- Advertisement -

ауызсуы мен газы бар ауылдар саны артып келеді

69

- Advertisement -

Ауданда барлығы 23 елді мекен бар. Оларда барлығы 24964 адам тіршілік етуде. Қазіргі таңда 18793 адам тұратын 13 елді мекен ауызсу жүйесіне қосылған. Осылайша ауызсумен қамту көрсеткіші Қаратау қаласында – 100, ал ауылдық елді мекендерде 81 пайызды құрап отыр. Бұл облыс бойынша да үлкен көрсеткіш. Оның ішінде облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ауызсу жүйесін жүргізуден бөлек әрбір үйге тікелей таза да сапалы су кіргізіп беру негізгі мақсат ретінде алға қойылуда. Бұл тұрғыда 12 ауылдың 20600 тұрғынының нақты 16700-нің (67 пайызының) сұранысы қанағаттандырылған.

Ал өзге елді мекендер тұрғындары үшін 2008 және 2010 жылдары сервистік әдіспен терең ұңғыма құдықтар қазылып, үй іргесіне колонка орнатылған. Тұрғындар осылардың суын тұтынуда.
– Қазір де қарап жатқан жоқпыз. Жүзеге асырылған осындай жұмыстардың нәтижесінде ауылдарды ауызсумен қамту көрсеткіші келер жылы 100 пайызға жеткізілетін болады. Биыл үш елді мекенге тораптық су-құбыр жүйелерін жүргізу үстіндеміз. Оның біреуінің құрылысы Есейхан ауылында 2018 жылы басталған. Биыл бітеді. Жалпы сметалык құны 620 миллион 857 мың теңгені құрайды. «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында, сондай-ақ Қасқабұлақ ауылындағы су-құбыр жүйесінің құрылысына 767 миллион 178 мың теңге бөлініп, тиісті жұмыстары жүргізілуде. Қалып тұрғаны – Майтөбе ауылы ғана. Аталған ауыл тұрғындарын ауызсумен қамту жобасының жалпы құны – 336 миллион 707 мың теңге көлемінде. Алайда биыл бұл мақсатқа 111 миллион 111 мың теңге бөлініп, жұмыстары жүргізілуде. Нысан келер жылы пайдалануға беріледі. Сөйтіп, аудандағы ірі 13 елді мекен сапалы ауызсумен толық қамтылады, – дейді аудан әкімінің орынбасары Серік Дадабаев.
Оның айтуынша, қалған Арал, Қайыр, Ақтөбе, Қожағаппар секілді 8 шағын елді мекенге тұрғындарының аздығына байланысты арнайы тораптық су-құбыр жүйелерін жүргізу мәселесі туындамауда. Олар үшін бірегей жүйе бойынша ұңғыма құдықтар қазылып, ауызсу үйді-үйге кіргізіліп беріледі.
Қаратау қаласының тұрғындары да таза ауызсумен тәулік бойы үзіліссіз толықтай қамтамасыз етіліп отыр екен. Аудан орталығындағы су-құбыр жүйелері толықтай дерлік жаңасымен ауыстырылған. Ішінара болса да жарамсызданғандары бар. Осыған байланысты жаңғырту жұмыстарын жүзеге асыру көзделуде. Екі нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Атап айтқанда, олар – «Көктал» су қоймасынан басын алатын – 32, «Кирпичный» су қоймасынан «Игілік» кәсіпорнының жылу қазандығына дейінгі 4,6 шақырымдық су-құбыр жүйелері. Бұл жобалардың жалпы құны 3 миллиард 420 миллион теңгені құрауда. Міне, осы ескірген су жүйелері жаңартылса, мұның да ел игілігінің артуына септесері анық.
Тағы бір атап өтерлік жайт, бүгінде ауылдық жердегі үйлерге су-құбыр желісін аудандық «Таза су» мекемесі тегін кіргізіп беруде екен. Яғни мекеме шкафтық реттеу нүктесінен үйге дейінгі 20 метр аралыққа құбыр тартылуын қамтамасыз етеді. Қондырғылары дайын болса, оны да орнатып беруге әзір. Ал үйішілік нүктелерге құбыр жүргізілуі тұрғындардың өз есебінен жүзеге асырылады. Бүгінгі күні мұндай жұмыстармен ауылдардағы су-құбыр жүйесі тартылған үйлердің 62, 5 пайызы қамтылған.
