- Advertisement -

Тұрғындар өтініші орындалуы тиіс

23

- Advertisement -

Облыс әкімінің бекіткен жұмыс алгоритміне сәйкес өңір басшысының орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Меркі ауданында жұмыс сапарымен болып, бірқатар нысандарды аралады. Алдымен ол Аспара ауылдық округінде ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдады. Кездесуде ауыл қариялары 1986 жылы пайдалануға берілген №2 жалпыға бірдей білім беру мекемесінің тозығы жеткенін, мүмкін болса мектепті күрделі жөндеуден өткізіп беруді сұрады. Облыс әкімінің орынбасары өзімен бірге келген тиісті басқарма басшылығына сол мектептің жағдайымен танысып, зерделеуді тапсырды. Ал қазіргі таңда облыс бойынша 45 мектептің жағдайы зерделенгенін, бірақ олардың ішінде бұл білім ордасының жоқтығын айтты. Алда бұл мектеп қажеттілігі ескеріліп, тиісті шешім қабылданатынын жеткізді.
Сондай-ақ жиында ауыл тұрғындары нан бағасының көтерілуіне байланысты алаңдаушылықтарын білдірді. Еркебұлан Әбілханұлы бұл мәселе шынында өзекті екенін, облыс әкімі өз ұсыныстарын Үкіметке ұсынғанын, осының аясында шешім қабылданатынын баян етті.
Бұдан соң өңір басшысының орынбасары «Меркі–Шу–Бурылбайтал» автомобиль жолының құрылысымен танысты. Мердігер «Синь-Синь» ЖШС-ның өкілі жол құрылысын толықтай 2023 жылы аяқтайтынын айтып, бүгінгі таңда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Е.Дауылбаев 82 километрді құрайтын «Меркі-Шу» автожолының құрылысы қашан аяқталатынын, қаржыландыру мәселесі қалай шешіліп жатқанын сұрады. Сондай-ақ көлік нөпіріне жолда қиындық тудырмас үшін жолдың дайын бөлігінен екі бағытта автомобильдерді жүргізсе қалай болады деген ұсыныс айтты.
Әңгіме барысында компания өкілі Шуға дейінгі жол 2020 жылы пайдалануға берілетінін нық сеніммен хабарлады. Сондай-ақ бұл күре жол бойында құрылысы жүріп жатқан «Атабек» мал базарының жұмысы туралы аудан әкімі Мейірхан Өмірбек әңгімеледі. Сонымен қатар аудан орталығындағы базарды көшіру мақсатында атқарылып жатқан жұмыс және Меркі ауылының солтүстік жағынан салынатын айналма жолдың жобасымен таныстырды. Еркебұлан Әбілханұлы бұл жобалардың маңызды екенін айтып, тиісті нұсқау, кеңестер берді.
Ал Ойтал ауылындағы 9 гектар саябақты абаттандыру, халықтың мәдени демалысын ұйымдастыру туралы жұмыстармен танысқан облыс әкімінің орынбасары саябақтың сәулетінің үйлесімділігін және оның тиімділігіне баса назар аудару керектігіне тоқталды. Іссапар барысында Еркебұлан Әбілханұлы аудан әкімдігінде қоғамдық қабылдау өткізді. Одан соң аудан активімен кездесті.
– Біз бұл отырыста индикаторлар туралы әңгіме қозғамаймыз. Олар толық орындалған. Өйткені облысымыз республика бойынша үздік бестіктің қатарында. Біз бүгінгі күні атқарылып жатқан жұмысымызда қандай кемшіліктер бар, оған қолбайлау болып тұрған не? Кімнің кінәсінен іс алға жүрмей тұр? Бұл жиында соны зерделейтін боламыз, – дей келіп, өңір басшысының орынбасары өзімен бірге келген басқарма басшыларына сөз кезегін берді.
Тиісті сала басшылары ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндай келіп, жұмыс барысында кеткен кемшіліктерді де тізіп шықты. Жиын соңында Еркебұлан Әбілханұлы қаралған мәселелер бойынша хаттама жасалатынын, орын алған кемшіліктерді жоюдың нақты мезгілін белгілеп, аудан басшысына тиісті міндеттер мен тапсырмалар жүктеді.

Ләззат ҚҰРАЛБАЕВА

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support