырғасында ғана көретін. Кейіннен жоғарыда аталған компьютер клубтары ашыла бастағанда оқушылар қолы қалт ете қалса осы бір клубтарға барып, қалтасындағы соңғы тиынын дәл осы электронды ойындарға жұмсайтын. Алғашында балалар жеке өзі ойын ойнап, мауқын басқан болса, уақыт өте келе бір-бірімен бәсекеге түсетін түрлі стратегиялық, атыс-шабыс ойындары пайда болды. Осы тұста ғой, жастардың өзара бәсекелестігінен кейін түрлі деңгейдегі турнирлердің ұйымдастырыла бастағаны. Электронды ойындардың соңғы онжылдықта жақсы дамығаны соншалық, қазір киберспорттың аясы кеңейіп, ойыннан гөрі спортқа әрі бизнеске ауысып кетті. Қайбір жылы елімізде компьютерлік ойындар жаппай белең алған тұста атыс-шабыс ойындар баланың психологиясына кері әсерін тигізетіні туралы әңгімелер айтылып, ата-аналар дабыл қаққан еді. Енді, міне, сол кезде электронды ойынға аңсары ауған қарадомалақтар бүгінде миллиондаған аудиториясы бар, коммерциялық тұрғыда өте әлеуетті компьютер ойындарынан әлемдік деңгейде сынға түсіп, ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетуде. Коммерциялық тұрғыда өте әлеуетті деп бекер айтып отырған жоқпыз. Нақты мысал келтірер болсақ, әлемдік деңгейдегі киберспортшылардың арасында ең танымалы және көп жарыс өтетін ойын түрі – ол «DOTA 2». Бұл ойынның жүлде қоры өткен жылы 41 миллион доллардан асып кеткен. Бұдан кейін 2000 жылдардың басында пайда болған «Counter-Strike» ойыны да қазір өте танымал. Компьютер ойындарының дәл осы түрінен былтыр әлем бойынша 800-ден астам турнир ұйымдастырылыпты. Оның өткен жылғы жүлде қоры 22 миллион доллардың төңірегінде болған.
Киберспорттың ойыннан спорттық деңгейге көтерілуі бекер болмаса керек. Бұл ойындар компьютер арқылы ойналады демесеңіз, мұнда да арнайы бапкерлер болады, командалық дайындықты, арнайы тактиканы талап етеді. Ойыншылар белгілі бір деңгейде айла-тәсілдер ойлап тауып, қарсыластан басым түсуді ойлайды. Спорттың бұл түрінен қазақстандық жастар да әлемдік деңгейде жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүр. Осыдан кейін телефонға телміріп, ертелі-кеш ойын ойнаған балаңызға шектеу қоя аласыз ба? Әрине, жоқ. Жасыратыны жоқ, қазір балалардың басым көпшілігі күнұзақ телефонға шұқшиып, әлдекімнің видеоойынын бірнеше сағат бойы тамашалап отырғанын жиі көруге болады. Бақсаңыз, олар әлемдік деңгейдегі бүгінгі киберспорт жұлдыздарының ойын мәнерін асқан қызығушылықпен бақылайды. Осылайша сол спортшыларға ұқсап бағады, машықтанады. Ол ойындардың атауы сан алуан. Біз білетін түрлері және біздің елде көп ойналатыны – «Starcraft-ІІ», «Dota-2», «GS:GO», «PUBG», «Starcraft», «Heartstone», «PES-19», FIFA ойындары болып табылады. Көбіне-көп осы түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады. Ендеше, электронды ойынға әуесі ауған сіздің балаңыз да болашақта кәдуілгі киберспорт жұлдыздарының біріне айналмасына кім кепіл? Қалай болғанда да киберспорттың елімізде спорт түріне енуі мен арнайы федерацияның құрылуы компьютер ойынына аңсары ауған ел жастарының бойына сенім ұялатқаны сөзсіз. Киберспортшыларды байрақты бәсекелерге дайындап, түрлі деңгейдегі іріктеу жарыстарын өткізіп жүрген дәл осы «Qazaq Cybersport Federation» киберспорт федерациясының кәсіпқой ойыншылары алдағы уақытта әлемдік деңгейде үлкен жетістіктерге жететініне сеніміміз мол.
Айта кетуіміз керек, құрылғанына көп уақыт болмаса да қазақстандық «AVANGAR» киберспорт командасы әлемдік деңгейдегі жарыстарда бақ сынап жүр. Жуырда ғана олар «Counter Strike» ойынынан жүлде қоры 1 миллион долларды құрайтын «Global Offensive StarLadder Berlin Major» турниріне қатысып, ел намысын абыроймен қорғады. 120 кәсіби киберспортшылардан құралған әлемнің ең үздік 24 командасы қатысқан бұл турнирде «AVANGAR» командасының қазіргі әлем чемпиондары саналатын АҚШ-тың «Team Liquid» ұжымын ойсырата жеңгені әлемдік БАҚ беттерінде сенсацияға баланып жатыр. Одан кейін біздің команда жартылай финалда австралиялық «Renegades» командасын 2:0 есебімен жеңіп, ақтық сынға жолдама алды. Алайда финалдық кездесуде қазақстандықтар «Astralis» командасына есе жіберіп, екінші орынды місе тұтты. Еліміздің атынан шыққан «AVANGAR» командасының намысын қорғайтын Дәурен Қыстаубаев, Айдын Тұрлыбеков, Алексей Голубев және өзбекстандық Санжар Кулиев пен ресейлік Али Джами бұл жарыста 150 мың доллар көлемінде қаржы ұтып, әлемнің ең үздік командаларының қатарына енді. Қалай дегенде де өткен жылы ғана арнайы федерация құрған біздің ел үшін бұл үлкен жетістік екені сөзсіз.

 

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support