Газдандыру бойынша да солай. Осыған байланысты Бөлтірік шешен, Көшек, Үшарал, Қайыр және Арал елді мекендерінің тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде екен. Бұрын газ тарату мекемелері ШРП-ларға есептеуіш құралдарын орнататын да кететін. Ал қазір құбыр жүйесі тікелей үйге кіргізіліп беріледі. Қызмет көрсету құны да қолжетімді – 97 мың теңге көлемінде. Бұл тұрғыда екінші деңгейдегі 2 банктің филиалдарымен келісімшарт жасалған сыңайлы. Үйге газ кіргізу бойынша базбір аудандарда бар мәселенің Талас ауданында туындамауы да содан екен. Бұл істі үйлестіруші «Таразтрансэнерго» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны тұрғындардың қарыздарын бірден емес, бөліп төлеуіне де келісіп отырғанға ұқсайды. Аталған мекеменің жұмысшылары газ құбырларын тұрғын үй аумағына 20 метрдей ішкері кіргізіп, құрылғыларын да орнатып беруде. Құбыр желісінің үйішілік бөлігін артығымен тастап кету де ауылдықтар тұрмысына сеп болуда.
Жоғарыда аталған бес ауылға газ-құбыр желісі жүргізілуіне былтыр 2 миллиард 344 миллион 588 мың теңге бөлінген екен. Ал биыл 220 миллион 840 мың теңге көлемінде жұмыстар аяқталып отыр. Аталған елді мекендердің ішкі газ тарату желісінің құрылысы да облыстық бюджет тарапынан қаржыландырылып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұл нысанның сметалық құны 513 миллион теңгені құрайды. Келер жылы аяқталады.
«Көгілдір отынға» деген ділгірлік Ақкөл, Қызыләуіт, Ақтөбе ауылдарында сақталып отыр. Осыған байланысты оларға газ-құбыр желісін тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, Энергетика министрлігіне бюджеттік өтінім де беріліп қойылған екен. Жобаның құны 3 миллиард 221 миллион 700 мың теңгені құрайды.
Жасыратыны жоқ, ауданның таулы өңірлерде орналасқан Есейхан, Қасқабұлақ, Қараой, Көктал, Майтөбе ауылдары әзірге газдандыру ісінен тыс қалып қойып отыр. «Бұл мәселені шешу үшін бүгінде Елбасының «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» әлеуметтік үндеуі аясында Қаратау АГРС жанынан тағы бір қосымша нысан – Билікөл АГРС құрылысы жобасы жүзеге асырылуда. Оның қамту аумағына Талас, Жамбыл, Жуалы аудандарының бірқатар шаруашылықтары кіреді. Күн тәртібіне өткір қойылып отырған газ-құбыр жүйесі таулы өңірдегі елді мекендерге осы автоматтандырылған газ тарату стансасы іске қосылғаннан кейін барып бір-ақ жүргізілетін болады. Бұл 2025 жылға дейінгі өңірлік бағдарламада да қарастырылған» – дейді бұл тұрғыда Серік Ералыұлы.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Қаратау қаласы мен аудандағы 23 елді мекеннің 14-іне (62,5 пайызына) газ құбыры тартылған. Аудандағы газ құбыры тартылған 14 елді мекеннің 9-ындағы 1563 үйдің 1554-і (97 пайызы) «көгілдір отынды» тұтыну мүмкіндігіне ие.

 

Баймаханбет АХМЕТ

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support