- Advertisement -

Тарихы таудан биік, теңізден терең басылым

152

- Advertisement -

Сарысу ауданы нарықтық қатынастың өтпелі кезеңіндегі қиыншылықты әлдеқашан еңсерген. Бүгінде экономикасы еңсе тіктеп, халықтың әл-ауқаты артып келеді. Қай ауыл болсын көркею үстінде.

Аудан орталығы – Жаңатас қаласын жиырма жыл бұрын көрген кісі қазір танымай қалатындай. Сәнді сәулеті, көркем келбеті қандай?! Аудандағы шешімін күткен мәселелер, Жаңатастың жанайқайы туралы облыстың бас басылымы кезінде үздіксіз жазды. Қазір шалғай өңірге барған сайын бір жағымды жаңалықты естиміз. Төрт түлік мал басы жылдан-жылға арта түссе, егін алқабы да ұлғайып келеді. Шағын және орта бизнес те қанат жайған.

Сарысудағы осындай жетістіктерді үздіксіз жазып жатқан соң, ондағы оқырмандарымыздың «Aq jol»-ға деген құрметі де, қызығушылығы да ерекше екенін кездесу барысында аңғардық. Басылымның Директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы оқырмандар алдында сөз алып, ел үшін, мемлекеттің игілігі үшін еңбек етіп жатқан сарысулық оқырмандарға ақжолдықтар атынан ыстық ықылас, ізгі тілегін жеткізе келе, мемлекеттің экономика және руханият саласы туралы әңгімеледі. Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары мен Жолдаулары, Мемлекет басшысының биылғы «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты биылғы алғашқы Жолдауынан туындайтын міндеттер туралы, оның іс жүзінде жүзеге асыру жолында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің басшылығымен өңірде қолға алынып жатқан ауқымды жұмыстардан хабардар ете келе, оның газет бетінде жариялануы туралы сөз етті.
– Қазақ газетінің тарихы терең. Ұлт арыстары ел аралап өздері басшылық жасап отырған газеттерді насихаттаған. Сонау заманнан басталған сол үрдіс әлі жалғасып келеді. Біз де сондай мақсатпен алдарыңызға келіп отырмыз. Ал енді газеттің мазмұнына, безендірілуіне келер болсақ, оны өздеріңіз де оқып, көріп отырсыздар. Сіздердің айтқан ұсыныс-пікірлеріңіз ескеріледі. Былтыр өздеріңізбен кездесуге келгенде белгілі жазушы, жерлестеріңіз Пернебай Дүйсенбин «Aq jol» газеті еліміздегі облыстық газеттер арасында ең маңызды, мағыналы көркем басылым» дегені естеріңізде болар. Пернекең Қазақстанның барлық өңірінде болып жүрген қаламгер. Қай облысқа барса да облыстық басылымдардың редакцияларына барып, газет қарап шығатын көрінеді. Содан жазушы-журналист ағамыз оларды салыстырып, сонда аңғарғаны ғой. Жазушы ағамыз сол кездесуде «Газет бетінде тұрақты беріліп келе жатқан арнайы беттермен қатар, «Ғылым-білім ғажайыптары» бетін ашсаңыздар» деген ұсынысын айтты. Редакция алқасы қаламгердің айтқан ұсынысын қолдады. Сарысу – таланттар мекені. Мысалы, «Қазақ газеттеріне жазылайық» деген үндеу сіздердің тараптарыңыздан көтеріліп жатса жарасар еді, – деді бас редактор.
Сондай-ақ ол «Aq jol»-дың компартия үстемдік құрып тұрған кездің өзінде Тараз қаласында балаларды қазақ тілінде оқытатын жалғыз ғана білім ошағы болғанын жазып, жастарды мемлекеттік тілде оқытатын мектептердің көптеп ашылуына ықпал еткенін де қозғады. Сол мектептердің мұғалімдері енді келіп қазақ газетіне жазылмаймыз десе жараса ма, – деді. Қоғам өміріне, мемлекеттің дамуына кері әсер ететін әрі ұлт араздықты қозыруы да мүмкін әлеуметтік желідегі жазбалардан абай болуға шақырып, «Aq jol» газетінің алты айға және бір жылға жазылу бағасын еске салды.
Осы жолдардың авторы облыстық басылым тоқсаныншы жылдардағы шалғай өңірдегі шешімін күткен мәселелерді, Жаңатас қаласының тұрғындары көрген қиыншылықтарды, кеншілер дүмпуін, Сарысу және Талас аудандарын газдандыру мәселесін жан-жақты көтеріп, жазғанын еске сала келе, қазірде аудан туралы жүйелі түрде мақалалар жарияланатынын атап өтті. Сонымен қатар ұлы қобызшы Ықылас бастаған, Майкөттен Маралтай ақындарға дейінгі таланттар туралы да жиі жазылып жатқанына назар аударды. «Қазір аудан даму жолына түсіп, Жаңатас құлпырып жатса оған газетіміздің де үлесі бар. Сондықтан да басылымға біркісідей жазылыңыздар» деп жерлестеріне бұйымтайын жеткізді.

Асанбай Сейналиев, №11 Сарысу колледжінің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты:
– Мен өзім газеттің тұрақты оқырманымын. Облыс жаңалықтарын, Тараз қаласының өркендеп, гүлденіп жатқанын сіздердің газеттеріңізден оқимын. Облыс орталығынан ғана емес, әр аудандағы жағымды жаңалықтарды, шешімін күткен мәселелерді де дер кезінде хабардар етіп отырасыздар. Қалай болғанда да жүз жылға жуық тарихы бар басылым Пернебай ағамыз айтқандай мазмұнды газет. Тіпті сіздерге айтар ұсыныс та, өтініш те жоқ. Оқырман іздегенін табатын басылым журналистеріне не айтамыз, тек қана міндетті түрде жазыламыз.

Света Қожамжарова, аудандық кітапханалар жүйесінің директоры:
– Сіздердің газетті елді мекендердегі 26 кітапханамызға жаздырып аламыз. Ауылдағы кезінде түрлі себептермен газетке жазыла алмай қалған ағайындар руханият ошағының табалдырығын аттасымен «Aq jol»-ды сұрайды. Орталық кітапханада болса да мерзімді басылымдардың ішінде шоқтығы биік осы газет. «Aq jol» – облыстың айнасы. Басылымның мазмұны мен безендірілуінде еш мін жоқ.

Жамалбек Өзбеков,
аудандық «Сарысу» газетінің бас редакторы:
– Газет сан-салалы тақырыпты қамтып жазатындықтан да өте мазмұнды. Журналистика жанрының барлығы қамтылады. Ауданнан шыққан әдебиет пен өнер тарландарын да жиі жариялайсыздар. Майкөт пен Мәді ақын туралы жазылған дүниелер қандай! Біздің оқырмандарға газетімізді жеткізетін 7 пошташымыз бар. «Aq jol»-ға жазылуды солар арқылы да насихаттап отырамыз. Ал енді ауданда жаңалық көп. «ЕуроХим» компаниясы мен «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің жұмысы туралы жүйелі түрде жазып тұрсаңыздар деген өтінішім бар.
Кездесуді Көсемәлі Сәттібайұлы қорытындылып, оқырмандар тарапынан көтерілген бірді-екілі өтініш алдағы уақытта ескерілетінін айтты.

Амангелді Әбіл

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support