Тараздың таңғажайып гүлтәждері

Тараз қаласы күз түссе де, әлі өңін бермей тұр. Айнала-төңірек толы – алуан гүл, гүлтәжге малынып жайқалуда. Гүлді алаңдарда үлкен де, кіші де бірін-бірі ынты-шынтысымен беріле суретке түсіреді. Бәрі де басқа дүниені ұмытып, гүл әлемімен сіңісіп кеткен сыңайда.Әсіресе, кішкентай ғана әсем құстардың (оларды тордан ғана көруші едік) гүлді алаңдар маңындағы шоғыр талдардың бұтақтарына топтана қонып алып, шықылықтап гуілдесетінін айтсаңызшы! Шаттық гимніне де ұқсайды. Оларды бұл маңайдан бұрын- соңды көрген емеспін. Биыл қарасы едәуір көбейе түсіпті. Енді ше… айнала-төңіректен алуан түрлі гүл исі аңқиды. Ана жерде де, мына жерде де атқақтаған субұрқақ, көк майса. Мұндай майсалы мүйіске жанды атаулы неге мойнын бұрмасын!
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен облыс орталығының гүлге оранып, оюлы өрнектастармен безендірілуінен бе, гүлзарларды адамның да, құстың да жиі төңіректеп кеткені. Әйтеуір осы іс адамның да, құстың да қоршаған ортаға, сұлулыққа құрметі, туған қаламызға деген сүйіспеншілігі оянуына қозғау салған секілді.
Байқайсыздар ма, бұрынғыдай қирап, қисайып, сынып жатқан орындық жоқ. Қоқыс та бейберекет тасталынбайды. Тараздықтардың ой-санасында біраз өзгеріс бар.
«Үшбұлаққа» келу де саябырсыр емес. «Jastar aleıasyn» жағалағандар да жеткілікті-ақ! Асқар Исабекұлының игілікті ісі қоғамдық һәм жеке тұлғалық сананы осылай да түбегейлі өзгертуге болатындығын дәлелдеп тұр емес пе?! Тараздың тотыдайын таранып, түлей түскені тұрғындарының рухани жаңғыруына септесуде!
Рухани жаңғыруды неден, қалай бастауға болатынын, қоғам өмірінде өзгеріс, күрделі қопарылыс туындатудың бір көрнекі мысалы – болашағы зор ауқымды бастамаңыз да осы, біздіңше. Не десе де, жеке тұлғалық һәм қоғамдық сананы жаңғырту, өзгерту, жаңаша көзқарас қалыптастыру бойынша еліміз өңірлерінде жаппай жүзеге асыруға сұранып-ақ тұр!
Басына гүлтәж салған қаланың қызылды-жасылды жамалы көз қарықтырады-ай!

 

Баймаханбет АХМЕТ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/